Айттаудың сауабы мол
Үш күннен кейін жер бетіндегі барша мұсылман қауымы Ораза айтты тойламақ. Бір ай бойы ауызын бекітіп, тақуалық танытқан мұсылман ағайындар үшін Айт күнінде ғұсыл құйынып, жұпар иіс себініп, жамағатпен айт намазына қатысудың сауабы мол. Туған-туыс, көрші-қолаң, дос-жаранды мерекемен құттықтап, дастархан жайып, ұлық мейрамның сәні мен салтанатын арттыру – Ораза айттың өзіне тән жарасымды һәм сауапты амалдарынан. Осы мерекеде өзара ренжіскен кісілерді татуласып, өзгенің қате-кемшілігін кешіре білуі шарт. Сайып келгенде ол да – мұсылманға тән сипат болып табылады.
Өйткені, Алла тағала қасиетті Құранда мұсылмандарды кешірімшіл болуға бұйырған. Айт күні дастархан жайып, қонақ күткендермен қатар, үй үйді аралап айттаған адамдар да кенеледі. Себебі, ол күні жамағат болып айттағандар арасында ұлағаттарды сөздер айтылып, имани әрекеттердің көптеп орын алатыны белгілі. Ал ондай жағдайларды көзбен көріп, құлақпен есту де адам баласы басына қонған бақ десе де болатындай.
Күндегі оразасын құрмамен ашуды сүннет еткен Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айт намазына барарда алдымен құрмадан дәм татып барып үйінен шыққанды ұнатқан.
Ораза айтта отбасымызға көңіл бөліп, балаларға сыйлық жасап, айттық әперудің де маңызы зор. Баланың бойына ізгіліктің дәнін себетін мерекені олар да асыға күтіп, тәлімі мен тәрбиеге толы қасиетті айдың мәні мен маңызын сезінетін болады.
30 күн оразада халқымыз ыждаһаттылықпен ауыз бекітті. Мешіттерімізде ауызашарлар мен қайырымдылық шаралар ұйымдастырылғаны белгілі. Тұрмысы төмен отбасыларына көмек көрсетіліп, қамкөңіл қарттар мен жетім-жесірлерге көңіл бөлінгенін айтпаса болмас. Көптеген азаматтар жақсылыққа үлес қосып, сауабы мол амалдарға атсалысты.
«Айт» сөзі «қарымта» деген мағынаны білдіреді. Өйткені, Жаратушы Иеміз әрбір ізгі амал мен игілікті істің иесіне қарымтасын қайтарады. Пайғамбардың (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде жұмысшы ай соңында жалақы алатыны секілді, ораза ұстаушы да Алланың нығметіне, сый-сияпатына бөленетіні айтылған.
Ораза айт күні жасалған сауаптың салмағы Рамазан айында істелетін сауаптарға тең. Осыны ескерген Алматының Орталық мешітінде сондай сауапты іс жасауды дәстүрге айналдырған. Оған дәлел, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен «Зекет» қоры бірлесіп, өткен жылы қаланың әр ауданынан әлеуметтік жағдайы төмен және көп балалы 50 отбасыға көмек қолын созып, жаңа оқу жылы алдында 350 балаға мектепке қажетті оқу құралдарын тегін үлестірген.
Айта кетейік, игі шараға жұмсалған 2 миллион теңге қаражат қасиетті ораза айында жамағаттан жиналған пітір-садақа мен зекеттің ақшасы. Ол сауапты іске Рамазан айында пітір-садақа берген әр мұсылманның үлесі бар деп те айтуға толық негіз бар.
Нұрбек ЕСМАҒАНБЕТ, Алматы қалалық Орталық мешітінің бас имамы:
–Бұл мешітке Алланың үйіне келгенде рухани күш, имамдардың батасын алып, болашаққа деген өздерінің жарқын жүзді болуын тілектесіп, сыйлығымызды берудеміз. Бұл енді биыл ғана басталған дүние емес. Осы іс-шараға біз барлық халқымызды жұмылуға шақырамыз. Тек мешітте емес әрбір өз жүрегінде иманы бар адам, кейінгі ұрпаққа деген өзінің әрбір азамат өзінің көрген мүмкіндігі болмай жатқан отбасыға қолын созса үлкен игі іс шара болып табылады.