Қарайған банандарда құрт болатыны рас па?
Қазнетте құрттары бар бананның видеосы тарады. Белгісіз біреу оның бір бөлігін микроскопқа қойып, линза арқылы онда құрттар бар екенін көрсетеді. Видео қаншалық шынайы болып көрінгенімен, бұл - фейк, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі stopfake.kz-ке сілтеме жасап.
Украиналық химик Глеб Репич піскен бананмен осындай тәжірибе жасап, оны өзінің Instagram-парақшасында көрсеткен. Ол қоңыр бананды микроскоппен қарап, ешқандай құрт таппаған. Содан кейін Репич жемістің ылбыраған бөлігін алып, микроскоппен қарайды, онда да паразиттер болмаған. Ғалым өзінің тәжірибесіне сүйене отырып, банан мен құрттың таралған видеосы өтірік деген қорытындыға келді.
Бананның пісу дәрежесі әртүрлі болады. Дегенмен қоңыр банандардағы қоректік заттардың мөлшері сары жемістің құрамынан айтарлықтай ерекшеленбейді. Тым піскен жемістерде де пайдалы заттар бар. Бірақ қоңыр бананың құрамында қант әлдеқайда көп, өйткені талшықтардың ыдырауы кезінде ондағы күрделі крахмалдар жай қантқа айналады.
Алайда жеміс көгеріп кетсе, одан жағымсыз иіс шықса немесе сұйықтық бөлінсе, демек, ол - шіріп кетті деген сөз және оны жеуге болмайды.
Яғни, ылбыраған банандағы құрттардың видеосы - фейк. Қоңыр банандарды жеу қауіпсіз. Сонымен қатар, олардың құрамында кәдімгі піскен банандағыдай дәрумендер мен антиоксиданттар болады, тек азырақ мөлшерде. Сондықтан банан көгермеген болса және одан жағымсыз иіс шықпаса, оны түсіне қарамастан, жеуге болады.