Сұрақ: Ата-анам менің бақытсыз болуымды тілейтін сияқты, себебі олар менің қалауымды орындай бермейді. Сол үшін оларға дауыс көтеруім дұрыс па?
Жауап: Жалпы адам баласы өзінің қалауы орындалмаған уақытта ашулануы табиғи жағдай. Алайда, ата-анаңа ашуланып, дауыс көтеруің дұрыс емес, ислам мұны құптамайды. Баланың ата-анасына жиі ренжуі және әке-шеше мен баланың арасындағы ұрыс пен тартыс жасөспірімдік шаққа тән құбылыс. Уақыт өте бұл түсініспеушіліктің басылары анық. Ислам ата-ананың баласына мейіріммен қарауға шақырғаны сияқты балаға да ата-анасымен жақсы мәміледе болуды әмір етеді. Тіпті ол екеуіне «түһ» деп қабақ түйіп сөйлеуден сақ болуды бұйырады: «Раббың, өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе: «Түһ» деме (кейіс білдірме). Сондай-ақ ол екеуіне зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле» (Исра: 23) Егер ата-ана сенің қандай да бір қалауыңды орындамай жатса, демек олардың бір білгені бар. Олардың саған қарағанда өмірден көргендері мен түйгендері мол. Ешбір ата-ана баласына жамандық қаламайды. Керісінше сенің құрбыларың мен құрдастарыңның арасында озат болуыңды тілейді. Олармен ренжісіп қалған болсаң да телефон соғып, дауыс көтермей жағдайларын сұрап қойсаң сауапты іс болмақ.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ