Көптеген шаңырақтың шайқалуына, отбасылардың ажырасып, екіге айрылуына, айрандай ұйып отыруды ниет қып қосылған екі жастың іркіттей бұзылуына көбіне бір ғана себеп бар. Ол – әйелдің күйеуіне бойұсынбауы, жарына бүтіндей бас ұрмауы. Барлық іріткі, бүлік, араздық, арсыздық, бассыздық, адасушылық, ажырасу отбасыға осы бойұсынбаушылықтың болмауынан келеді. Демек, әйелдің күйеуіне мойынсұнбауы – шайтанның бүтін бір мұсылман отбасын қаққа жарудың ең негізгі қақпасы.
Шайтанның ең үлкен жетістігі мен айласының жемісі де, оған дәреже-мақам мен шен-шекпен сыйлайтын ісі де – бір отбасының шаңырағын ортасына түсіріп, керегесін сөгу. Имам Мүслімнің сахих хадистер жинағында келген Пайғамбарымыздың бір хадисінде былай делінеді: «Ібіліс өзінің тағын судың үстіне құрады да, сол жерге ордасын тігеді. Сөйтеді де жендеттерін дүниенің шар тарапына бүлік шығаруға жібереді. Олардың арасынан ең үлкен бүлікке себеп болғанын да өзіне жақын тартып, ең сүйікті әскері етіп тағайындайды. Осы үшін Ібілістің жендеттері кезегімен келіп, салған ылаңдарын айта бастайды. Бірісі келіп: «Мен бүгін ананы істедім, мынаны істедім», – дейді, Ібіліс оны: «Түк те істемепсің», – деп қайтарады. Тағы біреуі келіп: «Мен ерлі-зайыпты екеуді ажырастыру үшін бір отбасының қыр соңынан қалмадым, ақыры ажырасып тынды», – дейді. Сонда Ібіліс: «Сен неткен жақсы едің, ең жақсылардан болдың», – дейді».
Міне, шайтанның абыройлысы да, даңқтысы да қандай да бір отбасын ажырастырып, әйелді тірі жесір, балаларын тірі жетім етіп қоюы екен. Олар үшін біреуді қылмысқа итермелеу, өсек айтқызу, ғайбаттатқызу, біреу мен біреуді ұрыстырып, шағыстырып қою секілді дүниелер абырой әпермейді, дәрежесін өсірмейді. Олардың ең басты межесі, көздеген нысанасы, діттеген мақсаты – ерлі-зайыптылар, отбасы, жанұя, шаңырақ. Егер қоғам арасындағы бұл құндылықтарға сызат түсіріп, отбасы деген қасиетті ұғымды ойыншыққа айналдыратын болса, қоғам онсыз да тозатынын жақсы біледі. Өйткені, қоғам, мемлекет, ұлт, ұлыс, ел отбасыдан құралады. Отбасы – ұлт, ел, мемлекет секілді берік қамалдың бір-бір кірпіші. Ал бұл кірпіштерді шетінен алып сөгіп отырса, бір күні қамалдың опырылып ортасына түсері ақиқат. Бұл Ібіліс үшін үлкен жетістік. Өйткені, «Ібіліс – Адам атамыз бен Хауа анамыздың дұшпаны» (Таһа сүресі, 117-аят). Сондықтан да біз Ібілісті «АТА ЖАУЫМЫЗ» дейміз. Адам мен Хауаның дұшпаны әрине ұрпағы, мына біздерге де дұшпан. Сол үшін де Пайғамбарымыз некемен де, талақпен де әзілдесуді тыйған. Бұл ойнайтын дүние емес. Ойынның түбін оттан жаратылған шайтан отқа айналдыруы мүмкін.
Бір отбасын ажырастыру үшін шайтан көбіне әйелді күйеуге бойұсынбауға шақырып, үйде ұрыс тұдыруға, жанжал шығаруға итермелеп отырады. Адамзатқа рахым нұры ретінде жіберілген ардақты Пайғамбарымыз (салаллаһу ‘алейһи уә сәлләм) отбасыларға, әйел затына шайтанның бұл айласына жол бермеу үшін кеңес беріп, алдын алуға шақырып отырған.
Бірде Шамнан Мәдина қаласына келген Муғаз есімді сахаба Пайғамбарымызға (салаллаһу ‘алейһи уә сәлләм) келе салып, сәжде жасамақ болады. Бұған Пайғамбарымыз (салаллаһу ‘алейһи уә сәлләм): «Әй, Мұғаз, бұның не сенің?» – дейді. Сонда Мұғаз сахаба: «Мен Шамға барғанымда адамдардың патшалары мен әмірлеріне осылайша сәждеге барғандарын көрдім де мен де мұндай сәжденің сізге жасалуын лайық көрдім», – деп жауап береді. Бұған Пайғамбарымыз (салаллаһу ‘алейһи уә сәлләм) тыйым салып: «Байқа! Екінші бұлай жасаушы болма! Егер Алладан басқа тағы біреуге сәжде жасауға рұқсат алған болсам, мен әйелдің күйеуіне сәжде етуін әмір етер едім. Мұхаммедтің жаны құдірет қолында болған Алланың атымен ант етемін, әйел күйеуі алдындағы ақысын өтемейінше, Алланың құзырындағы хақын өтемегені. Әйелі түйенің үстінде отырса да, күйеуінің қалауын қанағаттандырудан бас тартуға қақысы жоқ», – дейді. Біріншіден, бұл хадистен әйелдің күйеуі алдындағы бойұсынушылық қаншалықты дәрежеде болуы тиіс екенін шамалауға болады. Егер Пайғамбарға Алладан басқа тағы біреуге сәжде етуге рұқсат етілген болса, ол адамдарды адамзаттың ардақтысы, әлемге рахым нұр етіп жіберілген, Алланың ең сүйіктісі болған өзіне емес, әйелдің күйеуіне сәжде етуін әмір етер еді. Бірақ, дініміз Алладан басқаға сәжде қылуға әмір етпейді.
Екіншіден, хадисте айтылғандай, әйелдің күйеуі алдындағы ақысын өтегені Алланың алдындағы ақысын өтегені болып есептеледі. Ал әйелдің ең басты ақысы – ол күйеуіне бойұсынуы. Себебі, бойұсыну арқылы ғана күйеуінің разылығын таба алады. Ал отағасының разылы Әлемдердің Раббысының разылығы. Пайғамбарымыз (салаллаһу ‘алейһи уә сәлләм): «Күйеуі разы болған күйде қайтыс болған әйел – Жәннаттық», – дейді. Демек, әйелдің отбасындағы ең басты миссиясы күйеуінің разылығын тауып, Жәннатқа жолдама алу. Қиын ба екен? Әр әйелдің қолынан келетін іс, бірақ көбі құлық танытпайды. Тағы бір хадис шәріпте Пайғамбарымыз (салаллаһу ‘алейһи уә сәлләм): «Әйел бес уақыт намазын оқып, оразасын ұстап, әуретті жерлерін бөтен көзден сақтап, күйеуіне бойұсынса, ол әйел Жәннаттың қалаған қақпасынан кіреді», – дейді. Өкінішке қарай, бұл мүмкіндіктен де көбі құр қалып қоюда.
«Еркек үйдің егесі болса, әйел – үйдің шегесі». Шеге өз орнына қағылмаса, үйдің шаңырағы биік, керегесі берік болмайды. Сондықтан да, әйел заты, Жәннаттың кілтін шарқ ұрып көшеден іздеудің қажеті жоқ, Жәннаттың кілті жарыңда...
islam.kz
Әйелдер қауымы, Жәннатқа кірудің оңай жолын айтайын ба?
Читайте также
Діни кітаптарды кез келген орында сатуға рұқсат жоқ
Емшіге алданып қалмаңыз
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ хазреттің қасиетті Рамазан айына байланысты халыққа үндеуі
Оразада сәресіне ұйықтап қалған адам не істейді?
Тамырдан екпе салдыру оразаны бұза ма?
Аузы берік адам өзен-көлге түссе бола ма?
Последние статьи автора