Журналистерге арналған семинар-тренинг өтті
Жақында Алматы қаласында «Қазақтілді БАҚ тәжірибесіне жаңа медиатехнологияларды енгізу» атты екі күндік семинар-тренинг болып өтті. Семинарға Қазақстанның барлық облыстарынан 30-дан астам журналист қатысты.
ЕҚЫҰ-ның Астанадағы өкілдігі мен «Сорос» Қазақстан қорының қолдауымен және «Мінбер» журналистерді қолдау орталығының ұйымдастыруымен өткен шарада жаңа медиа-технологиялармен жұмыс істеу, интернет сайт, блогтар ашу, интернетте видео, аудио файлдар орнату секілді қыры мен сыры сан түрлі тәсілдер үйретілді.
Жалпы, елімізде мұндай семинарлар жоқтың қасы. Бірді-екілі шаралар болмаса, журналистерді профессионалдық тұрғыда баулитын шаралар өтпейді. Оны семинар барысында өткізілген сауалнамалар дәлелдеп берген. Семинар барысында қатысушыларға екі түрлі сауалнама таратылып берілді. Оның бірі семинар-тренингті бағалауға арналса, екіншісі жаңа медиаға қатысты әрбір қатысушының ойын білмек мақсатта дайындалған болатын. Қатысушылардың 99%-ы мұндай семинарларға бұрын қатыспағанын және таза қазақ тілінде семинар-тренингтердің тым сирек болатындығын айтқан.
2009 жылдан бері интернет-ресурстар БАҚ-пен теңестірілгені белгілі. Бұған сәйкес кез келген блог иесі форум мен чатқа қатысушы БАҚ өкілімен бірдей жауапкершілікке ие. Осыған орай семинар барысында БАҚ өкілдеріне «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қоры мен Ұлттық телерадиохабарлар тарату қауымдастығы заңгерлерінің қатысуымен арнайы құқықтық кеңестер беріліп, интернетте мақалалар мен ақпаратты қалай жазу тәсілдері айтылды.
Семинар-тренингте журналистер арасынан тек Алматы ғана емес, өзге аймақтарда да осындай қазақтілді медиа семинар-тренингтерді өткізу туралы ұсыныстар аз болмады. Қатысушылар тіпті еліміздің жүрегі – Астананың өзінде қазақ тілінде мұндай басқосулар сирек болатынын айтып жатты. Соның ішінде жаңа медиаға арналған кітапшалар, брошюралар, әдістемелік құралдар шығару мәселесі де ұмыт қалған жоқ.