Жүрегіне ән тұнған талант еді...

Қазақ руханияты тағы бір талантты тұлғасынан айы­рыл­­ды. Қазақ журна­листи­касы ардагер­лерінің бірі, қоғам қайраткері, белгілі компози­тор, «Құрмет» орденінің иегері Мейрам­бек Жанболат­ұлы 27 қаң­­тар күні 74 жасқа қа­раған ша­ғында дүние салды.
Мейрамбек Жанболатұлы 1938 жылы 5 жел­тоқсанда Қарауылда туған. 1956 жы­лы Абай орта мектебін тә­мам­дап, Ал­матыдағы ҚазМУ-ды, Жоғарғы партия мектебін бітірген. Негізгі ма­ман­дығы – журналист. 1962 жылдан бастап аудан­дық, об­лыстық газеттерде – тілші, 1964-72 жыл­дары аудандық «Совхоз туы» газетінің редакторы, 1972-84 ж.ж. Абай аудан­дық пар­тия комитетінің хатшысы болып еңбек етті. «Құрмет белгісі» ордені мен бірқатар мемлекеттік белгілердің иегері Мейрамбек Жан­бо­латов – бір­неше мәрте аудандық пар­тия, кеңес органдарына сайланып, ел сеніміне ие бо­л­ған азамат. Ол Абай ха­лық театры ата­ғын алу үшін күрес кезін­дегі «Қара­көз», «Еңлік-Кебек», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» т.б. спек­­такльдерді дайын­дап, Сы­рым, Нарша, Абыз бей­нелерін, «Жал­быр­да» халық өкілі  бо­лып ойнап, рес­пуб­ликалық және бүкіл­одақ­тық фестиваль­дердің ла­уре­аты атанды. Ұлы Абайдың, ұлы Мұх­тар­дың мерей­тойлары мен 1962 жыл­дан бастап өткізілген Абай ауданын­дағы барлық мә­дени-көпшілік шара­лар­дың ұйым­дастырушысы, көркемдік жетек­шісі болып келді. Абайдың 150 жыл­дығы қарсаңында өткізілген Абай сөздеріне жазылған әндер конкурсында бас жүлдені жеңіп алған композитор КСРО Журналистер одағының, Қазақ­стан музыка қайраткерлері одағының және Композиторлар одағы­ның мү­ше­сі. Қаламы қарымды журналист, ақын, композитор, режиссер, драма­тург М.Жанболатұлының еңбектері аудан­дық, облыстық, республикалық басы­лым­­дар­да жарияланып, «Сағын­дым Сары­арқа­ны», «Келші, жастық», «Ән-домбы­ра» сияқты танымал әндері Қа­зақ ра­дио­сының «Алтын қорына» алын­ған, бір­неше әндері соңғы жыл­дар­дағы ән­дер жинағына енді.
Өмірге ғашық көзбен қарап, қала­мы­на адал, талабына берік болған та­лант иесі көп­теген әндерінің сөзін де өзі жазып, ақын­­дық қырынан таныл­ған. Ертеректе жаз­­ған бір өлеңінде ақын М.Жан­болат­ұлы:

Жүрегімде бір сыр бар
тұнып тұрған,
Тұнып тұрған,
өзімді шынықтырған.
Шыңдалсын деп қас қақпай,
тізе бүкпей,
Бұл өмірде салтанат құрып тұрған.

Көңілімде бір жыр бар
ойлап тұрған,
Ойнап тұрып, ой-тұмар
байлаттырған.
Ой-тұмардың оймақтай
әр бөлшегі,
Aт ойнатып шықса ғой,
жайнап қырдан!

Көкейімде бір күй бар асқақтаған,
Асқақтаған күй үнін шаң баспаған.
Шаң баспасын десеңіз –
бар ниетің,
Аппақ қардай болсын
тек жан баспаған,–

деп ағынан жарыла жырлайды.
Өнер иесінің бір топ әні 1990 жылы «Өнер» баспасынан шыққан «Аққуыңды аяла» әндер жинағына енген. 2008 жылы «Ән-домбыра» атты үлкен әндер жинағы жарық көрді. Осы «Ән-дом­быра» жинағына Қазақстанға еңбегі сіңген артист, про­фессор Кенже­ғали Мыржықбай «Та­би­ғи талант» де­ген атпен жазған алғы сөзінде:

Жан әке
Жан әке, құстарын ұшырған
күздегі көлім бе едің,
Күтетін көктеммен қиқулап
күз әні төгілгенін.
Жол қарап,
құлдырап құлыным
құйындап кеп қалар деп,
Жаңбырын тосқандай
лапылдап сусаған
шөлім менің.

Жан әке,
Біз жүзіп келеміз өмірдің
кемесінде,
Ауылдан кетерде сынаған
жанарың әлі есімде.
Қайығым толқынмен алысып
аралға асығады,
Өзіңсің аралым, асқарым,
кемерім, белесім де.

Жан әке,
Қазбауыр бұлттар сәлемім
жеткізді ме,
Ақ жауын бір тынбай төпелеп
сезімім төккізді ме?
Құлыным қай қырдан
құлдырап, құйындап кеп қалар деп,
Жол тосып, әкешім тағы бір
ұзақ күн өткізді ме?

Жан әкем –
Сыр тұнған жанартауы
сағыныштың,
Көңілім өзіңе алып-ұшты.
Ұғатын, қуатым, мұратым,
Мерекем, берекем –
жан әкем...

Серікбек Мейрамбекұлы

«Әдебиет пен өнердің, мәдениет пен рухани өмірдің қасиетті қара ша­ңы­рағы – Шыңғыстау өлкесіндегі Жанболат әу­леті өнерпаз ұрпақтар тәрбиелеп өсір­ген орта. Бұл әулеттен сазгер, әнші, күйші де, сурет­ші, мүсінші де, жазушы, журналист те шық­қан. Олар еліміздің мә­дени өміріне өзін­дік үлесін, қол­таң­басын қалдырып ке­леді. Жан-жақты қабілетімен өз өнерін ел игілігіне арнап келе жатқан Жанболат әуле­тінің бір та­лант­ты дарын иесі – Мейрамбек қа­ла­мы қарымды журналист, сазгер, сахна ше­­бері, ақын, драматург, суретші. Ел та­ри­хын зерделеп жазған деректі әңгіме, очерк, суреттемелерімен бірге, пьеса, сахналық көрі­ніс­тер, әдеби-музыкалық қо­йылымда­ры бар. Өзі жаз­ған шығар­ма­лармен қатар, Мұхаңның «Еңлік-Кебек», «Қаракөз», «Түн­гі сарын», Ға­баң­ның «Қо­зы Көрпеш – Ба­ян сұлу» сияқты көптеген көлемді шы­­ғар­ма­ларын сахналаған режиссер, онда­ған бей­нелерді сахнада сомдаған актер. Драма ұжы­мы­ның аймақта алғашқы болып «Абай» халық театры атағын алып, Бүкілодақтық фестивальға қаты­насып, бас жүлдені жеңіп алуына атса­лыс­қан, респуб­ликамызға белгілі «Қаламқас» ансамблін құ­рып, қа­лыптас­тыруға белсене қатынас­қан.
Балалық кездегі балаң әсердің балауса үні Мейрамбекті сазгер болуға жетелей бастағанын өзі де аңғармаған шығар. Өйт­ке­ні өзі шығарып, айтып жү­ретін ән, саз сарындарының ішінде ха­лық ақыны Тәңірберген Әміреновтің сөзі­не шығарған «Сағындым Сары­ар­қаны» әні аудан жұрт­шы­лы­ғына ұнап, облыс­қа кеңінен тарап кетті. Абай ауда­нында шығармашылық сапарда болған әнші, ақын, ғалым – Тұрсынхан Әбді­рах­манова бұл әнді Роза Сәкенованың орындауында естіп, ұна­тып, үйреніп алады. Өзінің репертуарына ал­мақ бо­лып, нотасын іздейді.
Бұл кезде Алматыдағы жоғарғы пар­тия мекте­бін­де оқып жүрген Мейрамбекті Есен­келді Жақыпов арқылы іздестіріп, ша­қы­рып алған Тұрсекең оны Сыдық Мұ­хамед­жанов­қа таныстырады. Әнге ерек­ше риза­лық танытқан атақты компо­зитор оған аран­жировка жазып, белгілі әнші Суат Әбу­сейітовтің орындауында республика­лық радио-теледидардың алтын қорына кіріп, Сарыарқаның әнұ­ра­нына ай­налады. Мей­рамбек Жан­бо­латовтың сазгерлік та­лантын оның шы­ғар­ған ән-саздарының жан-жақты тақ­ы­рыбынан да тануға бо­ла­ды. Кең ты­нысты мінез байлығын ести ала­мыз. Әнде­рінің құрылысының күрделі­лігі де, ырғақ иірімдерінің байлығы да таң­дан­ды­­рады», – деп ақжарма сөзін айтқан бо­ла­тын.
Осы қазаға байланысты марқұмның от­басы мен туған-туыстарына бірқатар рес­ми орындардан көңіл айту жедел­хаттары келіп түсті. Қазақстан Республи­ка­сының Мем­лекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхам­мед мырзаның газетіміздің бас редакторы, марқұмның ұлы Серік Жанболатқа жібер­ген көңіл айту жеделхатында:
«Құрметті Серік Мейрамбекұлы! Алаш­­­тың ардақты өнерпазы, асқар тау­дай аға­мыз Мейрамбек Жанболатұлы­ның дүние­ден өтуіне орай шын ниеттен жолдаған кө­ңіл айтуымды қабыл алы­ңыз.
Мекең ұмытыла бастаған Абай елі­нің ән дәстүрін қайта жаңғыртып, оны жаңа заманға сай өзгеше өрнектеп да­мытты. Оның Шыңғыстаудың тұмасына тұн­дырыл­ған «Домбыра», «Сарыарқа» сияқты әндері бүкіл қазақ даласын шар­­лап кетті. Өз қолымен құрған «Қа­ламқас» ән-би ан­самблі қаншама ха­лық­тың өнер ұжымда­ры­на үлгі-өнеге болды. Өмірінің соңына де­йін Абай, Шәкәрім, Мұхтардай алыптар­дың кіндік қаны тамған топырақтан ажыра­май, ұлылар өсиетіне адал болып, дү­ние­­ден өтті. Ағамыздың алды – пейіш, арты кеніш болып, жұмақтан жай табуға жа­рат­қан нәсіп еткей», – де­лінген.
Шыңғыстаудан шыққан шынайы та­лант, жүрегіне ән тұнған өнер иесіне то­пы­рақ туған ауылы – қасиетті Қа­рауыл­дан бұйыр­ды. Марқұмның арты – жа­рық, алды пе­йіш болсын!

• Бірауыз сөз
Несіпбек Айтұлы, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері:
– Мираш аға Абайдай алыптарды дүниеге келтірген Шыңғыстау өңірінің біртуар перзенті болды. Өте бауырмал, ешкімді руға, жүзге бөлмей, тек «қаза­ғым» деп өткен үлкен тұлға, руханияттың арқауы сынды азамат еді. Қазасын естіген­де қабырғам қайысты. Алғаш сонау 70-жылдары мені ол кісімен Жәнібек Кәрменов пен Тұрсын Жұртбай сынды алаштың ардақты азаматтары таныс­тырған күннен үшеуміз Мейрамбек ағаның туған бауырындай болып кеттік. Осы күні ақын болып, әнге сөз жазып жүрсем, тұңғыш рет Мейрамбектей ардақты ағаның «Ән-домбыра» деген әніне сөз жазудан бастаған едім. Ағалы-інілі екеуара бірігіп жазған «Ән-домбыра», «Ақ бесігім, «Ахау, Арқа» секілді 15-20 ән бар, бірақ көпшілігі әлі шыққан жоқ. Әннің бағы әншіден дер болсақ, бір жағы Жәнібектің мезгілсіз қазасы да Мейрамбек Жанболат әндерінің танылуына тежеу болған секілді. Себебі ол кісі өз әнінің сөзіне, орындаушысына қатт­ы мән беретін. Сондай-ақ соңғы он шақты жылда аға науқастанып қалып, шығар­машылық байланысымыз аздап үзіліңкіреп қалды. Өкініштісі сол... Шың­ғыстау өңірінде арғысы Абай, Шәкәрім, Мұхтар, кешегісі Кәмен Оразалин, Шә­кір Әбеновтерден кейін ұлттың діңгегін сақтап, соның үзілмеуіне қызмет етіп жүрген ардақты тұлға еді. Амал не, жатқан жері жарық болсын!
Алтын Иманбаева, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
– Мейрамбек Жанболатов сынды қазақтың дәстүрлі ән өнерінің сабағын жалғап, өзі де сол саф өнермен біте қайнасып кеткен ағамыздың бірнеше әні Қазақ радиосының «Алтын қорында» қалды. Сонау Әміре, Жүсіпбек сынды даланың дарқан мінезін қара домбыраға сыйдырған алыптардың қатарында, «Алтын қорда» қалуының өзі ағамыздың биік бағасын білдіретіндей. Ағаның алғаш «Сағындым Сарыарқаны» атты керемет, заманында ел-жұртын дүр сілкіндіріп, рух берген әнін Суат Әбусейітов шырқаса, негізінен әндерін орындап, елге танытқан марқұм Жәнібек Кәрменов еді. Алғаш 1981 жылы Мейрамбек Жанболатовтың «Сағыныш» атты әнін осы радиода орындаудан бастап, кейін «Ән-домбырасын» да алып келген осы Жәнібек еді. Жәнібектің орындауында «Ән-домбыра» кәдімгідей қазақ даласын дүркіретіп, Қапаш Құлышева, Секен Сыздықов сынды дәстүрлі әншілер өз репертуарына енгізген, қазір Гүлмира Сарина, Ерлан Рысқалилар шырқап жүр. Жалпы, бірінші шығармасынан-ақ атақты болатын сазгерлер болса, мен Мейрамбек ағаны солардың қатарына жатқызар едім. Өзі кәсіби сазгер болмаса да, әндерінің барлығының дерлік кәсіби деңгейі жоғары. Абайша айтқанда, артында «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін» туындылар қалдырған Мейрамбек ағамыздың қазасы қайырлы болсын!
Жарқын Шәкәрім, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
– Кезінде орыстың ұлы жазушысы Михаил Шолохов орталыққа ұмтылмай, ел ішінде өмір сүріпті. Сол секілді Мейрамбек Жанболатов та Алматыға аптықпай, қасиетті Абай топырағына адал болып қалды. Сол өңірдің мәдениетін көтеруге бар күш-жігерін салып, ең әуелі Абай, Шәкәрім, Мұхтар, Шәкір Әбеновтей ұлылар салған сара жолдың туын сонау ХХ ғасыр ортасынан бүгінге дейін тапжылтпай және еш еңкейтпей ұстап келген азамат. Мысалы үшін, «Қаламқас» ән-би ансамблі, Абай өңіріндегі Халық театры – осының барлығы Мейрамбек ағаның көреген көзімен, салиқалы сөзімен, ұстамды істерімен биік белестерді бағындырды. Ал ағаның жүрегінен шыққан әндерін Теміржан Базарбаев секілді Алматының кәсіби білікті сазгерлері, қалың тыңдарманы жоғары бағалады, ауыздан-ауызға іліп әкетіп, әлі күнге орындап жүр. 1980 жылдары ағамызды шығармашылық кешін өткізуге Алматыға шақырып, өзімен сол кезде Қазақ теледидарында танысып едім. Шығармашылық кешінің редакторы болып мен тағайындалып едім, ал ол кісінің әндерін ҚР Халық әртісі Зейнеп Қойшыбаева, Рашит Мұсабаев, Суат Әбусейітов сынды алыптар бастаған әншілер орындады. Кештің өтуіне риза болған Мейрамбек аға көзіне жас алып, мені Несіпбек, Тұрсын, Жәнібек сынды бауырларының қатарына төртінші етіп қосып еді. Қайран аға, бақиға аттаныпсың ғой сен де, иманың салауатты болсын!
Құлбек Ергөбек, жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері:
– Заманында Қазақстанның экономикасы ғана емес, бүкіл интеллектуалдық болмысы да, ақпараттық болмысы да орталықтандырылған болатын. Содан да болар, қазақтың тәуір деген журналистері Алматыға жинақталды. Бұл негізі жаман емес, бірақ оның «әттеген-ай» дейтін де тұстары бар, айталық, орталықтың нұсқауымен облысқа жіберіліп, кейін қайта алмай қалғандары болды. Олардың бағалануы кем болды. Мейрамбек Жанболатов сондай жігіттердің бірі еді. Жалпы жұртты білмеймін, өзім Мейрамбектей қаламы ұшқыр журналист, руханияттың қазығы сынды тұлғаны көзбен көрмесем де, көңілден таса қылмағандардың бірі едім. Бейсенбай Кенжебайдай ұстазымның тәлімімен туған өңірімнің «Оңтүстік Қазақстанын», екінші – «Семей таңы», үшінші – Қызылорда облысының «Коммунизм» жолы газетін студент кезімнен үзбей жаздырып оқыдым. Неге бұл үшеуіне ықыласты болдым? Біріншіден, Қызылорда – қазақтың байырғы астанасы, Семей – Алашорданың астанасы болса, Оңтүстік Қазақстан, Ташкент Алашорданың оңтүстік қанатының ордасы болды. Сондықтан осы өңірлердің басылымдары­нан алаш рухын көретінмін. Міне, мен үшін Мейрамбек Жанболатов сондай бір алаштың рухын көкірегінде сақтаған, сол мұратқа адал болған қалам иесі, өнер иесі болды. Осындай мықты азаматтың қайтыс болуына байланысты Алаш туын тік ұстаған Семей өңіріне көңіл айтамын!

«Алаш айнасы»

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста