Қоғамдық пәлсапалық һәм діни-танмыдық тұрғыдан «Адам» ұғымы аса терең.
Мысалы, ХІ ғасырда өмір сүрген ислам оқымысты Руми: «Адамның болмысы – ішінде әртүрлі аңдар мекендейтін орманға ұқсас. Біздің бойымызда таза-лас, жаман-жақсы, имани-қайуани сияқты мыңдаған қасиеттер бар. Егер ішкі жан шаһарыңда қасқыр үстемдік ете бастаса, адамның қасқырға айналғаны. Жақсылықтар мен жамандықтар да жасырын жолдармен жүрекке келіп, құйылып тұрады. Сәт сайын адамның жүрегінде бір нәрсе бас көтереді. Сол себепті адам кейде жақсы сипатқа, кейде жаман сипатқа айналып отырады» - деген екен.
Сол секілді оқымысты Марк Орэл өзінің «Ойлар» атты кітабында: «Күнде таңертең адамдар арасына барып қосылғанда былай ойланам: бүгін мен адам бейнесіндегі кейбір жыртқыштармен кездесем, оларды ызаландырмай, өзім таланбай үйіме аман-есен оралуым керек» - деп жазыпты.
Абай атамыз адамдықтың биік деңгейін иманмен өлшеген. Қара сөздерінде: «Толық мұсылман болмай – толық адам болмайды» - деп, кесіп айтқан. Бірақ көне қытай ойшылдары адамның адамдық қасиетін сыртқы көрінісінен іздейді. Ұлы ойшыл Конфуцийдың пікірінше адам үш түрлі болады, дейді. Дана адам – асып таспайды, Жақсы адам – күй талғамайды, Батыл адам – қорықпайды, депті. Тағы да осы қытай жұртының ғұламасы, дао ілімінің негізін қалаушы Чжан – Цзы: өзінің арғы тегінен ажырамайтын адамды Аспан адамы деп атапты. Өзінің рухани бастауынан бөлінбеген адамды Қасиетті адам депті. Шындықтан бөлінбеген адамды Кемел адамға жатқызған.
Тағы да осы шығыс ғұламаларының даналық өсиеттерінде:
1. Ештеңе білмейтін, бірақ, ештеңе білмейтінін түсінбеген адам – ақымақ. Оны айналып өт.
2. Ештеңе білмейтін, бірақ, өзінің білмейтінін түсінген адам – шәкірт. Оған ілім үйрет.
3. Барлығын білетін, бірақ, білгенін іске асырмайтын адам – ұйқыдағы жан. Оны оят.
4. Барлығын білетін, білгенін іске асыратын адам – данышпан. Оны ұстаз тұт.
Ал, еуропалықтар адамның адами қасиетін тұрмыстық-әлеуметтік, мәдени қатынастар арқылы бағалаған. Немістің атақты философ ғалымы Артур Шопенгауэр адамның қасиеттерін: туа бекзада, қалталылар аристократиясы, таланттың тектілігі деп үшке бөлген. Сол сияқты орыс жазушысы Лев Толстой марқұм пенде баласы үшін даналыққа (адами ұлы қасиетке) жетудің үш жолы бар, депті. Біріншісі – ой арқылы жету, бұл шапағатты жол, екіншісі – тәжірибе арқылы жету, бұл ауыр жол, үшіншісі – еліктеу арқылы жету, бұл ең жеңіл жол, деген екен.
Ал, бабамыз әл-Фарабидың трактаттарында адамды кемелдендіретін екі нәрсе тәрбие мен білім деп қарайды. Тіпті тәрбиесіз берген білімді зиянды деп көрген. Ғұлама ғалым адамды тәрбиелеудің басты құралы адамның жүрегіне иманды сіңіру деп білген. Сол себепті енді біз тәрбиенің негізі иман деген не, соған тоқталып көрелік.
Қасиетті Құран Каримнің «Зәрият» сүресінің 56-аятында: «…адамды өзіме құлшылық етулері үшін жараттым»-дейді. Осы үкімге қарағанда адамның не үшін жаратылғаны белгілі болды. Демек, адам – Алланың құлы. Оны жаратты һәм ризықтандырады, өлтіреді. Адамның ғұмырында болатын оқиғалардың барлығы Алланың бұлжымайтын заңдылығына бағынады. Адам бұл заңдылықтан тыс өмір сүре алмайды. Сол себепті адам баласы өзінің құлшылығына сай Алланың сыйлығына ие болады, дейді ислам теологтары.
Осындағы исламтанушылардың жазуына қарағанда құлшылықтың екі түрі бар екен. Біріншісі – табиғи құлшылық. Мысалы, барлық жаратылыс Аллаға құлшылық жасайды. Ағаштар, тастар, барлық планеталар. Бұл күллі жаратылыстың еркінен тыс болады. Адамның мүшелері де сол сияқты құлағы естиді, көзі көреді, жүрек пен бауыр өзінің белгіленген қызметін атқарады. Екіншісі - шариғат заңдарымен бекітілген құлшылық. Адамның қиямет күні марапатталуына немесе жазалануына себеп болатын осылар. Бұл ерікті түрде жасалады. Ғибадаттың осы түрінен кейін адамдардың бір-бірінен артықшылығы белгілі болады. Иманды және имансыз болып бөлінеді дегендей.
Ислам қағидасына қарағанда, ең бақытты адам деп, өз нәпсісі ие адамды айтады екен. Рухани тұрғыдан адамның адамнан артықшылығы оның нәпсісін тізгіндей алуымен өлшенеді. Ондай адамды «Абзал адам» дейді. Атақты сахаба Әбу үбәйда ибн Жәррахтың сөзіне қарасақ: «Адамның абзалы деп – Алланы танып, ақырет үшін амал жасаған адамды айтады» - дейді.
Ондай адамды Жаратушы жақсы көреді. Катада ибн Нұғманнан жеткен хадис бойынша «Алла Тағала жақсы көрген құлын осы дүниенің бүлігінен сақтайды» екен. Бұл дүниенің бүлігі – ақша, байлық, алтын т.б.
Атақты ғалым Ибн Ражаб адам баласын екі топқа бөліпті. Бірінші топтағылар – бұл өмірдің өткінші өзіне сыйлық пен жаза тағайындау үшін жаралғанын сезінбейді. Олар дүние қызығына беріліп нәпсіге құл болудан бас тартпайтындар. Олардың бұл дүниемен байланысы көп болғандықтан қоштасуыда қиын болады. Екінші топтағылар – өлімнен кейін сұрақтың болатынын сезінетін пенделер.
Ал, Әли әл-Мұртада болса адамдарды үш топқа бөліпті. Біріншісі – раббани ғалымдар, екіншісі – құтқарылу жолына түскен ілім іздеушілер, үшіншісі – әркімге еліктеп өзін нұрландыра алмаған тобыр.
Сол сияқты атақты хорасан шейхы Кушайри адамның кемелденуін, толық адами қасиетке ие болуын оның тақуалық сипатымен өлшейді. Әрі шынайы тақуалыққа жеткен адамды танып, білетін белгілері ретінде мынаны айтады: «шынайы тақуа – байлық бітсе өзін пақыр сезінеді, билікке жетсе – ұстамды болады, даңқы шықса – жасырын жүреді» - дейді.