"Рактан айықтырды": ғалым жусанның емдік қасиеті туралы айтып берді
Қазақ үшін қасиетті өсімдік саналатын жусан туралы Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз
Жусан қайда өседі
Жусан астралылар тұқымдасына жататын көпжылдық, кейде бір не екі жылдық шөптесін өсімдіктер тегі, көбіне шала бұта түрінде кездеседі. Қазақстанның барлық жерінде шөл-шөлейтті далада, таулы жерлерде өсетін 81 түрі бар.
Жусанның биіктігі - 10 60 см, кейде 1,5-2 метрдей болады. Сабағы тік немесе жерге жайылып өседі. Жапырағы кезектесіп орналасқан, қауырсын тәрізді, шеті тілімденген, кейде бүтін жиекті. Ұсақ гүлі қос жынысты, сары түсті, себеттері көп, әбден піскен кезде шашыраңқы иіліп келген сыпыртқы гүлшоғырын құрайды. Шілдеден қыркүйекке дейін гүлдейді.
Емдік қасиеттері
Жусан - құнарлы мал азығы, дәрілік, бояуыш, тағамдық, витаминді, эфир майлы өсімдік. Оның 17 түрі сирек кездеседі. Қазақ халқы үшін жусан қасиетті өсімдік болып саналады. Қазақстанда ғана өсетін жусанның бір түрі - дәрмененің дәрілік шөп ретінде пайдасы зор. Ол оңтүстік өңірлерде өседі.
Шырғалжын жусанның жапырағы мен сабағын жеуге болады, ал құм жусаны қан тоқтату үшін пайдаланылады. Жусанның улы түрі де (таврий жусаны) кездеседі, оны мал жемейді. Ал тамыр жусан мен дәрмене жусаны қолдан өсіріледі.
"Жусан теңіз саяхатшыларын түрлі теңіз ауруларынан сақтаған. Бір нәрсені ойлап, қапаланғанда жусанды иіскесеңіз, көңіліңіз орнына түседі. Ұйқысыздыққа ұшырағанда, жастығыңыздың астына жусанды қойсаңыз, көзіңіз тез ілінеді. Жусан бөлмедегі ауаны тазартып, жүйкені тыныштандырады", - дейді Qazaqмед орталығының қызметкері Айдана Хасен.
Сонымен қатар ол жусанның емдік қасиеттері ертеден белгілі екенін айтады.
"Оның құрамында гликозидтер, фабонидтер, органикалық қышқылдар, микроэлементтер мен витаминдер бар. Жусанның емдік қасиеттері әртүрлі ауруларда: асқазан ішек жолдары, гастрид, тері ауруларына тартырмас ем болып саналады", - дейді Qazaqмед орталығының қызметкері.
Рактан айықтырды
Қазақстандық дәрігерлер жусаннан емдік қасиеті бар дәрі жасаған. Ол - өт жолдарына, асқазан мен тері ауруларына ем.
Қазақстанның ұлттық ғылым академиясының академигі Серғазы Әдекеновтың басшылығымен жусаннан "Арглабин" атты дәрі жасалыпты. Қазір бұл дәрі АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Қытай, Германия, Швеция және тағы басқа елдерде таралып, қатерлі ісік ауруына қарсы қолданылуда.
Дәрігер, гомеопат Мақсат Әбдіқадірдың жусан "өңештің қатерлі ісігін" емдей алатынын айтады.
"Шымкенттегі бір науқасқа дәрігерлер "өңештің қатерлі ісігі" деген диагноз қойды. Ол маған тиісті қағаздарымен келді. Оның ауруын емдеу үшін жусан, адыраспан шөптерін қосып, дәрі жасап бердім. Науқасты 6 айдан кейін тексерген кезде рактың жазылғаны дәлелденді", - дейді ол Qazaqstan телеарнасына берген сұқбатында.
Сонымен қатар арқар жусан бауыр аурулары, оның ішінде В, С гепатитін емдеуде қолданылады.