Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Текті аталардан ғасырдан ғасырға жалғасып, тәлім мен тәрбиеге тұнып тұрған асыл дініміз Ислам – бейбітшілік пен ынтымақтың діні. «Ислам» деген сөздің өзі «бейбітшілік» деген мағынаны білдіретінін баршамыз жақсы білеміз. Демек, мұсылманшылықтың мұраты – ұлттар мен ұлыстарды ұйымшылдыққа ұйыту, өзгеге қылдай қиянат жасамау екен. Адамзатты имандылыққа үндеп, ата-ананы қадірлеуге, көрші мен ағайынға көмектесуге шақырған пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) бір хадисінде шынайы мұсылманды – «өзгеге қолымен де, тілімен де зиян тигізбеген адам» деп сипаттаған сөзі кез келген пендеге қай кезеңде болсын, басты бағдар, өлмес өнеге, үзілмес үлгі болған. Екi дүниенiң бақытына жетудiң жолдарын үйрететiн қасиетті кітабымыз Құран Кәрімде: «Бейкүнә бiр адамды өлтiру – күллi адамзатты өлтiрумен тең», – деген аят «Маида» сүресiнде айтылған.
Шығыс даналығында мәні мен мағынасы мол мынадай мақалға бергісіз қанатты сөз бар: «Терезені ашсаң, таза ауамен бірге шаң-тозаң да ілесіп кіреді». Бас мүфтиіміз осы тағылымды ойды жастарға жиі айтады. Еліміз Тәуелсіздік алып, қадамын нық басқан жылдары жат пиғылды діни ағымдар мен дін таратушылар бірлігімізге сызат түсірді. Әр нәрсенің зияны мен зардабы көпке дейін созылатыны белгілі. Жастарымыз білместікпен, түсінбеушілікпен дініміз бен дәстүрімізге қайшы ұстанымның ықпалында кетті.
Бірде Бегалы би: «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң», – деген екен. Қазақы тәрбие, әдет-ғұрып пен салт-дәстүрлеріміздің қайнар көзі, алтын қазығы ізгіліктен, инабаттылықтан, имандылықтан бастау алады. Міне, біз баланың жүрегіне осындай асыл құндылықтарды ұялата білуіміз керек. Білім мен имандылық ұштасқан сәтте жастарымыз толыққанды тұлғаға айналады.
Жастардың ортасы қандай, оның жолдастары неге еліктейді деген сұрақтар төңірегінде көбірек ойланғанымыз абзал. «Сенің қандай адам екеніңді досыңа қарап айтып беремін», - деген екен ізгі ғұламалар. Ортаның әсері жастардың тәрбиесіне тікелей ықпал етеді. Бұл – тәжірибеде анықталған дүние.
Өскелең ұрпақтың интернетке әуестігі олардың болашағына балта шабуда. Жастарымыз алтын уақыттарын интернетте, пайдасыз ойын ойнаумен өткізеді. Тіпті интернет арқылы танысып, отау құрып жатқандар да баршылық. Бұл да ойланатын нәрсе. Ислам діні мұсылманның заман талабына сай дамып, жаңа технологияларды меңгеруін қолдайды. Алайда әр нәрсенің өз өлшемі мен шегі болады. Шектен тыс берілу адамға теріс әсер етеді. Елбасының: «Болашақта интернет қарайтындар кітап оқитындарға жұмыс істейтін болады» деген сөзі көп нәрсені аңғартса керек. «Еліміздің және жастардың ең басты байлығы – сапалы білім» деп Президентіміз айтқандай, заман талабын ескере отырып жастардың білімін көтеру мәселесі еріксіз назар аудартады. Білімді жастар ғана ел дамуына жол ашады.
Жастардың дүниелік білімімен қоса діни сауатына да көңіл бөлгеніміз абзал. Жеткіншектеріміздің бір Аллаға сеніп, ата-анасы мен өзгелерге мейірім танытып, қайырымдылық жасауға ұмтылып өсуін өмірінің өзегіне айналдыра білуіміз қажет. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Адамдардың жақсысы – өзгелерге пайдасын тигізгендері», - деген. Ислам ізгі істерге үндейді. Бүгінде мешіттеріміздің жанынан ашылған діни сауат ашу курстары барлық жастағы адамдарға тегін білім беруде. Жүрегі мешітке байланған адам арсыз істерге жол бермейді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жамағатты жақсылыққа жұмылдырып, ізгілікке бастап келеді. 2014 жылдың қарсаңында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінде Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының ұсынысымен имам-молдалар үшін «Дін мен дәстүр» жылы деп жарияланды. Еліміздің барлық аймағындағы мешіттер мен медреселерде «Дін мен дәстүр» жылы аясында жастарды адамгершілікке, имандылық пен инабаттылыққа тәрбиелейтін, Отансүйгіштікке баулитын, спортпен шұғылдануға үндейтін үлкен іс-шаралар өткізіліп келеді. Өзге де мемлекеттік мекемелермен бірлесіп, конференциялар мен келелі кездесулер де ұйымдастырылуда. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қызылорда облысы бойынша өкілдігі де мұсылман қауымының мерейлі мерекелері – Құрбан, ораз айт кездерінде мешіт аулаларында ұлттық нақышта ойындар, жарыстар мен сайыстар ұйымдастырды. Мұндай игі іс-шаралар жамағат арасын біріктіріп, жалпы халықты ізгілікке үндеді.
Діні мен дәстүріне берік ұрпақ жат ағымдардың жетегіне еріп, әдепсіз әрекеттерге бой алдырмайтыны ақиқат. Баршаңызға белгілі, Кеңес кезінде дініміздің сақталып қалуына, осы күнге дейін жетуіне негізгі әсер еткен күш – ол дәстүр болатын. Сәби дүниеге келгеннен кейін құлағына азан шақырып, ат қоюдан бастап өмірінің соңына дейін жалғасатын қазақы әдет-ғұрыптардың бәрі Исламнан бастау алады. Ораза ұстау, ауызашар беру, айт мерекелерін тойлау, марқұмға арнап Құран бағыштау, үлкеннен бата алу, ата-ананың ризалығына бөлену секілді жоралғылар – дәстүрімізге сіңісіп, күнделікті тіршілігімізде көрініс тапты. Діні мен дәстүріне бекем болған қазақ халқы ұрпағын тіпті қатал қағидамен: «Әке-шешең жынды болса, байлап бақ», – деп тәрбиелеген. Ал шариғат: «Ата-ананың разылығы – Алланың разылығы», – деген талап қойған. Алайда кейбір бауырларымыз білместікпен өз әкесі мен анасына қарсы сөз айтып, олардың пікірімен санаспауы өкінішті. Қызылорда облысындағы мешіт имамдары жастар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Діни басқарма жанынан ашылған Жастар бөлімінің облыстағы өкілдігі де аймақта белсенді жұмыстар атқаруда. Соның бірі – жат ағамдағы өскелең ұрпақты адасқан ағымдардан арашалап алу. Имамдарымыздың ерен еңбегі мен жүйелі жұмыстарының нәтижесінде жастарымыз төл мәзһабымыз – Әбу Ханифа мәзһабын мойындап, мешіт төңірегіне топтасып жатқанын жеткізгім келеді.
Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің бастамасымен шыққан шариғат пен салтымыздың сабақтастығы баяндалған «Дін мен дәстүр» атты кітаптың дер кезінде жамағатқа таратылуы да өз жемісін берді.
Ислам дiнi – жер бетiнде бейбiтшiлiк пен тыныштықты орнату үшiн жiберiлген соңғы дiн. Мiне, сондықтан, әрбiр мұсылман, тiптi, сәлем бергеннiң өзiнде хал-жағдай сұрасқанда «әссәламу алейкум» деп бейбiтшiлiк пен амандық тiлеп амандасады.
Қазір, Құдайға шүкір, елімізде діни ахуал тұрақты. Төл мәзһабымызға мәртебе берілген Діни сенім туралы Заң барша азаматтың діні мен сеніміне шектеу қоймайды. Мешіттеріміз бен медреселеріміз жамағатты бірлік пен ізгілікке тәрбиелеп, өз жұмысын еркін атқаруда.
Халқымыз Тәуелсіздігін тойлаған, оны мәңгі баянды етуді ойлаған іргелі елге айналды. Алла Тағала бірлігімізді нығайтып, әрқашан еліміздің мәртебесін биік еткей!
Талғат ОМАРОВ,
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкіл имамы,
muftyat.kz