Қазіргі таңда күйбең тіршіліктің күйкі тірлігімен жүріп, көп нәрсеге мойнымыз жар бермей жататыны бар. Адам қалай пайда болды? Біз не үшін, кім үшін өмір сүріп жүрміз? Өмірге келгендегі мақсатымыз не? Теңіздер мен таулар не үшін керек? Алып планеталарды кім жаратты? Оларды бір-біріне соғыспайтындай етіп, әлемгі теп-теңдікті ұстап тұрған кім? Иә, сұрақ көп, жауап та аз емес.
Әлбетте, біздің қорғаған орта, қоғам жаратылысын тәппіштеп түсіндіретін оқулықтар да, арнайы кітаптар да баршылық. Кеңестік кезеңде адамды маймылдан жаратылған деген жаңғақ пікір мұрты бұзылмайтын догмадай түсіндіріліп келгені мәлім. Аллаға шүкір, егемендік алып, еңсе тіктегелі көп жайттың беті ашылып, бізге беймәлім, жасырын болып келген дін ақиқаты түнектен сытылып шыққан күндей жарқырай түсті. Әрине, бір Аллаға сенім бізде әу баста бар еді. Кешегі қылышынан қаны тамған тотаритарлық жүйе тұсында да үйінде тығылып, намаз оқып, ораза тұтқандар да болды. Алайда жетпіс жыл бойы жас ұрпақтың санасына «Құдай жоқ» деген түсінікті мықтап қалыптастырылғаны сонша, кей аға буын өкілдері Жаратушының жерге түсірген кітаптарынан гөрі әлі күнге дейін Лениннің жазып кеткен өсиеттеріне көбірек сенеді.
Сонымен, Алла тағала он сегіз мың ғаламды жаратқанда Адам атаның дәрежесін неліктен аса пәк періштерден жоғары қойды? Қасиетті Құран кәрімнің «Бақара» сүресінің 30 аятында хақ тағала адамды жаратпастан бұрын періштелеріне: «Мен жер бетінде бір орынбасар жаратамын», – деген кезде, (Періштелер): «Онда бұзақылық істеп, қан төгетін біреу жаратасың ба? Негізінде, біз Сені дәріптеп, мақтауда және пәктеудеміз», – дейді.
Бір айта кетерлігі, Алла тағалала адамға жүрек, ерік, ақыл, сана-сезім, ар-ождан секілді көптеген қасиеттермен бірге күндестік, ашу-ыза секілді нәпсіні қоздыратын сезімдерді қоса жаратқан. Сондықтан періштелер адамның жамандыққа бейім тұратынын байқап, «Онда бұзақылық істеп, қан төгетін біреу жаратасың ба? деген қаупін білдіруін Аллаһқа білдірген қарсылығы деп емес, керісінше, адамды жарату сырына үңілгені деп түсінгеніміз абзал.
Аллаһ тағала оларға: «Мен сендердің білмегендеріңді жақсы білемін», – деген еді. Хақ тағала өзге жаратылысқа қарағанда тұрпаты бөлек, айрықша артықшылықтар беріп жаратқан хазірет Адамға бүкіл заттардың есімдері мен сипаттарын үйретті. Ол жайлы Құран кәрімде «Бақара сүресінің 30-33 аяттарыңда былай делінеді: «Аллаһ Адамға (а.с.) барлық атауды үйретті, сонан соң оларды періштелерге көрсетіп: «Айтқандарың рас болса, Маған осы нәрселердің аттарын айтып беріңдер», – деді. Періштелер: «Сен пәксің! Біз Сенің үйреткеніңнен басқа білеріміз жоқ. Әрине, Сен толық білушісің, өте данасың», – деді». Осы уақытта Ұлы Жаратушы: «Ей, Адам! Оларға бұлардың аттарын баян ет, – деді. Сонда (Адам а.с.) оларға заттардың аттарын айтқан сәтте, Аллаһ: «Мен сендерге көктер мен жердің құпиясын, сендердің де көрнеу, көмес істегендеріңді білемін деп айтпадым ба?» – деген еді. Осы аяттарда баяндалғандай, періштеге қарағанда адам баласының деңгейінің жоғары тұратынын көреміз. Яғни, періштелер Адам атаның ілімі өздерінің ілімінен әлдеқайда терең екеніне көздері жеткен соң, оның аспанмен таласқан биіктерді бағындыра алатындығын байқап, өздерінің аз білетіндіктерін мойындаған-ды. Сонымен, адам баласының періштелерден артықшылығы білімде екенін білдік. «Бірақ біз біліміміз арқылы ғана Жаратқанға ұнаймыз ба? Дүниеде әріп танымай кеткен адамдар да бар емес пе?» деген заңды сұрақ туындайды. Орыстың белігіл жазушысы Лев Толстой өзінің «Адам құдайға несімен ұнайды?» деген шығармасында осы сұраққа жауап табуға тырысады.
Оқиға желісі былай басталады: «Елге «етікші» деген атпен таныс, Семен әйел, бала-шағасымен бір мұжықтың үйін жалға алып тұрады. Етік тігуден тапқан ақша не тамаққа, не киімге жетпейтін. Алда қақаған қыс келе жатыр. Етікші мен әйелі екеуінде ортақ бір ғана тон бар-тын. Бірақ оның өзі тоз-тозы шығып, жыртылуға айналған. Ал етікшінің ендігі қайғысы қысқа жаңа тон тігіп алу үшін қой терісін сатып алу еді. Күзге қарай отбасының аузынан жырып, азын-аулақ пұл жиған. Қазір әйелінің сандықшасында қағаз үш сом және көрші ауылда біраз алашақ қарыз ақшасы бар еді. Сөйтіп таңертеңгі астан соң етікші жейдесінің сыртынан әйелінің мақтадан тігілген күртешесін, мауыт жемпірін киді. Қағаз үш сомын қалтасына төрт бүктеп әдемілеп салып, қолына ұзын таяқ алып, көрші ауылдарға қарызын жинамаққа беттеді».
Алайда, Семен өзіне қарыз адамдардан берешегін алмақ болғанымен түк те өндіре алмайды. Теріні қарызға сатушы бере қоймайды. Ол өзінің еңбегін өзгелер бағаламай, етігімді жамап бер деген кісінің берген жиырма тиынға арақ алып ішеді. Етікші кішкентай шіркеудің қасына да жақындағанда қимылсыз жатқан адамды көреді. Бір қызығы, күн суықта жалаңаш күйде жатқан адамның тірі екенін білген соң екі ойлы болса да жүн шекпенін шешіп, киіндіреді. «Мүмкін, біреулер тонап кеткен болар, ә? – дегенде, анау «Жоқ, ешкім тиіспеді. Тек Құдай осылай жазалады – дейді күрсініп. Аздап ес жиғанша үйін апармақ болады. Әйелі мұны көріп «Алған ақшасын араққа жұмсап, әбден көңіл көтерген екен. Онысымен қоймай қасына қаңғыбас досын да ерте келіпті» деп ашуланып кетеді.
Осы сәтте автор өзі кедей болса да, адамдардың адамгершілігі арқылы Құдайға жақындай түскенін әңгімейді. «Көріп тұрып қайрылмағанымыз – күнә болар. Сол үшін Құдай бізді де жазалауы мүмкін ғой» дейді. Бұл не? Әрине, Жаратқанға бойұсынғандық. Яғни, Алладан қорқу. Оқиға желісі әрі қарай еліктіре түседі.
«Әйел Семені Құдайды аузына алған соң, ана адамға тағы бір қарады да, мейірімі оянды. Оның да өзі секілді пенде екені есіне түсіп, жүрегі елжіреді. Пештің қасына барып, үйдегі бар тағамды үстелдің үстіне шығара бастады. Кеселер мен квасты ортаға қойды. Соңғы нанды да дастарханға әкелді. Әлгі адам: «Құдайдың дегеніне көнгеннен басқа не істей аласың? Амал жоқ. Осылайша жалаңаш, тоңып жатқан жерімнен, Семен көріп, аяп, үстіндегі шекпенін кигізіп, осында ертіп келді. Ал мұнда сен де маған жаның ашып, тамақтандырдың. Жақсылықтарың Құдайдан қайтсын!» дейді. Жаңа ғана бар ақшаны ішіп, үйге қайыршыны әкелдің деп айғайға басқан әйелдің неліктен әп-сәтте өзгергенін байқаймыз.
Семен күнкөріс үшін мүсіпір Михаилге етік тігуді үйретеді. «Ел ішінде «Семеннің жұмысшысы Михаил секілді ешкім етікті мықты тіге алмайды» деген сөз тарайды. Сөйтіп Семеннің үйіне жан-жақтан етік тіктіруге адам ағылады. Қыстың бір күнінде Семеннің есігінің алдына үш ат жеккен арба келіп тоқтап, бір дәулетті адам түсіп, қымбат тауардан аяғына етік тіктірмек болады. Бірақ Михаил етік емес, қонышы жоқ, жалаң аяққа киетін аяқ киім тігіп, үй иесін ренжітеді. Алайда етікке тапсырыс берген бай жолда қайтыс болып, әйелі етік емес, өлікке кигізетін жеңіл аяқ киім керек екенін айтып, жалшысын жібереді. Лев Толстой мүсәпірдің тегін адам емес екенін осы жерде аңғартады.
Тағы бірде егіз қызды жетектеген бір әйел келеді. Егіз қыздың бірінің аяғы ақсақ секілді, сылтып басады екен. «Қыздарыма көктемде киетін кебіс тіктірейін деп едім» деп әйел асырап алған қыздарының тағдыры жайлы баяндайды. Михаилдың қос қызға таныс адамын көргендей сұқтануы Семенді қайран қалдырады. Олар кеткен соң Михаил сырын ашады.
«Мені Құдай жазалаған болатын. Бүгін кешірді. Сондықтан нұрға бөлендім. Ал, келгелі бері үш рет жымиып, күлгенім, Құдайдың үш ауыз сөзін білуім керек болатын. Мен Құдайдың сөзін түсіндім; бірінші сөзін; әйелің маған тамақ бергенде түсіндім, сол үшін езу артып едім. Екінші сөзін шекпенді бай етік тіктіруге келгенде ұқтым, міне, бүгін егіз қыздарды көргенде, Құдайдың үшінші сөзінің де қандай екенін білдім, содан түйін шешіліп, жарқырап кеттім» дейді Михаил. Сонда жазушы кейіпкері арқылы Құдайдың қандай емеурінің білдірмек болды? Бұл шығарма соңында айқындала түседі.
Ол өзінің періште екенін, бірде Жаратушы бір әйелдің жанын алу үшін жібергенін, ол егіз босанып, жағдайы нашарлап жатқанын айтады. Әйелдің өзін көріп, жылап: «Құдайдың періштесі! Күйеуімнің үстіне ағаш құлап, жақында қайтыс болып еді, әлі топырағы қатқан жоқ. Егер артынан мен кетсем, мына жетім балапандарымды кімге тастаймын. Бұларды бағатын менің не бауырым, не туысым жоқ. Менің жанымды алмашы. Болмай қалғанда балаларымды аяғынан тік тұрғызайын. Бұлар да менсіз қайтіп өмір сүреді» – деп жалынғанын айтады.
«Менің жаным ашып, бір қызды шешесінің бауырына салып, екіншісін қолына әпердім де, қайтадан көкке ұшып кеттім. Құдайға келіп: «Әйелдің жанын ала алмадым. Жаңа ғана екі шақалақты босаныпты. Күйеуінің қайтыс болғанына үш күн болыпты. Шешесі маған жылап, жанын алмауды өтінді» – дедім. Сонда Құдай маған: «Бар да әйелдің жанын ал, сонда үш сөзді білесің: бірінші, адамның бойында не бар? Екінші, адамның маңдайына не жазылмаған? Үшіншісі – адамдар несімен тірі? Осы сырды білген кезде қайтадан аспанға ораласың» деді.
Жазушы Лев Толстой адамдар мен періштелердің арасындағы айырмашылықты осылайша сипаттайды. Қалам иесінің түсінігінше, адам бойындағы қасиеттері арқылы, тағдыры мен Жаратушыға деген махаббаты арқылы першітеден биік тұрмақ. Әлбетте, бұл жерде ақыл, білім артықшылығы туралы сөз қозғалмайды. Ал мінез бен өнердің нышаны оқиға желісінде шебер суреттеледі.
«Мен қайтадан жерге түсіп, жаңа босанған әйелдің жанын алдым. Нәрестелер тас жетім қалды. Өлі дене төсектен домалап, бір қыздың аяғын басып қалды. Мен көкке ұшып, әйелдің жанын Құдайға апарып бермек едім, жел соғып, қанатым сынып кетті. Оның жаны Құдайға жалғыз ұшты да, мен жерге құлап түстім. Құдай адамды барлық жаратылыстан артық етіп жаратты. Сол кезде біз мына топырақтан жаралған құбыжықтың бізден қалайша артық екенін түсінбейтінбіз. Адам кейпіне енген соң қарным ашып, тоңа бастадым. Тіпті жанымды қоярға жер таппадым десем де болады. Айналама қарасам, анадай жерден шіркеу көрінді. Жүгіріп соны паналамақшы болдым. Бірақ, есігі жабық екен. Ішінде ешкім жоқ. Қатты тоңып бара жатқан соң, шіркеуді ықтай тұрайын деп ойладым. Қарным шұрылдап барады. Бұл бірінші рет қарнымның ашуы еді. Бір кезде қолында етігі бар, өзімен-өзі күбірлеп келе жатқан адамды көрдім. Өзі ішіп алған. Көрден жаңа шыққан өлік секілді. Тірі өлік. Мен «бұл адам маған көмектесе қоймайды» деп ойладым. Өйткені оның ойында тек тон мен нан болған. Ол адам маған үрейлі кейіппен бір қарады да, айналып кетті. Менің көңілім одан әрі құлази түсті. Сәлден соң, әлгі адамның бері қарай келе жатқанын көрдім. Түрі адам танығысыз. Алдында үстінен өлімнің иісі шығып тұрған еді, енді Құдайдың сипатын көрдім. Қасыма келіп мені киіндіріп, үйіне әкелді. Есіктен кіре бергенімде алдынан арпылдап әйелі шықты. Одан да өлген адамның кейпін көрдім. Аузынан өлген рухтың сасық иісі шығып, тұншығып кеттім. Ол мені далаға қуып жібермек болды. Кенет күйеуі оған Құдай жайлы айтып еді, әйел дереу өзгеріп шыға келді. Ол бізге тамақ беріп жатқанда, мен оның түрінен Құдайдың сипатын көрдім».
Міне, адамның бойындағы адамгершілік пен мейірімділік, Жаратқанан қорқу мен үміттену секілді қасиеттер бой көрсете бастайды. Адам кейпіне енген періштенің нәпсісі қозып, қарны ашып, дірілдеп тоңа бастауы – жазушының адамдардың өмірі сынақ екенін еске салады.
«Ойыма Жаратқанның «Адамдардың бойында не бар екенін көресің» деген сөзі есіме түсті. Мен сендердің бойларыңнан махаббаттың ұшқынын байқадым. Арада бір жыл өткесін, үйге етік тіктіруге бір шонжар келді. «Майыспайтын, тозбайтындай етіп, тік! Бір жылға шыдайтындай болсын» деп әмір ете бастады. Ал мен бұл кезде оның артынан өзімнің досым, өлім періштесінің тұрғанын көрдім. Содан байдың күн батпай өлетінін білдім. Сонда маған мынадай ой келді: «Адам бір жылға қамданады, алайда кешке тағдырының қалай болатынын білмейді». Осымен Құдайдың екінші жұмбағының сыры ашылды.
Иә, жазушының кейіпкердің аузына салып берген сөзін жалған деуге келмес. Қайта бес күндік мынау жалған фәниде жүрегінде кей адамдардың иманы, о дүниедегі мәңгілік өмірге сенімі жоқтығынан еш алаңсыз, бір күндік қызыққа мастанып жүргенін көреміз. Ертеңгі күн тұрмақ, алдағы бір сағатты болжай алмайтынымызды еске салады.
«Бүгін мына екі қызды ертіп әйел келгенде, мен қыздарды бірден таныдым. Сонда ойыма «шешелерінің қыздары үшін менен өмір тілегені» оралды. Әке-шешесіз адам өмір сүре алады, ал Құдайсыз бір минутта өмір сүре алмайды екен. Мен сол кезде өгей әйелдің бойынан Құдайдың сипатын көрдім. Ол жетім қыздарға сондай зор махаббатпен қарап отыр екен. Осымен Құдайдың жасырған жұмбақтарының түйіні шешіліп, мен періште қалпыма келдім» дейді Михаил кейіпкер.
Иә, адам Жаратушысысыз бір күнде өмір сүре алмайтынын түсінуі қажет. Кейде адамдар Алланың ұмытқан кезде ашық күнде басымызға найзағай ойнатып, тәубемізге келтіріп қоятыны несі екен? Әлде өзі жаратқан пенделерінің қызылды-жасылды дүнеиің қызығына тоймай, ақыретті ұмытатына нали ма? Көктен жерге түскен қасиетті төрт кітапта Адам атаны (а.с) періштелерден артық қойғанда, әрі оған бағыныңдар дегенде, Ібілістен басқасы әмірге бағынады. Аллаһ тағала саналы тіршілік иелерінен алдымен Адам атаны (а.с.), сонан кейін оның серігі – Хауа ананы жаратты. Адам атаның жер бетіне түсірілгенін Құран кәрімнен білеміз. Күллі адамзаттың бабасы һәм жер бетінің алғашқы халифасы ретінде оның өмір жолы осылай басталды. Періште адамдардың қасиетіне тәнті болғанын айтады.
«Бір кезде періштенің денесі жалаңаштанып, толығымен жап-жарық болып, көзге шағылысардай нұрға бөленді; даусы өзінен емес, аспаннан шығып тұрғандай қатты естілді.
– Мен барша адамның өзінің ғана қамын ойлауымен емес, махаббатымен мәңгілік тірі екенін түсіндім. Әлгі өзім жанын алған шешенің балаларының өміріне не керек екенін білу бұйырмаған. Байдың өзіне етік немесе өлгенде киетін кебіс керек екенін білу бұйырмаған.Адам кейпінде болған кезімде мен өз еркіммен емес, өтіп бара жатқан адам мен әйелінің бойындағы мейірім арқылы тірі қалдым. Жетімдер де өгей әйелдің аяушылығы мен махаббатының арқасында тірі қалды. Барлық адамдар тек бойларында махаббат болғаннан кейін ғана мәңгілік жасамақ, олар сонысымен тірі. Бұрын мен Құдайдың адамдарға өмір беріп, олардың тіршілік етуін қалайтынын білетінмін. Енді менің көзім басқа да нәрселерге жетті. Мен Құдайдың адамдармен бірлесіп өмір сүргенін қалайтынын білетін едім. Бірақ неге екенін түсінбейтінмін. Олардың араларын жақындатып тұратын махаббат бар екенін қазір ғана ұқтым».
P.S.
Лев Толстой өзінің шығармасында адамдардың Жаратушыға ұнайтынын қасиеттерін ашып, айқын көрсетеді. Әлбетте, жазушының айтар ойымен толық келісуге болады. Шығарма соңына періште Михайл былай нүкте қояды: «Енді мен адамзаттың өз қамын ойлаумен емес, бір ғана махаббатпен тірі екендігін түсіндім. Кімнің жүрегі мейірім мен махаббатқа толы болса, оның бойында Құдай бар, Құдай сонымен бірге, өйткені Құдайдың өзі – Ұлы махаббат».
Асхат Өмірбаев
dalanews.kz