Былтыр көктемде басталған «Қазақстан» арнасының «Сегіз қырлы» телевизиялық дәстүрлі ән бәйгесі мәресіне жетті. Он ай бойы қазақы үнімен көпшілікті тәнті қылып, қазақ әнінің туын желбіреткен жеңімпаз – Талғат Әбуғазы. Соңғы екі-үш жылда талай ән аламандарына түсіп, бәйгенің алдын бермей жүрген әнші жігіттің талабы зор, талғамы биік ұлттық мұраны серік етуі тегін емес. Ол көмейінен ән, бармағынан күй төгілген, өнердің құты қонған әулеттен шыққан. Талғат – Шығыс Қазақстан өңіріне аты мәшһүр, Алтай-Тарбағатай күйшілік мектебінің өкілі, белгілі күйші Қазен ақсақалдың сүт кенжесі. Әнші көп, қадірі жоқ заманда дәстүрлі өнерге сызат түсірмей, өмір бақи дәріптеуді азаматтық парызым деп санаған Талғат Әбуғазыны жүлдесімен құттықтап, әңгімеге тартудың сәті түскен еді.
– Әуелі жүлдеңізбен құттықтаймын! Ән байқауының түр-түрін көріп, қатысып жүрсіз. Әсет, Кенен, Әміре, Жүсіпбектей марқасқалардың атындағы байқаулар мен телевизиялық сайыстың айырмашылығы бар. Бұл байқау рухани тұрғыда не берді?
– Рақмет, Алла разы болсын! Шынымен, телевизиялық байқаудың жөні бөлек. «Сегіз қырлыға» қатысқан себебім – эфирге тайсалмай шығу үшін өзімді тәрбиелеу, экранда өз-өзіме сенімділік туғызу, сынап-байқап көру болды. Маған ұнағаны – «Сіз естімеген бір ән» бөлімі. Сол арқылы ел естімеген он шақты тың әнді ізденіп, шығарып, ән қорыма қостым. Қазір көрермен жалт-жұлт еткен шоу хабарларға, жаңалыққа құмар, оны түсінемін. Дегенмен бағдарламаны жарыс қылмай, дәстүрлі музыкамызды насихаттап, дәріптейтін салмақты хабар ғып жасаса, құба-құп болар еді. Дәстүрлі ән-күйіміздің насихаты аз, елдің санасына там-тұмдап болса да, сіңіретін насихат хабарлар көбірек ашылса деймін.
– Елімізге танымал төкпе мен шертпе күйді бірдей шебер тартатын балбармақ күйші Мұрат Әбуғазы – туған ағаңыз. Ол кісі күйден бөлек, қазақтың әнін кез келген дәстүрлі әншіден артық біледі. Қай әнді сұрасаң да, сөзі, авторы, әуені мен тарихына дейін айна қатесіз айтып береді. Көп дүние білген адам міншіл келеді, орындаушылығыңызға ағаңыз сын айтпай ма?
– Менің дәстүрлі әнге құмартып келуіме тікелей себепші болған да – Мұрат ағам. Консерваторияда оқып жүріп, ауылға демалысқа келгенде, халық әндері мен халық композиторларының әндерін үйретіп кететін. «Әнді түсінбей айтасың, былай айт!» деп ақыл-кеңесін айтып, кем-кетігімді түзеп отырады. «Болған соң, жақсы әнші болсын» дейді ғой, сындарын тыңдап, нәтиже шығаруға тырысамын.
– «Болмасаң да, ұқсап бақ» деген Абай атамыз. Дәстүрлі әнші жеке дара жолын тапқанша өзінің табиғатына, болмыс-бітіміне, дауыс ырғағына келетін алдыңғы буын әншіні іздейді. Сол адамның орындау мәнерінен сабақ алады екен. Дәстүрлі әнде кімді үлгі тұтасыз?
– Арқаның әншілік мектебінде Жүсіпбек Елебеков, Жәнібек Кәрменов, Мәдениет Ешекеев, Манарбек Ержанов, Қосымжан Бабақов, Байғабыл Жылқыбаев, Дәнеш Рақышев сынды ағаларымыздың алар орны ерек. Әнші ата-ағаларымыздың әр әнді орындау нұсқасы әрқалай, өзінше керемет. Солардың таспасын тыңдап, ішінен өзімнің жаныма жақынын алуға тырысамын. Табиғатыма, талғамыма Жәнібек ағамыздың орындауындағы әндер жақын деп ойлаймын.
– Қазір дәстүрлі ән мен күйді жастар түгіл, егде тартқан аға-апаларымыз да тыңдамайтын болды. Арнайы дәстүрлі ән-күй фестивалі не өмірден өткен әнші-күйшінің еске алу кеші болмаса, концертке де жиі шықпайсыздар. Үйіне арнайы шақыртып, ән тыңдайтын өзіңіздің тыңдаушыларыңыз бар ма?
– Расында, дәстүрлі ән мен күйді қазір ақша беріп тыңдата алмайсың. Дегенмен ұлттық мұрамызды, әнді құрметтейтін азаматтар бар. Ережесіз жекпе-жектен әлем чемпионы Ардақ Назаров бауырымыз жас та болса екі күннің бірінде арнайы шақырып, әнімді тыңдайды. Десек те, бұрынғыдай сал-серілерді ауыл-ауылға шақырып, ән мен күй тыңдайтын заман өтті. Тыңдаушымыз сиреп барады. Бұл мәселені шешудің жалғыз жолы – концертті жиі беру. Ал оны арнайы мекемелер қолға алмаса, дәстүрлі өнерпаздардың концерт беретін шамасы жоқ.
– Бүгінде ҚР Қорғаныс министрлігі ансамблінің жеке орындаушысысыз. Ж.Елебеков атындағы эстрада цирк-колледжінде әннен сабақ бересіз. Өз мамандығыңыз бойынша жұмыс тауыпсыз. Бұл күнде ол да мәселе ғой...
– Рас, консерваторияны бітіріп кеткен қаншама жас әлі күнге дейін жұмыс таба алмай жүр. Өнер иесі үшін ең әуелі сахна керек. Баба мұрасын арқалап жүрген соң, концертке шығып, шабыттанып ән салмасақ, несіне әнші болып тудық? Мемлекет тарапынан кәсіби музыка мамандарына бұрынғыдай сұраныс жоқ. Арнайы шақыртусыз жұмысқа алмайды. Табалдырық тоздырып өзіміз табуға міндеттіміз. Консерваторияны жылына 12-13 түлек бітіреді. Жұмыс таппаған соң, басқа салаға кете барады. Айтар ұсынысым: дәстүрлі музыканттарды топырлата бермей, аз студент қабылдап, оның үстіне, ар жағында өнері бар, шын талантты ғана оқуға түсіріп, кейін жолдама арқылы жұмысқа жіберуді қолға алса, дәстүрлі музыканттың да мәртебесі өсіп қалар еді...
Жүлделері:2005 ж. «Асыл мұра» республикалық байқауы – ІІІ орын
2005 ж. Мәди Бәпиұлы атындағы І респ. әншілер байқауы – ІІІ орын
2007 ж. Әміре Қашаубаев атындағы VІ респ. байқау – ІІІ орын
2007 ж. Әсет Найманбайұлы атындағы халықаралық байқау – Бас жүлде
2008 ж. Уәйіс Шондыбайұлының 135 жылдығына арналған аймақтық байқау – І орын
2009 ж. Кенен Әзірбаев атындағы «Шырқа, дауысым!» атты V респ. байқау – ІІ орын
2009 ж. Белоруссиядағы Қазақстан жылына орай өткен фестивальде арнайы өнер көрсеткен (ЕврАзЭС, Минск)
2010 ж. – «Сегіз қырлы» телевизиялық ән бәйгесі – Бас жүлде