АЙША АНАМЫЗДЫҢ (Р.А.) СОҢҒЫ СӘТІ...
Һижраның 58-ші жылы. Қасиетті Рамазан айы. Айша анамыз (р.а.) науқас еді. Жағдайын сұрап, көңілін біліп қайту үшін зияратқа Абдуллаһ бин Аббас келіп, ішке кіруге рұқсат сұрады. Айша анамыз да:
 
Оның мақтау сөзіне мұқтаждығым жоқ, &ndash деді. Ағасының ұлы Абдуллаһ бин Абдуррахман бин Әбу Бәкір Айша анамызға:
 
Анашым! Ибн Аббас отбасыңыздың салиқалы адамдарынан. Ол сізді зиярат етуге келді, &ndash деген соң Айша анамыз рұқсат берді.
 
Абдуллаһ бин Аббас мүминдердің анасы Айша анамыздың жанына кіріп келіп:
 
Сүйінші! &ndash деді.
 
Сөйле кәне!
 
Сенің Мұхаммед (с.а.у.) пен Оның сүйіктілеріне қауышуыңа тек жаныңның тәніңнен ажырауы ғана қалды.  Сен Алла Елшісінің ең сүйіктісі едің. Пайғамбарымыз ең жақсы, ең таза, ең қош дүниелерді сүйетін.
 
Әбуа (Бәни Мусталық соғысы) түні сенің алқаң жоғалып, Пайғамбарымыз сол жерден айрылмай, алқаңды іздеді. Сол түні дәрет аларға су да табылмады. Алла Тағала сол жерде «Таза топыраққа таяммум соғыңдар!» деген аятты түсірді. Алла Тағаланың Пайғамбар үмбетіне түсірген бұл рұқсаты сенің себебің және берекетіңмен болды.
 
Алла Тағала саған жала жапқандардан сені ақтау үшін сенің пәк, жамандықтардан ұзақ екеніңді растап жеті қат көктің әр жағынан аят түсірді. Алланың есімі зікір етілген барлық мешіттерде Жәбірейіл періште әкелген бұл аяттар (Нұр сүресі, 11-20-аяттар) таңнан кешке дейін оқылуда, &ndash деді. Сонда Айша анамыз:
 
&ndash Ей, Ибн Аббас! Тоқтат бұл мақтауларыңды! Мен есте қалмастай ұмытылып кетуді қалаймын, &ndash деді.
 
Осылайша Рамазан айының 17-ші түні, үтір намазынан кейін Айша анамыз (р.а.) жан тапсырып, Пайғамбарымызбен қауышты. Жаназаға қаншама халық қатысты. Жаназа намазын Әбу Хурайра оқыды. Анамыз өзінің өсиеті бойынша Жәннатул-Баки мазарына Пайғамбарымыздың өзге жарларының жанына жерленді.
 
Үмму Сәләма (р.а.) Айша анамыздың (р.а.) қазасын естіп: «Ол әкесін (Әбу Бәкір) қоспағанда Алла Елшісінің ең сүйіктісі еді» &ndash деді.