Журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында ақпарат саласы мамандарын алғаш болып әдеттегідей Қазақстанның Журналистер одағы құттықтады.
Алматыдағы Ұлттық баспасөз орталығында өткен жиында қоғамдағы өткір мәселелерді талқылауда белсенділік танытып жүрген тілшілер Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаевтың қолынан арнайы дипломдар алып, ақшалай сыйлыққа ие болды. Одақ сыйлығының иегері атағы үшін өткен шығармашылық байқау жеңімпаздары репортерлік жұмыс, журналистік зерттеу, іздестіру материалдары, телевизиялық қызмет, зерттеу жұмысы, фотоқызмет, медиажоба, экономикалық шолу және саяси шолу аталымдары бойынша марапатталды. Одан бөлек, «Қазақстан-ZAMAN» халықаралық газетінің Рахымбай Қаналы атындағы және «Қазинпресс» редакциялық-баспалық тобының Амангелді Ахметәлімов атындағы дәстүрлі сыйлықтары мен Жеңістің 65 жылдығына арналған «Қазақстанның құрметті журналисі» белгілері де иелеріне осы салтанатты жиында табыс етілді. Төл мерекесі қарсаңында журналистердің басын қосқан одақ басшылығы БАҚ-ты қолдап, олармен жақсы қарым-қатынаста болған билік өкілдерін де ұмыт қалдырған жоқ.
Сейітқазы МАТАЕВ, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы:
– Үздік журналистерді марапаттау биыл да жылдағы дәстүр бойынша өтті. БАҚ арасында болған шығармашылық байқауға 70-ке жуық жұмыстар келіп түсті. Әрине, тілшілердің жұмысының қиындығын ескеріп, бұлардың барлығына бірдей сыйақы беруге болатын еді. Бірақ арнайы комиссияның шешімімен 2010 жылдың үздік жұмысын анықтау конкурсын тоғыз номинация бойынша өткізуді жөн санадық. Журналистер мұны тек біздің емес, бүкіл қоғамның оларға деген құрметі, марапаты деп түсінгендері абзал.
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегерлері атағын биыл «Айқын» газетінің мәдениет бөлімінің меңгерушісі Қаншайым Байдәулетова, «Есік» жеке меншік газетінің редакторы Ибрагим Көбеков, «Егемен Қазақстан» газетінің Жамбыл облысындағы тілшісі Көсемәлі Сәттібайұлы, «Новая газета-Қазақстан» газетінің бас редакторы Амантай Дәндіғұлов, журналист Рамазан Есіргепов, «КТК» телеарнасының тілшісі Мария Имаева, «Время» газетінің журналисі Хельча Исмаилова, публицист Нұрмахан Оразбеков, «Қазақстан» ұлттық арнасының режиссеры Айтолқын Ықсанова мен редакторы Нұрлан Өтегенов, танымал журналистер Марат Тоқашбаев, Жақыпжан Нұрғожаев, фототілшілер Берік Барысбеков, Тұрар Келмағамбетов, Фархат Қабдықайыров және Гаухар Жанпейісова иеленді.