Шығыстың өмірін бейнелейтін «Аттар», «Ләйлә және Мәжнүн», «Ұста», «Шаңырағымызға шақырамыз», «Екі балық», «Қауын», «Екі ғашық», «Керамика шебері», «Керуен – 2» секілді шығармалар қараған адамды бей-жай қалдырмасы анық.
Көпшілік әрқилы қабылдайтын абстрактылы туындыларды бейнелеуді таңдаған шебердің «Жібек жолы» атты көрмесіне жалпы 46 еңбегі қойылыпты. Бұл – Астана қаласындағы Қазіргі заман өнер мұражайында өтіп жатқан суретші Ахмет Ақаттың еңбектері. Ол өз еңбектерінде Қашқарияның мешіттері мен шіркеулері, ауылдары мен қалаларын суреттеуге тырысады, өйткені осы Шыңжаң қаласынан Памирге дейінгі аралықтағы барлық шығыс қалаларының көне заманғы ғажайып ерекшеліктері осы өңірлерде сақталған. Ал Қазақстан мен Өзбекстан қалалары тақырыбында суретші өзге қырынан танылатындай, мысалы, Қожа Ахмет Яссауи мавзолейін т.б. жұмыстарында олардың тарихта қалған нысандар екенін айрықша көрсетуге тырысқан, әрі бұл еңбектерінде қылқалам шебері архитектуралық құрылым мен адам баласының қолынан шыққан қайталанбас өнер туындыларын көрсетуге талпынған.
Ахмет Ақат 1954 жылы Қытай Халық Республикасының Құлжа қаласында дүниеге келген. Болашақ өнер иесінің отбасы 1959 жылы Қазақстанға келіп, ол 1974 жылы Абай атындағы Алматы педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетін тамамдап, кейіннен өнертану факультетінде аспирантурада оқыған. 1980-1983 жылдары Мәскеудегі «Сенеж», 1983 жылы Рига қаласындағы «Дзинтари» шығармашылық үйіне, 1990 жылы Германияның бірқатар қалаларына шығармашылық іссапарға барады. 2003 жылы Ташкент қаласындағы ІІ Халықаралық Артбиеналға қатысып, арнайы жүлдеге ие болады. 1988 жылдан Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, 2004 жылы майталман суретшіге ҚР Еңбек сіңірген қайраткері атағы берілді.
Суретшінің еңбектері Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайында, ҚР Мәдениет министрінің көркемсурет дирекциясында, Мәскеудегі Мемлекеттік Шығыс халықтарының өнер мұражайында, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ақ орда» резиденциясында, сонымен бірге Қазақстан, Германия, Италия, Қытай, Ресей, АҚШ, Түркия және өзге де елдерде арнайы көрмелерде орын алған.
Ахмет Ақаттың «Жібек жолы» көрмесі маусым айының 25-іне дейін жалғасады.
«Жібек жолын» көргіңіз келе ме?
Последние статьи автора