Осыдан сегіз жыл бұрын, дәлірек айтсақ, 2003 жылдың күз айында ақпарат айдынына өнер жұлдыздарының жеке өмірі жайлы олармен сұхбаттаса отырып жазатын «Жұлдыздар отбасы» газеті дүниеге келген еді. Алғашында 16 бет болып шыққан газет 2007 жылдың мамыр айынан бастап айына екі рет шығатын 52 беттік түрлі-түсті журналға айналды.
Ә дегеннен-ақ ұжымы кеңейіп, таралымы 15 000-нан 70 000-ға дейін өскен «Жұлдыздар отбасының» жуырда 100-інші саны шықты. Соған орай Жазушылар одағында салтанатты кеш өтті.
Басылымның ең бірінші санына кейіпкер болған белгілі әнші Ақбота Керімбековадан бастап, талай-талай журнал бетіне өз жан сырын жайып салған өнер жұлдыздары концерттің көркін қыздырса, Мұхтар Шаханов, Асанәлі Әшімов, Тұрсынбек Кәкішев сынды ұлтымыздың бәйтеректері өздерінің жүрекжарды лебіздерін ортаға салды.
Қыдырәлі БОЛМАНОВ:
– Біз осы сахнада сан рет «Жұлдыздар отбасының» да, жаңадан ашылса да адымы кең «Аңыз адам» журналының да мерекелік кештеріне қатыстық, алдағы күндері де қатыса береміз. Өйткені тілектеспіз, ниеттеспіз. Осы қазір мен бір фабрикада өткен үлкен кездесуден келе жатырмын, сонда сараптама жасап отырсақ, бүгінгі таңдағы қазақтың өзі шығаратын ұлттық дүниелері бүгінде біршама алға дамып жатқанға ұқсайды, соның бір көрсеткіші өзімізден шығатын кәмпиттер болатын болса, екінші көрсеткіші – таза қазақ тілінде шығатын, бүгінде тиражы бірнеше мыңның үстіне шыққан осы «Жұлдыздар отбасы» журналы. Кеше ғана біз бұл журналды байқаған жоқпыз, осыншалықты оқырманның жүрегін жаулап алады-ау деп ойлаған жоқпыз. Сондықтан осы ретте журнал қазақ тілінде шығатын басылымының ауқымы үлкейіп, оның да өсе алатынын дәлелдеп берді. Ендеше, журналдың 100-інші нөмірі құтты болсын, өсе берсін, таралымы кеңи берсін. Ал, жалпы, біріміз газет шығарайық, біріміз кәмпит шығарайық, біріміз қуыршақ, біріміз қап шығарайық, бірақ өзіміз шығарайық. Сонда ғана біз өз тізгінімізді, ұрпақ тәрбиесінің тізгінін өз қолымызға ала аламыз.
Асанәлі ӘШІМОВ, ҚР Халық әртісі:
– «Бір топ итті арыстан басқарса, барлығы арыстан болады, сол сияқты бір топ арыстанды ит басқарса, барлық арыстан ит болады» деген сөз бар. Бұл сөздің астарында тек ел басқаруға ғана қатысты мағына жатқан жоқ, отбасындағы тәрбиеге де қатысы бар. Бәріміз де көп нәрсеге кінәліміз. Елімізге белгілі ақын-жазушы, өнер адамдарының үйіндегі немере, шөберелерінің қазақша білмеуі – айыптың айыбы. Бәрі де – тәрбиенің ісі, бүгін сондай бір тәрбиелік мәні жоғары кеш болып отыр. Алдымен «Жұлдыздар отбасы» шықты, кейін «Аңыз адам» қосылды. Екеуін де мен тұрақты түрде алып оқып тұрамын. Оқырманымын. Ауылға жіберіп тұрамын. Безендірілуі, ішіндегі маңызы жақсы, редакция алқасы да өте білімді адамдар деп есептеймін. Жарылқап деген – жарғақ құлағы жастыққа тимей жұмыс істейтін азамат, дарынды журналист. Таң атқанша отырып, ерінбей-жалықпай, менен көп нәрсе жазып алып кеткен кезі болды. Сондықтан басшысына қарап, басылымның болашағына сенемін!
Түйін
Кеш соңында тұрымтайдай болса да, Алашқа аты жайылып үлгерген жас ақын Жамбыл Дүйсеновтің ортаға шығуы жиналған жұртты дүр сілкіндірді. Оғланның отты жыры, мірдің оғындай сөзіне риза болған «Жұлдыздар отбасы», «Аңыз адам» журналдарының бас редакторы Жарылқап Қалыбай ортаға шығып, жас дарынға «ХХІ ғасырдың Жамбылы» деп, арнайы сыйлық – компьютер сыйға тартты. Сондай-ақ осы кеште «Аңыз адам» журналының кітап етіп жинақталған жаңа нұсқасының тұсауы кесілді.