Қоғамда әл-әуқаты жоғары байлар және орта жағдайдағы адамдармен қатар қаншама сiңiрi шыққан кедейлер бар. Көбiне мұндай адамдар алақанын жаюға арланып, ешкiмнен көмек сұрай қоймайды. Құрбан айт мейрамы осындай жоқ-жiтiктер үшiн Алланың жасаған шарапаты болып табылады. Құрбан айттағы илаһи жарылқаумен жоқ-жiтiктердiң көңiлдерi райланып, қоғамның байлығын бiрге бөлiседi. Бұл әлеуметте әдiлеттiлiк сақталып, адамдардың бiр-бiрiне деген құрметi мен сүйiспеншiлiгiн арттырады. Бұл ретте құрбан шалудың бірнеше хикметтерін білген абзал. Сонымен:
Бірінші хикмет
Құрбан шалу – Ибраһим пайғамбардан бері үзілмей келе жатқан сүннет. Ибраһим Халиолла Алланың жарлығымен ұлы Исмаилды құрбандыққа шалғалы жатқанда Жаратқан оның шын ниетіне орай баласын құтқарып, орнына қошқар түсіреді. Есесіне, Исмаил аман қалып, Алланың бірлігін паш етеді.
Екінші хикмет
Құрбан шалу адам баласын Алланың алдында да, адамның алдында да бетін жарық етіп, ақыреттегі жазасын жеңілдетеді. Адамнан алғыс алған Алланың сауабына кенеледі. Ал бақиға аттанғанда, тіріде шалған құрбандығы қыл көпірден жеңіл өтуге жәрдемдеседі.
Үшінші хикмет
Құрбандық арқылы Алла пендесі берілген игіліккке шүкірлік қылып, күнәларына кешірім тілейді.
Төртінші хикмет
Мұсылман баласы құрбандық шалу арқылы нәпсісін тежеп, Алланың ризашылығына бөленеді. Жиған малынан бір кертіп Жаратқан жолына жұмсау арқылы адамдар өзінің дүние ісіне деген құмарлығын ауыздықтайды. Құрбандық шалу арқылы ол адам өзінің жамандығын тыйып, ішкі-сыртқы қалыбын жақсылықпен көмкереді. Өзі жақсы өзгеге де жақсылық жасауға әзір жүреді.
Бесінші хикмет
Құрбандық шалу арқылы адамдар бір-біріне көмек қолын созады. Осы арқылы олар бұл дүниенің де, ақыреттің де қызығына бөленеді. Құрбандығының кәдеге асқанын көрген адамға сауап та тез бұйырады.
Хикметтен хадис:
«Құрбандыққа малдың ең жақсысын, көзге жұғымдысын таңдаңдар. Өйткені бұл – сират көпірінен өтердегі өз көліктерің».
Құрбан айт мерекесі күні Ұлы Жаратушының ризашылығы үшiн шалынған құрбанның қаны адамдардың жүрегiндегi кiр-қоқыс пен көңiлiндегi пенделiктiң сыңғырын жуып-шайып, оның орнына сүйiспеншiлiктiң гүлi бүр жарады. Бұл күні ниеті түзу мұсылман қауымының жүрегiнде достық, бауырмашылдық, сүйiспеншiлiк, өзара құрмет, шер бөлiсу, бiр-бiрiне қол ұшын беру секiлдi сезiмдер атқақтап тұрады. Бұл күнi жеккөрушiлiк сезiмі суалып, өшпендiлiктiң тасы ерiп сала бередi.
Құрбандық хикметтері
Последние статьи автора