Жігер Ауыпбаев: Өзім шығарған әндерді әншілерге беруге ұяламын
"Меломен" тобының бұрынғы мүшесі, әнші Жігер Ауыпбаев бүгінде әндердің әуенін жазып жүр. Алайда әндерін әріптестеріне беруге ұялады. Өзін сазгер емес орындаушы деп санайтын ол шығармашылығы жайлы айтты.
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Таңшолпан" бағдарламасына сілтеме жасап хабарайды.
"Мен кей-кейде шабытым ашылып, әндердің әуенін жазатын кезім болады. Өз әндерімнің әнін жазамын. Бірақ мен сазгер емеспін. Сазгер болу оңай емес. Мен өзімді тек орындаушы ретінде таныстырам. Сазгер, композитор деп Ержан, Ескендір Хасанғалиев ағаларымызды, Шәмші ағаларымызды айтуға болады. Сазгер болу үшін сенің әнің сұраныста болу керек. Бәріне ұнау керек. Барлық әнші сенің әніңді айту керек. Оның жүгі ауыр. Болашақта мүмкін бола жатармыз", - деді Ауыпбаев.
Әнші өз әндерін осындай себептерге байланысты әріптестеріне ұсынуға батылы бармайды. Алайда кей әншілерге арнайы жазған әндері барын жасырмайды.
"Карантин басталар кезде еліміздің әр өңіріне концерт беруді жоспарлаған едім. Батыс өңірін аралап, оңтүстікке келгенде карантин басталып кетті. Сондықтан жоспар орындалмады. Карантиннің өзінің пайдалы тұстары бар. Қол қусырып қарап отыруға болмайды. Әншіліктен бөлек, жеке бизнестерім бар. Соларды атқарамын", - деді әнші.
Ауыпбаев алдағы уақытқа жоспарлаған мақсаты көп. Оны жария етпесе де, уақыты келгенде белгілі болмақ.