Ақырзаман жақындағанда некесіз туған балалар көбейеді

Дүние есігін ашып, жарық дүниеге келген ойлы адамды “Бұл дүниенің соңы бола ма, адам дүниеге не үшін келеді, осы өмірде істеген әрекеттеріміз үшін есеп бола ма, адам дүниеден өткен соң қандай жағдайда болады?”– деген сияқты сұрақтардың толғандырары сөзсіз. Кейбіреулер дүниеден өткенше бұл сұрақтарға жауап таппай кетуі мүмкін. Ал, көзі ашық, көкірегі ояу, білімді адамдар бұл сауалдардың жауабын қайдан іздеу керек екенін жақсы біледі. Алла тағала қасиетті Құран Кәрімнің бірнеше жерінде бізге бұл дүниенің ақыры бар екенін, ақырзаман болатынын және бұл дүниеге сынақ үшін, емтихан тапсырғалы келгеніміз, сол емтиханның бағасын алатынымыз, ол қиямет күні болатыны жайлы айтқан.
Сол қиямет күнінің, яғни ақырзаманның қандай жағдайда келетіні, оның негізгі белгілері қандай екені жайлы да Құран сүрелерінде айтылған. Қияметтің болуы Алла тағаланың құдіретінің жанында еш нәрсе емес. Жершары айналып тұрған өз тұғырынан бір миллиметр не сантиметрге шығып кетсе, фәнидің ақыры. Міне, сол болмақ. Әлемде, күн, жұлдыз, барлығы да бір-бірімен байланысты. Егер орындарынан сәл ауытқыды дегенше, жер қуатын жоғалтады. Алла тағаланың уақыт сағаты бар. Ол – жұлдыздарды соғыстырмастан, күнді бір сәт сөндірместен, бір миллиметрге де шығармастан ұстап, сақтап тұрады. Кезінде кәпірлер, мүшіріктер Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) көп сұрақтар берген. Олар: “Қиямет қашан болады, қай күні, қай ай, қай жыл, бізге айтып бер?”– дейді. Сонда Алла тағала: “Ей Мұхаммед! Қай жылда болатынын ешбір ғалым айтып бере алмаған. Сондай-ақ, міне, осы күні болады деп қойылса, ол емтихан болмай қалады”,– деген. Дүние – емтихан. Егер кімде-кім ертең не бір айдан кейін, не бір жылдан кейін дүниеден өтетінін білсе, онда өмірден түңіліп, пайдалы іспен шұғылданбас еді. Сол себепті, мұны Алла ешкімге мәлім етпейді. Бірақ, құдіретті мұсылман қауым, қияметтің, ақырзаманның белгілерін пайғам-барлар Алланың аяттары арқылы біліп, айтып кеткен. Осыдан бір мың төрт жүз жыл бұрын Мұхаммед (с.ғ.с.) Мұстафа сол қиямет, ақырзаман жақындап қалғанда нендей ғаламат белгілер болатынын айтқан. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айт-қан қиямет жайлы, оның ғаламаттары жайлы тоқталмақпыз. Өздеріңіз, “жүз жыл жасаймын... зейнеткерлікке шыққан соң намаз оқимын” деген сөздеріңіз жайлы бір ойланып көріңізші. Алланың Расулы (с.ғ.с.) осыдан 1400 жыл бұрын: “Иза иһтарабаззаману касура лубсус таялусати” деген. Яғни, ақырзаман жақындағанда адамдар қымбат киімге әуестенеді. “Уа ка сурату тижарати”. Барлығының пікірі саудагершілік, оңай жолмен пайда тапсам, мұны солай етсем, ананы бұлай істесем, деп дүниеге көңіл бөлу. “Уа касурал мал”– адамдарда пұл көбейеді, мал көбейеді. Бір ғана мысал, қазіргі заманның дәулеттілері мінген автокөліктерін қараңызшы, бірінен бірі өтеді. Яғни, адамдар байып жатыр, ақшалары да көбеюде. “Уа уззумаррабулмали”. Мал иелері, пұлы көп адамдар өте жоғары құрметке ие болады. Яғни, ақшасы көп адамдар үлкен абыройға, атаққа, құрметке ие болады деген сөз. Ал, шындығында, ол адам қандай, адал ма, арам ба, қатігез бе, қу ма – оған ешкім мән бермейді. “Уа касурат фахишату”. Фатиш өте көп болады. Зина, зинақорлық көбейеді. Сол зинадан адамдарға бір апатқа ұқсаған ауру келеді. Ол аурудың емі болмайды. “Әллати лямтакун филәслә фи хим”– өткен ата-бабалары бұл ауруды жеті ұйықтаса да түсінде көрмеген. Бұл – “СПИД” дерті. Бұл аурудың емі жоқ. Бұрын шет мемлекеттерде болады деп есептеуші едік, қазір оның біздің елде де белең алып келе жатқаны мәлім. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сөзіне қараңызшы, “Сондай-ақ, зина көбейеді, бұлар апатқа ұқсаған емі жоқ ауруға шалдығады. Ата-бабасы көрмеген, тарихта болмаған, жаңа ауру”,– деген. Туыстар, зина, фиқыш неден болады? Ашық-шашық жүргеннен, ақылға салмағаннан, әдепсіздіктің күшеюінен, еркектерде намыстың жоқтығынан болады. Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқан екен: “Намыс, ұят – иманы барда болады. Қызғануды да жүрегінде иманы барға береді”. “Уа канатимрату сивяан”. Жасөспірімдер рахпар болады. Яғни, әлі дүниенің ащы-тұщысын татпаған, бірақ лауазымды үлкен ұрпақ атасы теңдес, әжесі теңдес қарияларға ақыл үйретіп, мұны былай істеу қажет, оны солай істеу керек деп бұйрық береді. Міне, сондай балалар қожайындық жасап, ата-аналарына насихат жасайды. Бір кездері ойрансалушылар болған, коммунистер мешіттерге кіріп, адамдарға, ата-әжелерге: “Намаз оқымаңдар, Құдай жоқ, жайнамазды жинаңдар”,– деп өздерінше уағыз айтқанын баршамыз білеміз. Біз тазалау-шымыз деп, жетпіске, сексенге келген қарттарға “Құдай жоқ” деп насихат жасап, арандатқан. “Жолдан адасып жатырсыңдар, бұлай болмау керек”,– деп қызыл насихат жүргізген де заман болған. Қазір, Аллаға тәуба, ол заман келмеске кетті, еліміз егемендігін алып, халқымыз төл дінімізбен қайта қауышты. Бірақ, қазір біраз жастар: “Мен, білімдімін, мен, ақылдымын”,– деп астамсып, көпті көрген қарттарды көзіне де ілмейтінді шығарды. Кейбірі қарттарды надан, білімі жоқ, қараңғы деп есептейді. “Уа касураннасу”. Ақырзаман жақындаған сайын адамдардың саны көбейіп, өмірі ұзарады екен. Сексен, тоқсан, жүз жастан артық жасайтындар көбейеді. Кейбіреулер: “Атамның жасынан жиырма жыл астым, әкемнің жасынан отыз жыл астым”,– деп жүреді. Бұл да ақырзаманның белгілері. “Уатуффифа фил микали уалмизани”. Саудагерлер таразыдан және матаны өлшеп беруден әділетсіздік жасап, пайда табады. Және олар бұл қылықтары үшін өздерін еш кінәлі сезінбейді. Өздері: “Ұлым сондай”, “Қызым мұндай”, “Заман мұндай”, дейді. Сөйте тұра, таразыдан жеп, метрден қысқартып қалады. Және осылайша харам жолмен тапқан пайдасынан отбасына тағам алып, оны балалары да жейді. Ал мұндай ата-ананың баласы қайдан адал болсын?! Яғни, жаман болғанның үстіне жаман бола түседі. Қазір көріп отырмыз, саудада әділетсіздік жасап байып отарғандар өте көп. Олардың қаншама өмірлері алдау-арбаумен өтіп жатыр. Ал олардың ұрпақтары қандай тәрбие көруде? Ондай саудагерлер бұл дүниеде болмаса, о дүниеде осы істеген күнәлары үшін жауап береді. “Уаюрабби” – қиямет белгілерінің тағы бірі – “юрабби ражалужаруар калбин хайрун лаһумин ан ю рабби уаладан”. Ол кезде иттің басын құрмет тұтып, биік қоятын, оны ерекше сүйіп, баптайтын адамдар пайда болады. Мұндай адамдар өз балаларына иттің күшігіне қарағандай қарап, көңіл бөлмейді. Ақырзаман жақындағанда мұндай адамдар көбейеді екен. Олардың кейбіреулері өз туған баласы не киіп, не ішіп жатқанмен шаруасы болмай, итіне ерекше көңіл бөліп, хайуанға уақытымен тамақ беріп, мәпелейді. “Уала юақару кабирун уала юрһаму сағирун”. Үлкендер кішілерге ізет, кішілер үлкендерге құрмет көрсетпейді. Бұрын төрт қария тұрса, алдынан бір жас жігіт кесіп өте алмаған. Әдепсіздік болады деп ұялған, қызарған. Солардың артынан, жанынан сәлем беріп зорға өткен. Ал қазіргі күні сәлем бермек түгілі, қағып-соғып, қалай болса солай тасырлатып өте шығатындар көбейген. Үлкенге құрмет көрсетіп, орын беруге де қазіргі жастар көңіл бөлмейді. Ал, үлкендердің кейбірі балаларға қамқорлық, мейірім көрсетуді өз міндеті деп санамайды. “Уаяксуру уаладуззина”. Зинадан болған балалар көбейеді. Яғни, ақырзаманда некесіз туған балалар көбейеді. Бала өз әкесін, әкесі баласын танымайды. Мұндай ата-ананың тәрбиесін көрмеген балалардан небір бұзақылар, тәрбиесіздер шығуы мүмкін. Яғни, зина арқылы баланың қаны бұзылады. Өзінің әкесіз өскені үшін, өзгелердің сөздерін естіп, өмірге суық қарап, қатыгез болуы да кездеседі. Ондай балалар туған-туысқа құрмет көрсетуден, бауырмалдықтан жұрдай болады. Ақыл-насихат айта бастасаңыз, тыңдамай, өзіңе қарсы шығып, балағаттаудан да тайынбайды. “Хатта аннаррожула лаяғшал марата ала қориатиттариһ”. Адамдардың бұзылып кетуі соншалық – көше бойында сүйісіп, құшақтасып, зина жасауға дейін барады. Сонымен қатар, бөтен әйел мен бөтен еркек бір-бірімен жақындасудан еш ұялмайды. “Фаяқулу амсалуһум физа-лика замани, ләлиһтазалтум анниттариқи”. Сол ақырзаманның ең ақылдысы, ойлысы, ұлығы не дер екен? Жоғарыда айтылған әдепсіздіктерді көргенде неге тыйым салмайды? “Жолдан кетіңдер!” немесе “Арырақ шығыңдар” дей ме? Бұрын Ислам діні таралмай тұрғанда мұндай жағдайда ондай әдепсіздерді таспен атып, құлаған үйдің немесе дуалдың астына бастырып тастаған. Ал ақырзаман болғанда ондай ұятсыздықты көргенде, ақылды ұлықтардың өзі: “Әй, шетке шығыңдар”,– деуден аспайды. Яғни, адамның бұзылуы, айнуы осындай дәрежеге жетеді екен. “Ялбисунал жунуда рағни ала қулубуз зияби”. Қиямет жақындағанда адамдардың жүректері ырылдасқан қасқыр сияқты болады. Ал, бастарына қозы терісінен тігілген қалпақ, жаға-жеңдеріне де осы қозы терісін тігіп алады екен. “Ан салукум фи залика замани муда һину”. Осы заманда жұмысы жүру үшін адамдар жағымпаз болып, өзінен жоғары бастықтары не айтса, соны орындап зыр жүгіреді. Яғни, “Сіздің сөзіңіз рас, сіздің ісіңіз дұрыс!”– деп қате болса да құптай береді. Тіпті, “Құраныңды жыртам, мешітіңді бұзамын”– десе де, “Әйеліңді алып шық, ойна”– десе де өз пайдасы үшін келісе береді және мұндай жағымпаздардың жұмысы да жақсы жүреді екен. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): “Ақырзаман адамдарының пейілі, ниеті қандай болады?”– дегенге “Һимматуһум бутунһум”– олардың әуресі, ең үлкен әуресі қарындары болады, әуелі қарын қамын ойлайды. Оларды қыздан – ұят, ұлдан – ынсап кету, зұлымдық жасау мәселелері толғандырмайды. Тек: “Қайда болса да жеп қалсам, қарным тоқ болса” дегенді ғана ойлайды. Мысалы, қазір бұрынғы кезеңің аңсап, “Сталиннің кезеңінде ет арзан еді, молшылық, тоқшылық болып еді, барлығы арзан еді, ол біздің қамқоршы атамыз еді”,– дейтіндер бар. Ал, сол адамдар Сталиннің елімізді қалай қинап, небір зиялы тұлғаларымызды халық жауы етіп, жазықсыз өлтірткені, мешіттерімізді қиратып, елді мәңгүрт етіп жібере жаздағаны жайлы ойламайды. Қайта, сол ақиқаттың ашылып, сол зұлматтан құтылғанымызға қуануымыз керек. Аштан ешкім өлмейді. Алла бар, бір рыздық табылады. Ең бастысы – қарын қамын ойламай, ұлттық намысымызды, рухани құндылықтарымызды сақтап, мықты ұстауымыз керек. Ал өмірде тек ішу-жеуді ғана ойласақ, оның несі өмір?! “Уа шара фуһум мата ъуһум”. Ақырзаман адамдары малдарымен мақтанады. Мысалы, “Міне, менде мұнша пұл бар, мұнша көлік, мұнша мал-дүние бар”,– деп мақтану, асып-тасу – ақырзаманның бір белгісі болып табылады. Сондай-ақ, олар: “Өз жағдайың қалай? Отбасың, бала-шағаң қалай? Балаң қандай адам болды?”– деп сұрамайды. Тағы бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): “Ақырзаман адамдарының сәжде ететін құбыласы әйелдер болады”,– деген. “Қиблатуһум ниса (у) һум”. Бұлардың сәждесі әйелі болады. Құбылаға емес, қай жақта әйелі тұрса, сол жаққа сәжде етеді. Сәжде оларға емес, әйелге жасалған соң, ақырзаманның келуін күте беріңіз. “Дарайһумуһум уа дана-риһум”. Ақырзаман адамдарының діні алтын, күміс, теңге, ақша болады. Яғни, олар пұлға, байлыққа құлшылық ететін болады. Мысалы, бір жерде ақша бар десе, ақырзаман адамы сол жерге күніне тоқсан тоғыз рет барып келуге дайын. Бірақ, олардың жұмасына бір рет мешітке барып ғибадат етуге уақыты болмайды. “Инаһум шаррул халқи”. Бұл – Алла тағаланың ең төменгі сапада жаратқан халқы. “Ләхолахолләһум ъиндаллаһ” – Алланың алдында оларға ешқандай сауап жоқ. Құрметті туыстар, міне, қазір өзіміз өмір сүріп жатқан заманда ақырзаман болмауы үшін, біз мақұлықтардың қатарына қосылмауымыз үшін қазіргі кезде дін керек, иман керек. Алла тағаланы тануымыз қажет. Көзімізді ашайық, заман осындай, жоғарыда айтылған белгілер өмірде көптеп кездеседі. Сол белгілерді жоғалтуға күш салайық. Ең төменгі дәрежедегі мақұлыққа тең болып қалмайық. Адамның діні – пұл, сәждесі – әйел, шарапаты – мал, дүние, құлқыны – қарын болатын заман келмесін. Оны алыстату үшін, нәпсімізді тежейік! Дүниедегі ең қымбат жаратылыс – адам. Ол дүниеге қарынның қамын ойлау үшін емес, ұлылық таратуға келді. Ақылды, жүрегі бар адамға ілім, жүрекке иман керек. Жемге алданбаңыз, ол жемге алданып сойылатын хайуанның ісі. Жемге алданып, суда жүрген балық қармаққа түседі, аспанда ұшып жүрген лашын дәнге ілінеді. Ал адам адамдығын сақтап, намысын қолдан бермеуі керек. Ең бірінші орында намыс тұрсын, сіз үшін намыс – дін, сеніміңіз, иманыңыз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқандай, ең соңғы дәрежедегі мақұлық болып қалмаңыз. Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): “Ләтақумуссоьту хатта я таба һияннасу билмасжиди”,– дейді. Ақырзаманда адамдар құлшылық ғибадатқа көңіл бөлмей, “Біздің мешітті қара, әдемілігін, үлкендігін қара!”– дейді екен. Мешіттің ішіне жиналған намазхан, иманды ойламай, мешіт салсақ, болды дейтіндер болады. Мешітті құр салдырып, қаңыратып қоюдан не пайда? Мешіт болған соң, онда құлшылық жасалуы керек, ілім-білім үйретілуі қажет. Бұл айтылғандарымыздың барлығы қазіргі өмірімізде кездесіп жатады. Бұл – өмірді көріп барып жазған жазушы немесе тарихшының пікірі емес. Мұнан 1400 жыл бұрын Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) айтқан сөзі. Яғни, Ол (с.ғ.с.) сол кезде түбінде адамдардың осы деңгейге дейін төмендейтінін Алланың аян беруімен жеткізген. Атап айтсақ, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) 1400 жыл бұрын зина көбейетіні, одан жаман ауру пайда болатыны келіп жатыр. Бұл аурудың емі болмағандықтан, қанша адамдар дүниеден өтті. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы бұл дертті жұқтырып, тіркелгендердің саны айтылады, ал жасырып, бірақ өзгеге таратып жүргендері қаншама?! Ата-бабаларымыз бұл ауруды көрмек түгілі атын да естімеген. СПИД-тен басқа да зина жасау арқылы таралатын қаншама аурулар бар. Ислам дінін ұстанатын Орта Азия елдерінде бұл аурулар болмаған. Дерт алдымен некеге көңіл бөлмейтін, азғындаған Батыс елдерінен жеткен. Кейбір адамдар бар, пайдалы үгіт-насихат айтсаң, құлағына ілмейді, дін жолында жүрген, ұзын көйлек киген әйелді сыртынан күліп келемеждейді. Өзі сәжде етіп, Аллаға басын июге намыстанады. Тіпті, қазір өз қандастарымыздың арасында, өзінің дінін менсінбей, өзге діннің жетегінде кетіп, адасып жүргендерде бар. Бұған бүгінде теледидардан көрсетіліп, жастарға теріс тәрбие беретін батыстық кинолар әсер етуде. Өкінішке орай, теледидардан өз дінімізді насихаттайтын, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ұлағатты өмірінен тәрбие беретін фильмдер көрсетілмейді. Себебі, сол фильмді тәржімалайтындар үшін батыстың атыс-шабыс киноларын аударып, халыққа көрсеткеннен көп пайда түсетін көрінеді. Яғни, оларға тағлым-тәрбиеден көрі пұл қымбат болғаны ғой. Ал, сол ақша үшін өз дініне немқұрайлы қараған өз қаракөздеріміз дүниеден өтсе, барып, қатымын шығарып, жаназасын оқимыз, Алладан оның жанын жәннатта етсін деп тілейміз. Олардың ішінде біздің мұсылмандарымызға залал келтіріп, дін жолында жүргендерге тіл тигізіп немесе басқа сектаға өтіп, көше аралап кітап таратқандар да ұшырасады. Десек те Алла олардың күнәсін кешірсін дейміз. Міне, бұл айтылғандарды жай бір сөз деп емес, мағынасына тереңірек үңілейік. Өмірде кездесетін ақырзаманның белгілерін көбейтуге емес, оларды жоюға күш салайық. Ең бастысы – біздің болашағымыз, ертеңіміз саналатын ұрпағымызды осындай қылықтардан аулақ етіп, дұрыс жолға тәрбиелейік. Ұрпағымыз иманды, инабатты, ұлағатты, тәрбиелі болуы үшін, дін жолына үйретуіміз керек. Сонда олар теріс қылықтардан бойын аулақ салып, үлкенге құрмет, кішіге мейірім көрсетіп, әдепсіздіктерге, арамдыққа бармай, дүние-пұлдан намысын жоғары ұстайтын, адал да, таза азамат болып қалыптасады. Сонымен қатар, өзіміз де сол ұрпағымызға үлгі, теріс әдеттен аулақ болып, отбасымызды тек адал жолмен тапқан пұлымызбен асырауымыз керек. “Тәрбие – тал бесіктен”, “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің”,– деп халқымыз да текке айтпаған ғой. Сол себепті, бұл дүниеге бос келіп, бос кетпей, ұлағатты ісімізді қалдырып, Алланың ризалығына бөленейік. Алла тағала баршаңызға жар болып, өнегелі өмір, тәрбиелі ұрпақ нәсіп етсін!

Тыныштық қажы ЯХИЯҰЛЫ,
ҚМДБ-ның Семей өңірі бойынша өкіл имамы.
dinislam.kz
(Тақырыбы өзгертілген)

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста