Саудия билігі Пайғамбарлар падишасы – Мұхаммед Мұстафаның бейітін әйелдерге зиярат етуге тыйым салды. Бұл жайында islam.kz порталы islam.ru ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді.
Екі әлем сардарының қабірін тек ер-азаматтар ғана зиярат ете алады. Оның өзінде 30 күнде бір мәрте.
Десе де әйелдер Адамзаттың асыл тәжінің қабірін зиярат ету үшін арнайы рұқсат сұрап, өтініш білдіре алады. Тиісті орындарға.
Аталған араб елінің қажылық істер жөніндегі министрлігі әйелдерге қатысты неліктен мұндай тыйым салынғанын ашып түсіндірген жоқ.
Аталмыш құзыретті органның хабарында қасиетті Мекке мен Мәдина қалаларындағы киелі орындарға кіру үшін пайдаланылатын мобилді қосымша арқылы уақытты брондауға әйелдерге тыйым салынғаны ғана айтылған.
«Eatmarna» қосымшасының көмегімен Меккедегі Харам мешіті мен Мәдинадағы Пайғамбар мешітінде болу уақытын брондауға болады.
Өтінішті тек пандемияға себеп болып отырған жұқпалы індетке қарсы, Саудия билігі мақұлдаған екпелердің екі дозасын алған, яғни, «Tawkkalna» деп аталатын денсаулыққа арналған қосымшада мәртебесі бар адамдар ғана бере алады.