Халің қалай, ЦСКА?
7 мамыр күнгі Отан қорғаушылар мерекесіне орай Әскери орталық спорт клубы туралы мақала жазу көптен бері ойымызда болған. Оған себеп те аз емес еді. Мақаламызға себепкер болған басты себептердің бірі – осыдан бірнеше жыл бұрын таралған сыбыстың әлі күнге дейін басылмауы. Яғни Қорғаныс министрлігінің Алматы қаласындағы оқу-жаттығу орталығының Астанаға көшіріліп, оның орнына зәулім ғимарат салынуы мүмкін деген сыбыс. Мұның шындыққа қаншалықты жанасымды екенін білу ниетімен ЦСКА-ның Алматы қаласындағы спорттық базасына барған едік. Нәтижесінде бізді, спортсүйер қауымды, жалпы оқырмандарды қызықтырған басқа да сұрақтарға жауап алып қайттық.
Әлқиссамызда айта кетейік, ЦСКА-ның басшылығы, негізгі штабы елордамыз Астанада орналасқан. Оның үш жаттығу орталығы бар. Бірі – Щучинск қаласында, екіншісі – Алматыда, үшіншісі Алматы облысына қарасты Панфиловка елді мекенінде орын тепкен. Дегенмен бұған дейін ЦСКА-ның оқу-жаттығу орталықтары Семей мен Қарағанды қаласында да болған екен. Бірақ белгілі жағдайларға байланысты жабылып қалған. Мұның себебін сұрағанымызда ҚР Қорғаныс министрлігі ЦСКА басшысы-Спорт комитеті төрағасының орынбасары, полковник Бекболат Иханбаев былай деп жауап берді:
«Әрқандай сұрыптаулар жүргізілгеннен кейін ғана шешім шығарылды. Себебін айтар болсақ, ол жердегі спорт түрлерінің Қарулы Күштерге еш қажеті болмады. Мысалы, гимнастиканың Қарулы Күштерге қатысы жоқ. Ол жеке үйірме ретінде Алматыда істеп тұр. Гимнастикаға қатысамын деуші жасөспірімдерге Алматыдағы филиалдың есігі әрдайым ашық. Бірақ команда ретінде спорттың бұл түрі ЦСКА-ға керек емес. Сондай-ақ ЦСКА-да гольф спорты да болатын. Бірақ өздеріңіз ойлаңыздаршы, гольфтың әскерге не қажеті, не қатысы бар? Бұдан басқа бұрынырақта бізде спорттың 40-тан астам түрі болатын. Бірақ бүгінде Қарулы Күштерге қажетті деген 17 түрін ғана қалдырып отырмыз. Жаттықтырушылардың 90 пайызын алып қалдық. Ал кетемін дегендерін ұстамаймыз».
– Негізі, Олимпиада ойындары сияқты төрт жылда бір өтетін дүбірлі дода Қарулы Күштер арасында да ұйымдастырылып тұрады. Биыл сол ойындардың кезегі келіп қалды. 2007 жылы Үндістан қабылдаған. Енді биыл шілде айында Бразилияда ұйымдастырылады, – деп әңгімені спорттық жүрістен қатарынан үш Олимпиадаға қатысқан, бүгінде ЦСКА-да Штаттық командалар дайындығы бөлімі аға офицерінің уақытша қызметін атқарушы Сергей Корепанов жалғастырды. «Мұндағы айтпағым, ЦСКА-да сақталған спорттың 17 түрі сол Қарулы Күштер арасындағы ойындардың бағдарламасына кіреді. Алматыдағы оқу-жаттығу орталығында 12 спорт түрі, яғни футбол, волейбол, баскетбол, бокс, еркін күрес, дзюдо, жүзу, жеңіл атлетика, спорттық бағдарлау, таэквондо, қоян-қолтық ұрыс және классикалық күрес бар. Щучинскідегі филиалымызда бес спорт түрін, яғни шаңғы жарысынан, биатлон, триатлон, қазіргі заманғы бессайыс және әскери көпсайысты дамытып отырмыз. Ал Панфиловкадағы оқу-жаттығу орталығында ЦСКА футбол клубы өз алаңындағы ойындарын қабылдайды», – деп өз ойын аяқтады Сергей Корепанов.
Жалпы, Сергей Арсентьевтің сөзіне сенсек, бүгінде ЦСКА-ның намысын 120-ға жуық спортшы қорғайды екен. Олардың арасында Азия жеңімпаздары, әлем чемпиондары, Олимпиада жүлдегерлері де бар. Алысқа бармай-ақ қоялық, өткен жылғы Гуанчжоу жазғы Азиадасында ҚР Қарулы Күштерінің спортшылары алты алтын, 12 күміс, 11 қола, яғни барлығы 29 медаль иеленсе, елімізде өткен VII қысқы Азия ойындарына ЦСКА-ның 27 спортшысы қатысып, соның 22-сі жүлдеге ілігіпті. Сонымен қатар бүгінде Әскери орталық спорт клубында 17 спорт түрі қалғанымен, биік жетістіктерге жеткен Мақсұт Жұмаев, Денис Урубко, Василий Пивцов секілді альпинистерді өз құрамында алып қалған. Ал командалық спорт түрлерінен футбол командасы, әйелдер арасындағы волейбол командасы және ерлер арасындағы баскетбол командасы бар.
Сонымен, сіз бен бізді мазалаған «ЦСКА-ның болашағы бар ма» деген сұраққа келер болсақ, оған полковник Бекболат Иханбаев былай деп жауап берді:
– Өткенде қорғаныс министрі Астанаға барлық басшыны шақырып алып, ЦСКА-ның қалатыны туралы, жұмысын әрі қарай жалғастыратыны жөнінде қадап айтты. Сөйтіп, күрделі жұмыстарға кететін шығындар есептелді. Нәтижесінде қаржы бөлініп, ЦСКА Алматыда қалатын болып шешілді. Тағы бір айтарым, бүгінде біз әртүрлі спорттық федерациялармен бірлесе жұмыс істеудеміз. Мәселен, Теннис федерациясы бізге төрт теннис кортын салып жатыр. Сондай-ақ Әскери спорттық клуб федерациясы бізге жеңіл атлетика манежін салып беріп жатыр. Сондықтан ЦСКА Алматыда мәңгі қалады деп айтуға толық негіз бар.