"Уақытша ләззат үшін дәрі ішеді": Төсектегі қуаты төмендеген еркектерге дәрігер өкпесін айтты
Төсекте өзін әлсіз сезіне бастаған ер адамдардың күш-қуатты арттыру үшін түрлі дәрі-дәрмекке жүгінуі артып барады. Бұл өз кезегінде ер адамның денсаулығын одан әрі әлсіретіп, түбінде қауіпті дерттерге әкелуі мүмкін. Елімізге белгілі уролог-андролог Олжас Иманғалиұлы осылай дабыл қағуда деп жазады KAZ.NUR.KZ.
"Дәрігерге келуге намыстанып, өз бетінше емделетіндер арамызда көп кездеседі. Бірақ бұл қателік екенін өздері де біле бермейді. Қазір дәріханаларда еркектің төсектегі белсенділігін арттыратын дәрі-дәрмектер көп және олардың барлығы қолжетімді бағада. Біздегі ер адамдарға дәрігерге келіп, аурудың төркінін анықтағаннан гөрі, дәріханадан дәрі ала салған әлдеқайда жеңіл. Иә, аталған дәрілер еркектің күш-қуатын арттырады. Бірақ уақытша ғана... Уақытша өзін жеңіл, нағыз еркек сезінеді де, кейін бәрі бастапқы қалпына қайта түседі. Тіпті, мұндай дәрілерді көп қабылдаудың арты аурудың асқынуына әкелуі мүмкін. Сондықтан, төсектегі қабілеті төмендеген ер азаматтар қауымы шұғыл уролог-андрологқа көрініп, ауруды емдегені дұрыс", - дейді дәрігер.
Сонымен қатар, білікті маман қазіргі таңда төсекте өзі ойлағандай нәтиже көрсете алмайтын ер адамдар қабылдауына жиі келетінін жеткізді.
Олжас Иманғалиұлының айтуынша, олардың көпшілігі отбасылы.
"Ал кейбіреулер еркектік факторлардан балалы болмағандықтан, ажырасып кетіп жатыр. Әрине, бұл жайттар ойландырмай қоймайды. Ер адамның төсектегі күш-қуатының кемуіне көп нәрсе әсер етеді. Оның ішінде ең маңыздысы – еркектердің жыныстық ауруларға, әсіресе, простатитке көп ұшырауы. Бұл ер адамдар үшін өте қауіпті дерт.
Простатиттің төрт клиникалық белгісі бар. Біріншіден, қуық асты безі қабынған кезде ауыру сезімдері көп болады. Яғни, бұт арасы мен тік ішек бойы ауырып, зәр шығарғанда ауырсыну байқалады. Екіншіден, ер адамдардың зәр шығару жүйесі бұзылып, күндіз де, түнде де дәретханаға жиі барады. Мазасыздық пайда болады. Простатиттің үшінші белгісі – төсектегі әлсіздік. Жыныстық қатынас кезінде тез шаршап қалу немесе төсекке мүлде ынтасы болмау. Ал төртіншісі белгісі – ұрық сапасының төмендеп кетуі. Ерлердің бедеулігіне алып келетін ең қауіпті дерт – осы простатит", - дейді уролог-андролог.