Адамның іштей айтқаны да, ойлаған ойы да амал дәптерге жазылады деуге негіз бар.
Хадис-Шарифте былай делінеді:
«Алла Тағала жақсылық пен жамандық хақында жазғанда былай баян етті: «Кімде-кім, бір жақсылық жасауға оқталып, бірақ оны іс жүзіне асыра алмаса, онысын Алла тағала өз құзырында «жақсылықты толықтай жасады» деп жазып қояды. Егерде, ниет еткен жақсы амалды жүзеге асырса, Алла тағала оған өз құзырында он сауаптан, жеті жүзден аса сауапқа дейін жазып қояды...».
Аталмыш хадисте: ниет қылған жақсы амал жүзеге аспай қалса да онысы «орындалды» деп жазылады делініп тұр. Бұл - іштей ойлаған жақсы, ізгі ойларымыздың амал дәптерге сауап боп жазылатындығын білдіреді.
Хадистің жалғасында:
«...Сондай-ақ, кімде-кім бір жамандық істеуге ниеттеніп, алайда ол ниетін жүзеге асырмаса, Алла Тағала өз құзырында «бір жақсылық жасады» деп жазып қояды. Ниетін жүзеге асырған күннің өзінде (жасаған жамандығына) «бір жамандық жасады» деп жазып қояды», - делінген[1].
Яғни, жаман ойларымыз үшін де жауаптымыз. Мысалы, іштегі қызғаныш, көре алмаушылық, әлдекімге деген жаман ойлар қалыптастыру, біреуге жамандық ойлау т.б. бұлардың бәрі амал дәптерге жазылады. Дегенмен, райымыздан қайтып, ойымызды дұрыстайтын болсақ, Алла Тағала кешірім етеді. Онымен қоймай, жаман ойдан тыйылғанымыз үшін де сауапқа бөлейді. Пайғамбарымыз не деді? Жаман ниеттен уаз кешсе, бір жақсылықтың сауабы жазылады деді.
Мәселенки, басқа бір хадисте Пайғамбарымыз айтады: «Жүрегінде зәрредей тәкәппарлық болған адам пейішке кірмейді», - дейді. Жүректегіні Алла білмесе, өзге адам білмесі анық. Бұның өзі іштегі ойлаған ойымыз бен іштей айтқан сөздеріміздің амал дәптерге жазылатындығына дәлел.
Әйтсе де, жаңа айтып өткеніміздей, адам жаман түсініктерден арылуға тырысып, «әғузуді» не «астағфирулланы» айту арқылы күнәға жетелейтін ойларды қуып отырса, кешірім бар әрі сауапқа кеңеледі.
Ең дұрысы – Аллаға мәлім!