Аяғы ауыр әйел қайтыс болса, ішіндегі баланы (шарана) алу керек пе?
Әссәләмуғалейкум, Ұстаз. Менің бір танысым маған былай деп сауал жолдапты. Бір әйел кісі қайтыс болды. Аяғы ауыр, 8 айлық. Соған қалай істесек дейді: Іштегі баласы алынып, бөлек көміледі ме? Әлде, алмайды ма? Фаризат.
Уағалейкум әссәләм уа рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Ең әуелі, қайтыс болған мархумның жақындарына көңіл айтамыз. Пайғамбарымыз (с.а.у.) айтпақшы, аяғы ауыр күйі қайтыс болған әйел - ақіреттік шейіт* болып саналады[1]. Осыған орай, о дүниеде мархумның орны шейіттердің қатарынан табылсын деген тілектеміз.
Сұрағыңызға келер болсақ, ішіндегі шақалақтың да өлі екендігі анықталса, сол күйінше анасымен бірге көміледі. Ал, шақалақтың тірі екендігі білінсе, опат болған анасының ішінен алынуы шарт. Одан соң, әрі қарай өмір сүріп кетуіне барынша жағдай жасалуы тиіс.
[1] Имам Мәлик, әл-Муатта – Китабуль Жанаиз.
Абдусамат Қасым
islam.kz