Алты ай бұрын вакцина алған Мұхаммеджан Тазабек бұл жолы ауруды жеңіл өткеріп жатқанын атап өтті.
Қоғам қайраткері, айтыскер ақын, «Talim TV» телеарнасының бас директоры Мұхаммеджан Тазабек коронавирус жұқтырды, деп хабарлайды Stan.kz.
«Екі-үш күннен бері екінші рет айналып соққан дерттің әуресімен ем алып жатырмыз. Жүлдегерлерді қарсы алып аэропортта жүрдік, жұмысқа бардық, дәмханада болдық, қайдан деріңіз бар ма, Жаратқанның жазуымен жұрт жүрген жерде жұғысып қалсақ керек», – деп жазды Тазабек Instagram-дағы парақшасында.
Алты ай бұрын вакцина алған Мұхаммеджан Тазабек бұл жолы ауруды жеңіл өткеріп жатқанын атап өтті.
Оның пайымынша, әлемді дүрбелеңге салған вирустың сыры біз ойлағаннан тереңде жатыр.
«Әр нәрсе - Құдайдан» дейміз ғой. Бірақ соның парқына терең бойлай бермейтін секілдіміз. Ақылға саламыз деп, асыра сілтейміз. Аллаға тәуекел етеміз, деп тәртіпті ұмытып жатамыз.
Құндылықтарды құрдымға итеріп, адамшылықтан аттап, азғындықты ашық насихаттап, зұлымдық пен қиянаттың небір түрін жасап жатқан адамзатқа Алланың соңғы бір ескертулері кеп жатқандай, әрі-беріден соң жақсыларды жалмап, тұлғалардан жалаңаштап жатқан сынақ-сабақ-азап екеніне көзім толық жете бастағандай.
Талай тұмау көрдік, талай суық тиді. Бірақ, бір заңдылықтардың шеңберінде жүзеге асып жататын. Мықтылар сау қап, әлсіздер ә дегеннен мұрттай ұшатын.
Бұл вирустың үлкен бір сипаты - адам таңдамайтынында. Сүлдерін сүйретіп жүргендерді айналып өтіп, аттай азаматтарды алып ұрып жатыр. Созылмалы дерті барды да, тепсе темір үзетін тегеуріндіні де аяп жатқан жоқ.
Осы ауру басталғалы төңірегімдегі екі адамға қатты алаңдадым. Алдымен кетіп қалардай уайымдадым. Екеуі де жас емес, денсаулықтары мүлдем жоқ, ел аман, жұрт тынышта не боп қалар екен деп, елеңдетіп, есімізді шығарып жүрген жақындарымыз.
Тағдыр ғой, былтырдан бері үй ішіндегілерінің бәрі ауырды. Аллаға шүкір, бір бөлмеде ас ішіп, бір төсекте жатқан әлгі дімкас туысқандарыма дым болған жоқ. Алла оларды ақырына дейін берекесіне бөлесін!
Одан бері ойламаған жерден үш ұйықтасақ түсімізге кірмейтін небір денсаулығы жыландай жігіттер жүріп кетіп жатыр.
Құдайдың құдіреті деген осы!
Бұл сақтанбау керек деген сөз емес. Аман жүрудің бір сыры - сақтықта!» - деп жазба қалдырды қоғам белсендісі.