Вакцинаның генетикалық әсері жоқ, уақыт өте келе өздігінен ыдырап кетеді – вирусолог
Вакцина салу не үшін қажет? Екпе төңірегінде қауесет таратып жүрген кімдер? Отандық QazCovid-in вакцинасының қандай артықшылығы бар? Отандық вакцинаның күші қанша уақытқа есептелген? Коронавирусқа қарсы вакцинаның қандай жанама әсері бар? Вакцинаны балаларға салуға бола ма? Коронавирус жұқтырған адам вакцина салдырса, оның зардабы қандай болмақ? Отандық вакцинаға қай елдер қызығушылық танытты? Әлемді жайлаған коронавирус қолдан жасалған ба?
Осы және өзге де сұрақтар бойынша Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтының Аса қауіпті аурулар зертханасының меңгерушісі, QazCovid-in вакцинасын жасаушылардың бірі Лесбек Күтумбетов сұхбат барысында айтып берді.
Тілші: Лесбек Бекболатұлы, қазір елімізде коронавирусқа қарсы жаппай екпе салу жұмысы жүргізіліп жатқаны белгілі. Алайда қоғамда вакцинация төңірегінде түрлі әңгімелер тарап, оған қарсылық танытып жатқандар бар. Айтыңызшы, вакцина салу қауіпті ме?
- Вакцинаға қатысты қоғамда неше түрлі әңгімелер, қауесеттер тарап жатқаны рас. Ол былтыр пандемия жарияланысымен-ақ басталған. «Ойбай, чип салады екен, бірнеше жылдан кейін адамдардың бәрі қырылады» екен деген сияқты небір әңгіме тарады.
Коронавирус пайда болғалы әлемде оған қарсы 200-ден астам мекеме вакцина жасауды қолға алды. Сондай-ақ ел арасында түрлі қауесет те көптеп тарай бастады. Қоғамда неше түрлі адам бар, кейбірі елде дүрбелең, соғыс туғызуды көздейді. Олардың коммерциялық та мүдделері бар, ақша табу үшін сондайға барады. Осыдан келіп ел арасында вакцинаға қатысты түрлі жағымсыз пікір тарап жатыр, оған мән берудің қажеті жоқ.
Ковидтен басқа жалпы вакцина жайлы айтсам, ол медицинада баяғы заманнан қолданып келе жатқан дәрі-дәрмектің бір түрі. Оның басты мақсаты – жұқпалы аурулардың алдын алу. Табиғатта неше түрлі жұқпалы ауру бар. Мәселен, тек тұмаудың өзі әр адамға әртүрлі әсер етеді. Біреулер жатып қалады, тағы бірінде жеңіл өтеді. Ал иммундық жүйесі нашар адамдар тұмаудан қайтыс болып кетеді. Ол үйреншікті ауру болған соң оған ешкім көңіл бөле бермейді. Дегенмен соңғы кезде тұмауға қарсы неше түрлі екпе шығып жатыр. Халық ол вакцинаға да үйреніп қалды, әркім өз еркімен барып салдырып жатады. Оны алған адам тұмау асқынған кезде ауырмайды немесе сырқат жеңіл өтеді. Сол сияқты басқа да жұқпалы аурулар бар. Сондықтан бала туа салысымен бірнеше екпе алады. Мәселен, қызылша және тағы басқа ауруларға қарсы екпе салдырамыз. Оны салдырмасаң, ертең балаң ауырады.
Қазіргі вакцина осындай індеттің алдын алуға арналған. Ол жаңалық емес, бұрыннан егіліп келеді, пайда болғанына 100 жылдан асты. Оны түсіну үшін халықтың мәдениеті көтерілуі керек. Мұндай індеттік ауру тараған кезде одан қорғанып, қалай өмір сүру керек, қауіпсіздікті қалай сақтау қажеттігін түсіну қажет. Пандемия басталғалы карантин жарияланып, маска тағу, қолды ауызға салмау, бетті ұстамау, әлеуметтік қашықтықты сақта деген сияқты түрлі шектеулер бар. Бұрынғы қалпымызға келу үшін осы шектеулерді дұрыс ұстана білуіміз керек, оған қоса екпе алып, қорғану қажет. Сондықтан бұл шаралардың бәрін халық дұрыс түсінуі керек. Вакцина салудан қорқудың қажеті жоқ, оны бұрыннан салдырып келеміз. Мәселен, 1980 жылға дейін шешек деген ауру болған. Адам одан қайтыс болып кетеді немесе көзі соқыр болып қалады. Оны жаппай екпенің арқасында әлем жеңді.
Сондай-ақ өткен ғасырдың басында оба және басқа да ауру түрлері көп тарады. Еуропа елдерінде осы аурудан халық көп қырылды. Тырысқақ (Холера - ред.) деген ауру бар. Одан кейін малдан адамға жұғатын түрлі ауру бар. Оларды жұқпалы індеттік ауру дейді. Оның ішінде қауіпті және аса қауіпті дегені болады. Қазір кене шаққаннан да адам өліп қалып жатыр. Міне, осындай аурулардың алдын алу үшін вакцина салынады. Ковид жаңа ауру, мұндай пандемияны біз өмірімізде бұрын көрген жоқпыз. Жүз жыл бұрын тұмаудың осындай пандемиясы болған. Ол кезде 20 млн-дай адам қайтыс болып кетті.
Тілші: Бұрын пандемиядан 20 млн адам қырылып қалды деп отырсыз, қазіргі жағдайды қалай сипаттайсыз?
- Қазіргі ковидпен де оңай болып жатқан жоқ, Еуропада алғашында ауырған адамдардың 10 пайызына дейін көз жұмып кетіп жатты. 10% деген өте жоғары көрсеткіш, 100 адамның 10-ы өліп кетіп жатты. Құдайға шүкір, Қазақстан, Ресей және басқа көрші елдерде өлім-жітім 1-2% шамасында, біздің елде 0,1% болды. Сондықтан біз бұл аурудың зардабына көп мән бермей жатырмыз. Оның қиянатының қандай екенін қатты ауырған адам мен жақындарын жоғалтқандар ғана сезініп, түсінуде.
Жалпы жер бетінде халық көбейген сайын мұндай аурулар жиі-жиі кездесуі мүмкін. Оны соңғы бірнеше онжылдықта байқап отырмыз. Осы ковид ауруының "туысқандары" 10-15 жыл бұрын Қытайда, Африкада екі рет тарады. Ол кезде коронавирустың MERS деген түрінен адамның өлімі 37%-ғка дейін жетті. Алайда ол жылдам тарамаған соң өздігінен жоғалып кетті. Егер мына КОВИД-19 дәл сондай өлім-жітім тудыратын шамасы болса, халық қырылып, сұмдық жағдай болушы еді.
Тілші: Сіз отандық QazCovid-in вакцинасын жасаушылардың бірісіз. Осы вакцинаның жасалу барысы жайлы айтып берсеңіз?
- Былтыр пандемия басталғанда біз наурыз айында вакцина жасауға кірістік. Нақты айтсам, 23 наурызда бізге биоматериал келді, содан бастап жұмысты бастап кеттік. Содан арнайы әдістермен ковид ауруының вирусын шығарып алдық, кейін бір жарым айда оны толық құрастырып шықтық. Сөйтіп, 15 мамырда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына тіркедік. Сол сәттен бастап бізде вакцина бар деп есептеліп, оны сынақтан өткізу басталды.
Вакцина негізінен мемлекеттік бағдарлама аясында жасалып жатыр, яғни мемлекеттің ұйғарымы бойынша бізге ақша бөлінді. Алғашында бұл бағдарламаға бес түрлі вакцина жасаймыз деп енгіздік. Оның алғашқысы осы өлтірілген вирустан жасалған вакцина. Қазір ол өндіріске енді.
Вакцинаның жасалу барысына келсем, негізі ковидтің өлтірілген вирусын көбейтіп, соған иммуностимулятор қосылады. Вакцина былтыр жазда клиникаға дейінгі сынақтан өтті. Ол зертханалық жануарларға, оның ішінде ақ тышқан, күзен, соңында маймылдарға сыналды. Ал қыркүйек айынан бастап адамдарға сынақ басталды. Адамдарға жасалатын сынақ негізінен үш деңгейде өтеді. Бірінші деңгейде вакцинаның адам ағзасындағы қауіпсіздігі тексеріледі. Бұл жерде біз 44 адамды таңдап алдық, вакцинаның қауіпсіз екені сол жерде көрсетілді. Екінші деңгейде 200 адамға салынды. Онда қауіпсіздігімен қоса иммуногендік аурудан қорғау қабілеті анықталды. Осы екі сынақта да вакцина өз қауіпсіздігін және ковидке қарсы тиімділігін көрсетті.
Вакцина салған соң адам ағзасында вирусқа қарсы антидене пайда болады, яғни алғаш салған күннен 42 күнге дейін антидене көбейіп отырады. Алғашқылары 21 күнде пайда бола бастайды, екіншісін салған соң 42 күнге дейін антидене өсіп отырады. Кейін антидене 3-4 айдан соң бірте-бірте төмендей береді. Қазірше 6 айға дейін жетіп тұр. Қазір жасалып жатқан вакциналар 6 айға дейін иммунитет берсе, ол тиімді деп саналады.
Тілші: Вакцинаның күші 6 айдан соң төмендеп кетсе, оны қайта салдыруға бола ма?
- Қазір зерттеу жүріп жатыр, оны жазды күні толығымен аяқтаймыз. Ол үшінші деңгейдегі сынақ біткен соң белгілі болады. Міне, сол кезде ғана қайтадан егуге болатынын айтамыз. Қазіргі сынақ көрсеткіштеріне қарағанда оны алты айдан кейін қайта егу керек. Оны қайта егуде ешқандай зияны жоқ, иммунитетіңіз қайта көтеріледі. Жануарларға салған соң шілде айында өзімізге салғанбыз, содан осы уақытқа дейін сонымен келеміз. Ай сайын қанымызды тексеріп отырамыз, вакцина салған қызметкерлердің барлығының қанында ковидке қарсы антидене бар.
Тілші: Бұл жаңа шыққан вакцина болғандықтан халық оның жанама әсеріне алаңдап отыр. Кейбірі тіптен вакцина алғандар ертең бедеу болып қалады екен дегенді айтып жүр. Вакцинаның жанама әсерлері жайлы не айтасыз?
- Ондай жағымсыз әңгімені, жоғарыда айтқанымдай, қоғамда вакцинаға деген сенімсіздік тудыратын белгілі бір топтардың әрекеті ғой. Негізі бала туа салысымен оған вакцина салынады. Осы уақытқа дейін вакцинадан ешкім бедеу болып қалған жоқ. Әрине, өте ауыр вакциналар бар, олардың жанама әсерлері болады. Олар бірен-саран, ковидке қарсы вакцина олардың қатарына жатпайды. Бұның генетикалық әсер беруі мүмкін емес. Себебі бұл ағзада уақыт өте келе өздігінен ыдырап кетеді. Бауыр, бүйрек арқылы қанның құрамынан шығады. Кез келген вакцинаның сондай қасиеті бар. Сондықтан вакцина төңірегінде тарап жатқан теріс пікірлердің барлығы дұрыс емес, шындыққа жанаспайды.
Вакцина салған кезде ине салған жер, әрине, ауырады, ол да жанама әсерге жатады. Адамдардың иммундық деңгейі әртүрлі, бірі екпе алған соң басым ауырды дейді, кейбірі денем қалтырады десе, тағы бірінде ештеңе сезілмейді. Ондайлар болады, оның барлығы вакцинаның арнайы нұсқаулығында жазылған өтпелі жанама әсерлер.
Тілші: Қазір вакцинаны балалар мен егде жастағыларға салмай жатыр. Екпе салуда жас ерекшелігі маңызды ма?
- Бұл вакцинаны тексеру кезінде оны 18 жастан жоғары азаматтарға салудан басталды. 70 жастан асқандар да салдырып жатыр. Вакцина жас талғамайды. Бірақ 18 жасқа дейінгілерге зерттеу жүргізілген жоқ. Сондықтан оларға қатысты салуға болады немесе болмайды деп ештеңе айта алмаймыз. Жалпы егде жастағыларға қарағанда жастардың иммунитеті күшті болады. Оларға вакцинадан қандайда бір зиян келеді деп айта алмаймын. Егер Денсаулық сақтау министрлігі жастарға қатысты зерттеу жүргізу керек десе, оны өткіземіз. Ал теория жүзінде айтсақ, балаларға ешқандай зиянын тигізбейді, еш өзгеріс болмайды.
Тілші: Қан қысымы бар, жүрегі ауыратын адамдарға екпе салуға болмайды деп естіп жатырмыз. Жалпы вакцинаны қандай ауруы бар адамдарға салуға болмайды?
- Вакцинаны сынақтан өткізудің үшінші деңгейінде мұндай тосқауылды ешкімге қойған жоқпыз. Клиникалық зерттеуге қатысқан 3 мың адамның ішінде гипертоник, жүректің ишемиялық ауруы, гепатит, гастрит, аллергиямен және басқа да аурумен ауырған адамдарға салдық. Сондықтан созылмалы ауруы бар адамдарға алып бара жатқан ешқандай тосқауыл жоқ. Тек вакцинаны салған кезде дәрігер адамның денсаулығын өзі анықтайды. Мысалы, дене қызуың көтеріліп тұрса, онда екпе салынбайды. Одан кейін қатты аллергиясы бар адамдар болады, оларға дәрігерлердің бақылауымен ғана салуға болады. Ондай кезде дәрігер жанында болуы керек, аяқасты аллергиясы қозып кетсе, көмек көрсету үшін. Осындай ауруы барларға салуға болмайды дейтіндей алып бара жатқан шектеу жоқ. Бұл өлтірілген вирустан жасалған соң, ол ең қауіпсіз, қатері жоқ вакцина. Ал басқа вакциналарда белгілі бір шектеулер бар.
Тілші: Мәселен, коронавирусты жұқтырғанын білмеген адам вакцина салдырса, оның зардабы қандай болады?
- Мұндай жағдай әбден болуы мүмкін. Егер адам бірнеше күн бұрын вирус жұқтырып, оны білмей вакцина салдырған жағдайда ол субклиникалық ауруды бастан өткізеді. Яғни вакцина оның сырқатын қоздырып жіберуі мүмкін. Алайда ол барлық адамда бірдей бола бермейді, тек бірен-саран жағдайда кездеседі. Көбінде субклиникалық ауру жүрген кезде айтарлықтай белгісі болмайды.
Тілші: Өзге елдерден біздің вакцинаны сатып алу жөнінде сұраныс түсті ме?
- Ресми түрде түскен сұранысты естігенім жоқ. Бірақ бұған дейін Грузия, Әзербайжан және Араб елдерінің қызығушылық танытқанын естігенмін. Егер сұраныс болса, әрине, вакцинаны нарыққа шығаруға болады. Өйткені біздің вакцина әлем бойынша тиімділігі расталған 5 екпенің қатарында. Бірақ біздің қазіргі міндетіміз - өз халқымызды екпемен қамту.
Тілші: Ұжымдық иммунитет қалыптасу үшін халықтың қанша пайызына екпе салған дұрыс?
- Бұл жөнінде эпидемиологияның өз заңдылығы бар. Жалпы халықтың 70-80 пайызында иммунитет болса, онда эпидемия тоқтайды. Егер одан төмен болса, індеттің таралуы өршімейді, бірақ бір қалыппен тарай береді, жойылмайды, арамызда болады. Эпидемияны тоқтату әр ауруда әртүрлі болады. Ковидте сол 70-80 пайыз жеткілікті. Ал қызылша ауруы кезінде вакцина салу 100 пайызға жақын болуы керек, егер 90-95% деңгейінде болса, оның таралуы жалғаса береді.
Тілші: Қазір көптеген ата-ана баласына вакцина салдырғысы келмейді. Олар екпе салған соң адамның табиғи иммунитеті төмендеп кетеді деген уәж айтады. Бұл тұрғыда не айтар едіңіз?
- Бұл да теріс пайым. Екпе салған кезде иммунитет сол вакцинаның әсерімен жұмыс істейді. Дегенмен ол ағзаға жүктелетін қосымша жүк. Сондықтан организм оған көңілін бұрып, екпе алған алғашқы 2-3 күнде иммунитет төмендеуі мүмкін. Бірақ жалпы иммунитет төмендеп кету деген жоқ. Вакцина дегеніміз антиген, яғни иммуностимулятор деп атайды. Ұйықтап жатқан иммунитетті түрткілейтін зат, соның арқасында адамның иммунитеті беки түседі. Вакцинаның арқасында адам бойындағы кейбір ауру жоғалып кетеді. Себебі иммунитеттің күшею қабілеті артады, ұйықтап жатқан жерінен оянып, тірлік істегендей болады.
Тілші: Әлемді жайлаған коронавирусқа көзқарасыңыз қандай, ол қолдан жасалған ба?
- Оның неден тарағанын айту қиын, оны ешкім қазір нақты айта алмайды. Дегенмен вирустың қолдан жасалғаны туралы сөздер бекер емес. Себебі бұл вирустың биологиялық қасиеті зертханалыққа ұқсайды. Дегенмен эпидемиологиялық және саяси жағдайларға қарасақ, қолдан жасалғанға келіңкіремейді. Егер зертханалық болса, оны жасағандар айналасына оған қарсы вакцинаны егіп қояды. Біздің жағдайымызда ондай мәлімет жоқ, ауру шыққан жердің өзі де басында сасып қалды. Сондықтан бұл екіұшты әңгіме. Уақыт өте келе белгілі болады деп ойлаймын. Әзірге оның зертханада жасалғанын ешкім дәлелдеген жоқ.
Бастысы, біз пандемияға қарсы күресті тиімді жүргізуге көңіл бөлуіміз керек. Алдағы уақытта да мұндай пандемиялар болуы мүмкін, соған әзір болу керек. Мемлекет соған қарсы тұратын қор жинап, қажетті медициналық бұйымдарды өндіруі қажет. Оның үстіне ғылымға көңіл бөліп, кез келген жағдайда өзіміз вакцина шығара алатындай деңгейде болуымыз керек. Соның арқасында халықты сақтап қаламыз.
Тілші: Әңгімеңізге рахмет!
Әділет МҰСАХАЕВ