Бүгін исі мұсылман қауымның жүзін Хаққа, жүрегін ізгілікке бағыттайтын ұлық күні – Айт мерекесі, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Kazislam.kz-ке сілтеме жасап.
Қазақ халқы бағзы заманнан үйі аралас, қойы қоралас болып, қазаны оттан түспеген. Ақжарма пейілі мен даладай дархан кең пейілділігінің ізі күні бүгінге жетіп жатыр. Бұлай деуге себеп, айт күнгі қуаныш Құдай алдындағы құлшылығын өтеп, жаны жадыраған жұрттың жүздесуі дер едік.
Сондықтан да қандай да бір өкпе-реніші болса кешіріп, қол алысып, бауырмалдылығын арттыра түседі.
«Айт» сөзі араб тілінен аударғанда «мереке», «мейрам» дегенді білдіреді.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):
– Рамазанның соңғы күні Алла Тағала ораза ұстағандарды кешіреді, – деді.
Сахабалары:
– Иә, РасулАлла! Ол күні Қадір түні ме? – деп сұрады.
Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):
– Білмеуші ме едіңдер, жұмыс істеген адамға жұмысты бітіргенінде еңбекақысы беріледі,-деді.
Сондықтан да, айт – оразаның қайтарымы ретінде берілетін қуаныш пен шаттыққа толы мереке. Айт күні бір ай бойы ораза ұстаған адам марапат-құрметке ие болады. Оның ақыреттегі сыйын Алла білуші, бірақ жер бетіндегілерге жұдырықтай жұмылуға, қаз-қатар сап түзеп намазға тұруға, намаздан кейін қауқылдасып, құшақтасып есендік сұрасуға бірден-бір мүмкіндік күні.
Ардақты сахаба Анастан (Алла одан разы болсын) жеткен хадисте «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинаға келгенде, олардың екi мерекесi болатын. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Бұл қандай күндер?», – деп сұрағанда: «Жаһилия дәуiрiнде ол күндердi ойын- күлкiмен өткiзетiн едiк», – дедi.
Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алла Тағала осы екi күндi олардан да жақсы Құрбан және Ораза айт күндерiмен алмастырды», – дедi.
Демек, айт мерекесінің қоғамдық пайдасы мен мәні тереңде деуге негіз бар. Бұл күнде отыз күн оразаны аяқтаған мұсылмандар ерекше мерекелік көңіл- күйде болады.
Рамазан айы аяқталған соң Ардақты Елші (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) алғаш рет айт намазы оқылуын жариялап, бұл мерекеде мұқтаж адамдардың жүзінде қуаныш болу үшін, оларға демеу, әрі жәрдемдесу болып табылатын пітір садақасын беруді бұйырған.
Ибн Аббастың (р.а.) баяндауы бойынша: «Алла Елшісі пітір садақасын ораза тұтқан кісіні бос және жаман нәрселерден тазарту және кедейлерді тойдыру үшін парыз (уәжіп) етті. Кімде-кім пітір садақасын айт намазынан бұрын берсе қабыл (үлгерген) болады. Ал кімде-кім кейін беретін болса, ол кәдімгі садақа болып саналады»,- деген.
Айт намазына дейінгі жасалатын амалдың өзі – қоғамдағы адамдар арасында теңдіктің болуын меңзеп тұр. Әйтпесе көңілі қаяу жан жоқшылықтан айт мерекесінің қуанышын да сезіне алмасы анық.
Мұса пайғамбар (а.с.) қолын жайып: «Уа, Раббым! Құлдарыңның арасындағы Сенің достарың кімдер? Маған білдірші! Сен үшін оларды жақсы көргім келеді»,-деп дұға еткенде: «Олар кедейлер, тіпті кедейлердің барлығы»,-деген жауап естиді.
Айт күні пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) адамдарға: «Ей, адамдар, бұл күні сәлем жайыңдар, тамақтандырыңдар, туыстық қатынасты күшейтіңдер және адамдар ұйқыда болған кезде намаз оқыңдар, еш алаңсыз жәннатқа кіресіңдер», – деген.
Аталмыш хадистен көп пайда алуға болады. Қоғам тұтас адамдардан тұрады және қарым-қатынас арқылы адамдардың арасы жақсара түсері сөзсіз.
Айт мерекесі – сол адами қарым-қатынастың керемет үлгісі көрінетін күн.
Айт күні жасалатын сүннет амалдардан бөлек мына 10 жақсылықтың жасалғаны дұрыс:
– Айт күні адамдармен емен-жарқын амандасып, айт мерекесімен құттықтау;
– Айт намазына балаларды да қатыстыру. Оларға мерекелік көңіл-күйді сезіндіру.
– Адамдарға сыйлық ұсыну. «Бір-бірлеріңе сыйлық беріңдер, өйткені сыйлық арадағы махаббатты арттырады», – деген.
Өзге түгіл, өзіне уақыт таппай жүргендер көп. Айт мерекесі – сәл де болса мұсылман бауырыңды елеп- ескеруге, оған қуаныш сыйлауға мүмкіндік беретін мереке. Әсіресе, ата-ананы қуанту құптарлық іс болып табылады.
– Өмірден өткен ағайын-туыстардың үйіне кіріп, құран оқып, дұға бағыштау. Бұл өткенге – салауат, тіріге – береке сұрау.
– Арасы суып, жүз шайысып қалғандарды татуластыру. Асан қайғы бабамыз кешірім жайында: «Ерегісіп, ұрыспа. Сенікі жөн болса, Атың шықпас дұрысқа. Атаңның құны болса да, Алдыңа келіп қалған соң, Қол қусырып барған соң, Аса кеш те қоя бер, Бұрынғыны қуыспа», – деп жырлаған.
Тектіліктің терең тамырындай болған бабаларымыздың әр сөзі насихат, ғибрат болмақ!
– Науқастанып қалған дос-жаранның көңілін сұрау.
– Жетім-жесірлер мен көмекке мұқтаж адамдарға азық-түлік апару, болмаса сыйлық беру. Әбу Һурайрадан келген хадисінде Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Жесір әйелдер мен міскіндерге жәрдем еткен адам Алла жолында жиһад жасаған адаммен бірдей», – деп, бұл амалды жасауға үндеген.
– Көрші-көлемді айт мерекесімен құттықтап, үйінен дәм ауыз тию. Себебі, адамдар көпқабатты үйлер мен кең аулалы зәулім үйлерде тұрғалы, бірінің есігін бірі қақпайтын хәлге жетті. Негізінде, «Көрші ақысы – Тәңір ақысы». Көршімен сыйласып, хал сұрасып тұру қажет.
– Отбасы мүшелеріне айт мерекесінің мәнін түсіндіру. «Садақаның абзалы – отбасына жұмсалғаны». Сол себепті де айт мерекесін балаларға сезіндіру үшін оларға сыйлық беру маңызды.
– Мерекеде барынша жайдарлы болып, тек сауапты амалдар жасау. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Аллаға құлшылық қылыңдар. Оған еш нәрсені ортақ қоспаңдар және әке-шешеге, жақындарға, жетімдерге, міскіндерге, жақын көршіге, бөгде көршіге, жан жолдасқа, жолда қалғандарға және қол астындағыларға жақсылық қылыңдар», -деп бұйырған (Нисә сүресі, 36-аят).
Адамзат баласы Алланың бұйрығын орындап, мойынұсынғанда ғана әрдайым жақсылық пен амандықта болады. Алланың айтулы күндерді бізге мереке етіп беруінің өзі – даналық. Адамнан адамның артықшылығы – оның ақылы мен адамгершілігінде және иманында. Адамгершілігі жоғары болса, жүрегі мейірімге толы болады. Сол арқылы айналасындағыларға жәрдем етуді, астамсымай, өзгені өзімен тең көруді, қарапайымдылықты әр ісімен көрсете біледі.
Ал кей пенделер жер бетінде алшаң басып, бес күн жалғанның қадірін қашырып, ішіп-жеуді, мансапты абырой көреді. Шындығында, өмірдің мәні – өзгелерге пайдалы болу. Бір қарынды тойдырғаннан бірнеше қамкөңілді қуанышқа толтыру әсерлі, адами қасиетті биіктете түсері сөзсіз.
Сондықтан да Ораза айт мерекесінің рухани тұрғыдан ғана емес, қоғамдағы орны мен маңызын сезініп, соған барынша үлес қосайық. Материалдық тұрғыдан біреудің қажетін өтеу, жақсылықты бөлісу – мұның барлығы көңілді көтеріп, адамның мерейін өсіреді, Алланың мейіріміне бөлейді.
«Отыз күн оразаның бір айты бар, әр қылған жақсылықтың бір қайтымы бар» демекші, жасаған жақсылығыңыз қоғамның, адамдардың пайдасына жараса, оның қайтарымы болады. Оның сыйын тек Алла береді. Айт мерекесі құтты болсын! Ел аман, жұрт тыныш болсын! Елімізде тоқшылық болсын!