Әр адамның болмысы, мінез-құлқы, айналасымен қарым-қатынасы әртүрлі ғой, біреу қатал, біреу мейірімді дегендей, кейбір адам өзімшілдеу болады. Осы бір өзімшілдіктің бауырына салған балаға зияны да бар. Кейбір жастау әжелер өзімсініп «ап дегенде аузымнан түстің», «сені өзім тудым, өзімнің баламсың» деп баланың тілін қызық көріп, әкесін боқтатып, шешесін жамандатып өсіреді. Осының өзі балаға үлкен зиян тигізетінін өзімшіл ата-әже ойлай бермейді. «Бұрын туған бұрын өледі» дегендей, өзін баққан ата-әже өмірден өткенде, бала өз ата-анасына, өз бауырларына жұғыса алмай жетімсірейді. Өзін жалғыз қалғандай сезінеді әрі аттарын атап үйреткендіктен, әкесін «әке», шешесін «апа» дей алмай, қатты тығырыққа тіреледі. Бұл жан дүниесіне қатты әсер етеді. Іші біліп тұрса да, өз ата-анасына, өз бауырларына қосыла алмайды. Әрине, барлық ата-әже немерені осылай тәрбиелейді деуден аулақпын. Десе де, ішінара осындай жайттар да кездесіп жатады. Ақылды ата-әжелер баланы ешқашан біржола бөлмей, ата-анасын білгізіп өсіреді. Анасының ақ сүтінен ажыратпайды. Өкінішке қарай, кеңестік кезеңнің орнауына, бүкіл қоғамдық құрылыстың іргетасы өзгеше қалануына байланысты әдемі дәстүр жойылып, ұрпақ жалғастығы үзіліп қалғандай болды... Балабақша бар ғой деп ойлаулары мүмкін баз біреулер. Шынын айту керек, балабақша - ата-аналары жұмыс істеу үшін ойластырылған заманның қажеттілігі. Балабақшаның тәрбиесі мен ата-әженің тәрбиесін салыстыруға келмейді. Өйткені ата мен әже - шежіре, олар ата-бабасынан бері қарайғының барлығын балаға үйретеді. Ал балабақшада бірдей тамақ ішетіні, бір өлеңді жаттайтыны, бір бөлмеде бәрі бір уақытта ұйықтайтыны, яғни жалпыға бірдей тәрбие берілетіні айтпаса да түсінікті. Бұл жерде бала тұлғалық қасиеттен айырылады, жеке адам ретінде қалыптаса алмайды, өзіне ғана тән болмысы жойылады. Балабақшада өскен баланың есінде ештеңе қалмайды. Үйренген тақпағын ғана ұмытпауы мүмкін, ал ата-әженің бауырында өскен бала жеке тәрбие алады. Бұл - өте үлкен мәселе. Әрине, мұны қазір біз өзгерте алмаймыз. Өйткені уақыт сондай, сондай кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Өкініштісі, қазіргі ата-әже бір-екі баламен тоқтап қалып, қызметті бірінші кезекке қойған адамдар. Оларды кінәлауға болмайды, заманы солай болды. Бұл әжелердің бұрынғы әжелермен салыстырғанда өмір сүру қалпы өзгерген. Немере тәрбиесіне аса көңіл аударғысы келмейді. Көпке топырақ шашудан аулақпын, құдайға шүкір, немерелерін жетектеп жүрген ата-әжелер арамызда бар. Қалай десек те, ата мен әже көрген бала мейірімді, адал, тілалғыш болып, үлкенді сыйлап өседі. Әжесінің бауырында өскен бала әңгімешіл, сөзді тауып айтады, нықтап айтады. Қазақтың кез келген баласын тек өз ата-әжесі емес, бүкіл ауылдың абыз аталары мен өнегелі әжелері қамқорлығына алған. Ауыл ақсақалдары мен әжелері «пәленнің баласы ғой», «түгеншенің немересі ғой» деп еркелеткен. Тіпті баланың өз ата-әжесі өмірден өтіп кеткеннен соң да баланың әлдебір тентектігіне «ой, ол пәленшенің еркесі еді ғой, еркелегені шығар», «атасы мен әжесінің көзін көрген біз бармыз ғой, еркелігі басылар» дейді. Ата-әжесінің көзін көргендер сырттай қамқорлығын білдіріп, көрген кезде ақыл-кеңесін айтып, арқасынан қағып, маңдайынан сүйіп жатады. Қарап тұрсаңыз, мұның өзі - тәрбие. Өкініштісі, бүгінде біз сөз етіп отырған тәрбие жалғастығы үзілген. Көптеген жастарымыз бірге туған аға-әпкелерінен басқа туыстарын танымайды, жеті атасын білмейді. Оларда қаншылдық пен бауырмалдық сезім азайған. Туыстық атауларды ұмыттық. Көбінде «племяннигім», «двоюродной ағам» деп түсіндіруге үйірміз. Мұның барлығы туыстарды алыстата түседі.
Зейнеп Ахметова
https://mazhab.kz/kk/maqalalar/bala-tarbiesi/bala-jasyndagyn-umytpaidy-1084/