Сыр өңіріндегі Қазалы ауданының жұртшылығы жергілікті өнерпаз Серікбол Шайықов атты жасөспірімді жақсы таниды. Жарық дүние нұрын көре алмаса да, жүрек көзі сөнбеген өнерлі жанның жігерлілігі талайды қайран қалдырары хақ. Серікболдың баян аспабын сызылта тартып, құлақ құрышын қандыратын әдемі әуенді шырқай жөнелгенде, оның өнеріне еріксізден қол соғасың.
Өнер иесі бала кезінен зағиптықтың азабын тартып келеді. Алайда оған еш мойыған жоқ. Қайта өзін жігерлендіріп, үнемі ізденіске түседі. Халық сүйіп тыңдайтын көптеген әндерді шырқауды жан-жақты меңгерген ол әннің әрбір иірімін нақышына келтіре орындауға үлкен мән береді. Осының арқасында өнерсүйер қауым оның өрелі ісіне ризашылықпен қарайды. Бір қызығы, Серікбол көбінесе өзі шығарған әндерді орындауға әуес. Қаншама терең толғаныстың арқасында дүниеге келген туындылары демнің арасында-ақ көпшіліктің көзайымына айналып жүре берді. Аудандағы өзі құралпылас мүмкіндігі шектеулі балалардың әнұранына айналған “Бәріміз де бірдейміз” әні тағдырлас жандардың тамырын тап басты. Содан да болса керек, бұл әнді тыңдағанда үлкен тебіреніске түсесің.
Серікбол бірінші топтағы көз мүгедектігіне қарамастан, аудандық музыка мектебіне қабылданған. Бұл жас таланттың өнер көгіне қанаттануына жол салды. Ол өзінің шығармашылық кешін өткізіп, көпшілікке әннен шашу шашты.
Қазалылықтар Шайықовтар отбасын өнер қонған әулет деп бағалайды. Серікболдың әкесі Сержан ағамыз – дәрігерліктен зейнет демалысына шыққанымен, қай кезде де қолынан домбыраны тастамаған жан. Домбырадан құйқылжыта күй төге жөнелгенде кәнігі әртістен бір мысқал да кем түспейді. Осыдан да болар, әке тәрбиесімен балалары да өнерге жақын болып өсті. Сәкеңнің Серікболдан өзге Нұргүл есімді перзенті терме айтуда тәмам елді тамсандырады.
Мерей
Өнерінің арқасында Серікбол көптеген байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Облыс орталығында өткізілген зағиптар арасындағы “Қуанышым – нұрлы сәулем” атты байқауда қазалылық өнерпаз бас бәйгеге ие болды. Республикалық жарыстардан да олжалы оралды. Мүмкіндігі шектеулі балалардың өнер фестивалінде екі мәрте топ жарыпты.
Тағы бір байқау – “Жас талантта” да өнері өрге басты.