Жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар сапасы мен мазмұны сараланды
Осы аптаның басында Алматыдағы «Тұран» университетінің Мәжіліс залында Қазақстан Жоғары оқу орындарын оқулықтармен қамтамасыз ету мәселесіне арналған IХ республикалық конференция өткізілді.
Ғылыми басқосудың басты мақсаты жоғары оқу орындарына арналған кітап өнімдерін ғылыми тұрғыда сараптан өткізіп, дайындау, аудару, басып шығару мәселелерін ортаға салу. Конференцияның күн тәртібінде ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2013-2014 жылдарды қамтитын Тақырыптық жоспар аясында базалық оқулықтар шығару мен шетелдік оқулықтарды мемлекеттік тілге аударылу ісінің орындалу барысы жан-жақты сөз болды.
Еліміздің Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған шараға Республикамыздың әр аймағындағы ЖОО-лардың ректорлары мен ғалымдары, ЖОО кітапханалары директорлары, баспагерлер, оқу-әдістемелік бөлімдердің мамандары, жаңа шыққан отандық және шетелдік оқулықтардың авторлары мен авторлық ұжымдар, аудармашылар, жалпы зиялы қауым мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Конференция барысында тақырыптық баяндамалар жасалып, оқулықтар сапасы мен мазмүны төңірегінде мамандар талқылауы өтті.
Рахман Алшанов, ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті:
– Жоғары оқу орындарын оқулықтармен қамтамасыз ету мәселесіне арналған конференцияны біз жыл сайын өткізіп келеміз. Мұндағы мақсат осы салада қордаланып қалған проблемаларды шешу жолдарын қарастырып, оқулықтар сапасын арттыруға мүмкіндіктер туғызу. Осы орайда біз еліміздің білім және ғылым министрлігімен тыңыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізіп, Қауымдастықтың баспа орталығынан қажетті оқулықтар шығару ісін қолға алып отырмыз.
Оқу процесін оқу әдебиеттерімен толық қамтамасыз етудің бір жолы ол электрондық кітапхананың толыққанды жұмысы. Қазіргі кезде елімізде 63 жоғары оқу орны өз электрондық кітапханасын құрып, базаларын электрондық оқу ресурстарымен күнделікті толықтырып отыр. Республикалық жоғары оқу орындары аралық электрондық кітапхана өзінің электрондық ресурстар қорына бүгінде 87 оқу орнын қосты. Қазіргі кезде базаға 86 мыңнан астам оқу әдебиеті енген. Оның үстіне Жоғары оқу орындары қауымдастығының баспа орталығында шыққан 400-дей оқулықтар авторлардың келісімімен электрондық базаға қойылған. Республикалық электрондық кітапхананың базасына күніне 2000 оқырман кіріп отыр. Бұл – республикамыздағы жоғары көрсеткіштердің бірі. Осы процесс өзінің жаңа буын жас мамандарға деген игілікті жұмысын жалғастыра береді деген сенімдеміз.
• Сан мен сапа
Елімізде жоғары оқу орындарындағы білім беру үдерісін оқу әдебиеттерімен қамтамасыз ету мәселелері Қазақстан Республикасы Білім және ғылым Министрлігінің нақты қолдауымен шешімін тауып келеді. 2011 жылдан бастап осы жобаны қаржыландыру тұрақты жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстард Жоғары оқу орындары қауымдастығы жүзеге асыруда. 2011 жылы оқулықтар шығаруға 137,7 млн бөлінсе, 2012-2014 жылдары – 200 млн теңгеден бөлінді. Осы қаражаттардың ауқымына сай 2011-2013 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігінің Тақырыптық жоспарлары бойынша отандық авторлардың және аударманың 298 оқулығы 372921 таралыммен басылып, жоғары оқу орындарының ғылыми кітапханаларына жеткізілді.
2012 жылдан бастап Қазақстанда тұңғыш рет Министрліктің тапсырмасы бойынша шет тілінен оқулықтарды қазақшаға аудару қолға алынды. 2012 жылы шетелдік ең үздік деген 15 оқу әдебиеттері, ал 2013 жылы 26 шетелдік оқу әдебиеттері аударылды. Ал 2014 жылы 24 шетелдік үздік оқу әдебиеттері аударылымға жіберілді.
Сейітжаппар Арпабеков, ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығына қарасты Баспа орталығының директоры;
– Шығарылып жатқан кітаптардың мән-мағынасының сапасына келетін болсақ, Қауымдастықтың баспа орталығы авторлармен тізімге кірген күннен бастап жұмыс істей бастаймыз. Күнделікті бақылауға алып, кітаптың белгіленген күнге дайын болуын қадағалаймыз. Келісім-шарт бойынша кітаптың мазмұнының Типтік оқу бағдарламасына сай болуына, кредиттік технологияның талаптарына жауап беруіне біріншіден, авторлардың өзі, мәтінді талқылайтын кафедрасы, рецензенттер, оқулық ретінде ұсынатын ЖОО-ның ғылыми кеңесі жауап береді.
Кітаптың өзектілігі, сапасының бүгінгі күннің талабына сай болуы өте маңызды. Кейбір кітаптардың пайдаланылған әдебиеттерінің тізімінде жаңа ғылыми материалдар, соңғы кезде жарық көрген кітаптар берілмейді. Екіншіден, біз өз редакциялауымыздан және корректорлық жөндеуімізден кейін авторға (авторларға пойызбен, ұшақпен, экспрес поштамен) қайтадан қайтарып, жөндетеміз. Үшіншіден, оқулық қолжазбасы Министрліктің «Оқулық» Республикалық орталығынан сараптамадан өту кезінде тексеріледі. Сараптамадан өтсе, баспаханаға дайындалады немесе автор кемшіліктерін түзеп, толықтырады, содан кейін барып сараптаманың оң шешімін аламыз. Бұл – үлкен үздіксіз жүріп отырған процесс. Осы істердің барлығы шығарып жатқан оқу әдебиеттеріміздің сапалы болуына бағытталып отыр.
Конференция соңында еліміздің жоғары білім беру жүйесінің дамуына қосқан зор үлесі, жаңа буын мамандарды дайындаудағы инновациялық істері, оқу үрдісін кредиттік талаптарға сай оқулықтармен қамтамасыз етудегі нәтижелі еңбегі және оқу орнының кітап қорын толықтыруға қосқан ерен үлестерін ескеріп, төмендегі ұстаздар мен ғалымдарды, және оқулық авторлары марапатталды:
А. Байтұрсынов атындағы Алтын медальмен:
• Темірбеков Нұрлан Мұханұлы – Д. Серікбаев атындағы Шығыс-Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры;
• Адамбекова Айнагүл Амангелдіқызы – Т. Рыскұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің профессоры;
• Байбатша Әділхан Бекділдәұлы – Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің профессоры, геология-минерология ғылымдарының докторы;
• Бидайбеков Есен Ықыласұлы – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, математика ғылымдарының докторы;
• Мендебаев Тоқтасын – Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің профессоры;
• Ержанов Мұхтар Салтайұлы – «Тұран» университетінің профессоры;
А. Байтұрсынов атындағы Күміс медальмен:
• Хожин Гамиль Хожаұлы – Алматы энергетика және байланыс университетінің профессоры;
• Шоланов Қорғанбай Сағынайұлы – Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің профессоры;
• Әубәкіров Қуантай – Қазақ ұлттық аграрлық университетінің профессоры, ауыл шаруашылық ғылымдарының докторы;
• Мазбаев Орденбек Блиспекұлы – Н.Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің профессоры;
• Беркінбай Омархан – Қазақ ұлттық аграрлық университетінің профессоры;
• Абланова Ермек Хасенқызы – химия ғылымдарының докторы, профессор;
• Жүсіпова Дария Бекайдарқызы – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, биология ғылымдарының докторы;
• Увалиев Талғат Ошанұлы – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің доценті;
А. Байтұрсынов атындағы Қола медальмен:
• Оразалиев Бақытжан Әсетілдәұлы – Н.Л. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің ғылыми кітапханасының директоры;
• Бажыкова Күлзада Бегалиқызы – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті;
• Төреханова Құндыз Момынқызы – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті;
• Саякова Бақыт Мұратбекқызы – Қазақ-Британ техникалық университетінің бизнесті дамыту департаментінің директоры;
• Абдиев Қалдыбек Жамшаұлы – Қазақ-Британ техникалық университетінің қауымдастырылған профессоры;
• Қартабай Алғағали – Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің профессоры;
• Мұсанов Әлкен – Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің профессоры7