Әйелдер тақырыбы, соның ішінде дін және әйел мәселесі қай қоғамда, қай кезеңде болмасын өзіндік маңызға ие болған. Әрбір дін әйел затының отбасындағы, қоғамдағы орны мен құқықтарына қатысты өзіндік көзқарасын білдірген. Соның ішінде әйелдер қауымының құқықтарын ерекше жоғары деңгейге көтерген және оның отбасындағы міндеттерін белгілей отырып, қоғамдағы орнын айқындап берген ислам діні өзге діндерден оқ бойы озық тұрады. Ислам негіздері бойынша ерлер мен әйелдер Алла алдында тең, яғни пенде ретіндегі міндеттері бірдей. Мұхаммед пайғамбар хадистерінде отбасылық қатынастарда әйел затына мейіріммен, құрметпен қарау насихат етіледі. «Жәннат – аналардың басқан ізінің астында» деп әйел-ананың тұлғасы ерекше ұлықталады.
Басқа діндердің әйелдер туралы пайымдауларына назар аударсақ, кез келген діннің қасиетті кітабында әйелдердің орны ерлерден кем саналмағанына көз жеткізу қиын емес. «Құдай әйелдерді де ерлер секілді өзіне ұқсатып жаратқан» деген тұжырым Тәуратта (Библия) кездеседі. Христиан діні жеке тұлғалардың өзара теңдігін дәріптейді, иудей немесе пұтқа табынушы, құл немесе азат адам, еркек немесе әйел деп бөлудің жөн еместігін, Құдай алдында бәрінің бірдей екенін насихаттайды.
Рас, ерте және дамыған орта ғасырларда бірқатар христиан дінбасылары әйел адамның құқығына қатысты жазбаларды назардан тыс қалдырып, олардың құқығын мүмкіндігінше шектеуге тырысты. Мұндай біржақты пайымдаулар христиандықта ғана емес, басқа да діндер өкілдерінде қазіргі күні де ішінара кездесіп қалатыны жасырын емес. Дегенмен өркениетті сана деңгейінде ойлайтын христиан дінінің кез келген тармағының дін ғалымдары – православ, католик немесе протестант болсын, қасиетті кітаптарда әйел-ана теңсіздігін тудыратын ешбір қағиданың жоқтығына бірауыздан келіседі. Сонымен қатар құдайлық миссияның әйел-ана арқылы жүзеге асырылуы, әйел бейнесінің Құдай-ана дәрежесіне дейін көтерілуі, Тәуратта дінге қызмет еткен әйелдер бейнесінің кездесетіні христиан дінінде де әйел-ана тұлғасына елеулі мән берілгенін аңдатады.
Мәселенің екінші жағы – әйелдердің дінге деген қатынасы. Барлық діндерде дерлік әйелдер мен ерлердің Жаратушы алдындағы міндеттері мен жасауға тиіс құлшылықтары бірдей болып саналады. Құлшылық рәсімдерінің жекелеген бөліктерінде ерлер мен әйелдер үшін айырмашылық болуы мүмкін, ал рәсімнің өзі тұтастай алғанда баршаға ортақ. Осы заңдылықтың және әйел затының табиғи сезімталдығынан руханилыққа бір табан жақын тұратындығының нәтижесінде әлем діндерінде құлшылыққа берілген тақуа әйелдер бейнесі көптеп кездеседі. Исламдағы әулие дәрежесінде дәріптелетін әйел-аналар, христиандықтағы монах әйелдер, өзге де діндердегі дін қызметкерлері ретінде танылған әйел бейнелері – соның айғағы. Барлық діндердегі сенушілер қауымының елеулі бөлігін әйелдер құрайды, сонымен қатар дін ілімін жеткілікті деңгейде меңгерген әйел затының ұстаздық қызмет атқаруына ешбір дін тыйым салмайды. Ал исламда білім алу әйелдер мен ерлерге бірдей парыз етілген.
Осы жерде әйел теңдігі мәселесіне қатысты түсінбестік тудырып жүрген бір жайтқа назар аударған жөн. Діни қағидаттарда «ерлер мен әйелдердің теңдігі» деген түсініктен гөрі «ерлер мен әйелдердің бірін-бірі толықтыруы» деген түсінік басым қолданылады. Өйткені табиғи ерекшеліктеріне сәйкес ерлер мен әйелдер бір-бірінің мінезіне немесе қасиетіне ие бола алмайтыны секілді, бір-бірінің құқықтары мен міндеттерін де иемдене алмайды. Ерлер мен әйелдер өздеріне тән мінез-құлқы, қасиеттері, құқықтары мен міндеттері бар дербес тұлғалар ретінде қарастырылады. Барлық дінде дерлік әйелдердің құқықтары мен міндеттерінің басым бөлігі олардың ана және жар ретіндегі отбасындағы роліне көбірек қатысты болып келеді. Ал ерлер отбасының асыраушысы, қоғамдағы негізгі міндеттерді атқарушы ретінде отбасынан тыс құқықтарға көбірек ие. Осы ерекшеліктерді теңсіздік ретінде бағалау дін негіздерін шынайы, терең түсіне білмеудің салдары деп білген жөн.
Құран Кәрімде: «Ерлердің әйелдердегі хақтары сияқты, әйелдердің де ерлерде белгілі бір хақтары бар. Әйелдерден гөрі ерлердің дәрежесі артық», «Ерлер әйелдерден бір саты жоғары тұрады. Себебі олар әйелдер үшін мал-мүлкін сарп етеді» деген аяттар бар. Бұл жерде де әңгіме құқықтық басымдықтан гөрі міндетке көбірек қатысты болып отыр. Өйткені «дәрежесі артық», «әйелдер үшін мал-мүлкін сарп етеді» деген сөздердің астарында отбасының бүкіл іс-әрекетіне басшылық жасау, әйелге тиісті қалың мал беріп үйлену, оны асырап-бағу, онымен қоса балаларын да ішіп-жеммен, киіммен қамтамасыз ету, оларды оқытып, тәрбие беру, үй-жай ету секілді сансыз көп міндеттер тұр.
Исламдағы ең ізгі қарым-қатынастардың бірі ретінде әйелдермен қатынастар көрсетіледі. Мұхаммед пайғамбардың: «Әйелдеріңмен жақсы мәміледе болыңдар. Сендердің ең жақсыларың – әйелдеріңмен жақсы мәміледе болғандарың», «Тіпті қолынан ине ұстау келмейтін болса да әйелдеріңізден ажыраспаңыздар» деген хадистері бар.
Дегенмен исламда отбасы жауапкершілігі әйелдер мен ерлерге ортақ болып табылады. «Бәрің де жауапкерсіңдер және жауапкершіліктегі нәрселеріңнен сұраласыңдар. Патша қол астындағылар үшін жауапты және солар үшін сұралады. Ер адам үй-ішіне жауапты, солар үшін сұралады. Әйел ерінің шаңырағына жауапты, сол үшін сұралады. Қызметші қожайынның мал-мүлкіне жауапты, сол үшін сұралады» деген хадистен осыны аңғаруға болады.
Айтылғандардың негізінде әйел затына қатысты әлемдік діндердегі көзқарастардың қазіргі түсініктегі «теңсіздік» ұғымымен үйлеспейтінін тұжырымдауға болады.
А.Әбдірәсілқызы,
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі
Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу
және талдау орталығының директоры, филол. ғ. к.