Қасиетті Құрбан айт – дүниежүзіндегі 1,5 миллиардтан астам мұсылман баласы үшін ұлық мереке. Бүкіл әлем бойынша БҰҰ-ға мүше тәуелсіз елдердің қатарында 50-ден астам мұсылман мемлекеті бар деп есептеледі. Мұсылман елдерінің көпшілігінде дерлік Құрбан айт мейрамы мемлекеттік деңгейде аталып өтіледі. Күллі мұсылман қауымын ізгілік пен мейірімділікке жетелейтін қасиетті Құрбан айт мерекесінің әр елде тойлануының салт-дәстүрлік ерекшеліктері – өз алдына бір әңгіме.
Сауд Арабиясындағы құрбандық шалу жобасы
Араб елдерінде, Сауд Арабиясында Құрбан айт мерекесі «Ид әл-Адха» деп аталады. Арнайы жоба бойынша былтырлары Мекке түбіндегі аса үлкен «әл-Муайсам» қасапханасында 700 мыңнан астам қой, 10 мыңнан аса ірі қара мен түйе құрбандыққа шалыныпты. «Әл-Муайсам» қасапханасындағы құрбандық шалу рәсіміне 18 мың қасапшы, 730 ветеринар, 77 шақты дін оқуында жүрген студент атсалысқан екен. Жалпы, бұл жоба аясында 1983 жылдан бері 4 миллионнан астам мал құрбандыққа шалынған.
Түріктер Құрбан айтта туыстарымен табысады
Түркияда Құрбан айт күндері төрт күн демалыс жарияланады, бірақ іс жүзінде мектептер мен бірқатар мекемелер апта бойы демалысқа шығады. Құрбан шалған адам кешкісін мұқтаж адамдарға дастарқан жаяды. Түрік ағайындар бұл мерекеде үй-іші, ағайын-туысымен бас қосып, арқа-жарқа болып қалады.
Әзірбайжандықтар үшін айттың мәні – мейірімділік
Әзірбайжан мұсылмандары айт күндері құрбан шалып, кедей-кепшіктерге үлестіреді. Бакудегі жамағат Тезепир деген бас мешітке жиналып, айт мейрамын атап өтеді. Бұл діни мейрамның мәні – мейірімділік, қайырымдылық, адамдарға сүйіспеншілік сыйлау.
Марокколықтар әндетіп айттайды
Мағырыптағы, яғни Солтүстік Африка елі Мароккода Құрбан айт мерекесі «Ид әл-Бабыр» деп аталады. Бойына жақсы киімдерін киген марокколықтар таң ата айт намазын оқу үшін мешітке ағылады. Айт намазынан кейін олар көшеге жиналып, Аллаға тәкбір айтады. Бұдан соң имамның уағызын тыңдап, Құран сүрелерін оқып, салат әл-идайн ғибадатын орындайды. Содан кейін құрбан шалу рәсіміне кіріседі. Марокколық мұсылмандардың бір ерекшелігі – айтта болсын, қуанышты-қайғылы күндері болсын әуендетіп жүреді.
Малайзиялықтар айт мейрамында ұлттық киім киіп, ұлттық тағамдар пісіреді
Малайзия жұрты үшін Құрбан айт мейрамы – жаймашуақ отбасылық мереке, бір күні демалып, ертесіне жұмысқа кірісіп кетеді. Малай халқы айт күні азанда намазға ұлттық киімін киіп барады. Ер-азаматтар «баджу мелайю» деп аталатын ұзын жең жейде, кең шалбар кисе, әйелдер «баджу куронг» көйлегін киеді. Айт намазынан кейін ата-аналарының үйіне сәлем беріп шығады. Әрбір ықшамаудан тұрғындары бір сиырды бірігіп сатып алып, құрбандық шалады. Құрбандыққа шалынған малдың етін бірігіп пісіріп, мұқтаж жандарға, достарына, туыстарына таратады. Олар мейрам күндері «ренданг» сияқты ұлттық тағамдарын дайындайды. Малайзиялықтар үшін адамның тоқ болуы маңызды, сондықтан да олар бір-бірінен «қалың қалай?» деп емес, «қарның тоқ па, тамақ іштің бе?» деп жөн сұрасып жатады.
Бір пікір:
Ғалия Қамбарбекова, Р.Б.Сүлейменов атындағы шығыстану институты Таяу және Орта шығыс елдері бөлімінің ғылыми қызметкері, ф.ғ.к., ирантанушы:
– Иранда Құрбан айт үлкен дайындықпен тойланады. Бірақ қалай тойланатынын төрт топқа бөліп қарастыруға болады. Бірінші, Құрбан айт дегенде бірден қажылыққа бару мәселесі басты назарға алынады. Демек, ислам республикасы болғандықтан, көбісі қажылыққа барғысы келеді және мыңдаған мұсылман жылдар бойы қажылық сапарына бару үшін сарыла кезек күтеді. Кімнің кезегі биылға түссе, ол адам бар ықыласымен осы сапарға дайындалады. Туыстары, таныстары ақша беріп, Меккеде біздің де атымыздан құрбандық шал деп өтініш жасайды. Иранда арнайы мемлекеттік қажылық ұйымы жұмыс істейді. Бұл мекеме Құрбан айт жақындаған сайын арнайы ұшақ рейстері ұйымдастырылып, оларды арнайы шығарып салып, арнайы күтіп алады. Әдетте әрбір қажыға қызығушылықпен, құрметпен қарайды. Яғни ирандықтар үшін Құрбан айты қажылық парызын өтеуді еске салады. Екінші, елде қалғандардың ішіндегілері мүмкін болғанша құрбандық шалуға тырысады. Халықтың саны көп, ал Тегеран 17 милллионға жуық халқы бар қала болғандықтан, қаланың сыртына арнайы мал сататын және мал соятын жер дайындайды. Әрбір малдың арнайы малдәрігері берген анықтамасы болады. Әдетте құрбандыққа қой шалады. Әрбір отбасы құрбандық шалады деп айта алмайсың, бірақ әр махалледе бір құрбандық шалынып, көрші-қолаңды, бүкіл махалле тұрғындарын құрбандықтан дәм татуға шақырады. Негізінен, үлкен шаһарға қарағанда шағын қалалар мен ауыл-ауылдарда Құрбан айт жақсы тойланады. Үшінші, Иранда мүлдем құрбандық шалмайтын және мұсылман бола тұра, құрбандық шалуға қарсы топтар да бар. Олардың пікірінше, малды сойып қан ағызғанша, бір тал еккен абзал. Осы қарсы топ Құрбан айтқа дейін ораза тұтып, аш жүреді. Құрбан айт біткен соң да ораза ұстайды. «Мұсылмандық – тамақ жеп, қонақ шақырып, ақшаны шашу емес» деп санайды бұл топ. Егер артық ақша болса, ол ақшасын кедей-кепшікке таратады. Тура осындай үндеулер қазір фейсбук беттерінде де көбейе бастады. Бұл – жылда болатын жайт. Төртінші, зорастризм дінін ұстанатындар Құрбан айтта мұсылмандардың мал сойып, қан ағызғаны барынша теріс қылық екенін айтып, ел арасына бұл істі істемеу керектігін таратады. Бұл жайт та фейсбук парақшаларында жылда көрініс табады.