Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Дүние - ішінде жүріп ақырет азығын дайындаған, Алла Тағаланы разы еткен кісі үшін қандай әдемі мекен (десеңші). Ал ақыреттен ұзақтатып, Алла Тағаланың разылығынан мақұрым қалдырған кісі үшін неткен жаман мекен (десеңші)». (Хаким, «әл-Мүстәдрак»)
Әнас (р.а.) Пайғамбарымыздың былай дегенін риуаят етеді: «Қиямет күні адам баласы қозы сияқты Алла Тағаланың дәргейіне шығарылады. Алла Тағала: «Саған (өмір мен ден саулық) бердім, мүлік пен қызметші бердім және (пайғамбарлар жіберіп, кітап түсіріп) саған жақсылық жасадым. Сен не істедің?» - дейді. Құлы былай жауап береді: «Уа, Раббым! Оларды (сыйлаған мүлігіңді) жинадым, көбейттім және алғаш бергеніңнен де көп қылып (дүниеде) қалдырдым. Олардың барлығын (садақа қылып таратып) Саған алып келу үшін мені (дүниеге) қайта жіберсең».
Алла Тағала (қайтадан): «(Ақырет үшін жақсылық атына) дайындағандарыңды маған көрсет!» - дейді. Адам баласы: «Уа, Раббым! Оларды (сыйлаған мүлігіңді) жинадым, көбейттім және алғаш бергеніңнен де көп қылып (дүниеде) қалдырдым. Олардың барлығын (садақа қылып таратып) Саған алып келу үшін мені (дүниеге) қайта жіберсең» - дейді.
Ол құлдың жақсылық атына ештеңе дайындамағандығы белгілі болып, тозаққа жіберіледі».