Қазанның 7-сі кешкі сағат 18.00-де Алматы облысы Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылының Мәдениет үйінде жас та болса, өнерде өз соқпағын салып үлгерген дәстүрлі әнші Ләззат Жанаманованың жеке шығармашылық кеші өтеді. Жетісу өңірі ақындық мектебінің көш басында аталатын Сүйінбай, Жамбыл ақындардың әнін нақышына келтіре орындауда бүгінгі буын өкілдері ішінен ел-жұрт мойындаған жас әншілердің бірі – осы Ләззат Жанаманова.
«Негізінен үш бөлімде өтеді деп жоспарланып отырған бұл кеш шығармашылық кештен гөрі, есеп беру концертіне көбірек келеді», – дейді әншінің өзі. Консерваторияны бітіргеніне жетінші жылға аяқ басқан Ләззаттың ең алғашқы ән кеші сол диплом алған 2004 жылы Жамбыл Жабаев атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында өткен.
Ләззат ЖАНАМАНОВА:
– Қанша дегенмен, албырт шақ, әлі оң мен солды толық танып үлгермегендіктен де болар, ол кезде «концертімді былай өткізсем дегеннен гөрі, былай өткізейік деген ұйымдастырушылардың ықпалында кетушілік басым болды. Сондықтан осы концертімді мен екі жыл бойы ойластырып, армандадым десем болады.
Ә дегеннен-ақ сахнаны оркестрмен жанды дауыста ән салумен ашатын Ләззаттың орындауында халық қандай әндерді тыңдайды дегенге келсек, көбіне біреудің қолқа салғанынан гөрі, әнші өз жанына жақын әндерді сүйіп орындайды және оны көрермен, тыңдарман жүрегіне жеткізе алады. «Мен өзімнің сондай әндерімнің бірі деп Ахмет Байтұрсыновтың «Аққұмын» атар едім. Сондай-ақ Жарылғапбердінің «Ардағын», Майраның «Толқымасын», Ғазиздің әні «Ғазиз» деген бар, екі нұсқа, соның екеуін де сүйіп орындаймын», – деп жауап берді.
Концерттің екінші бөлімінде әнші Жамбыл мен Үмбетәлі бабаларымыздың айтысынан үзінді көрсетсем деп жоспарлап отырғанға ұқсайды. Онда Жамбылдың кезегін Ләззат Жанаманованың өзі бүгінгі таңда қызмет ететін Алматы облыстық филармонияның әншісі, өнердегі әріптесі Бейбіт Мұсаев орындаса, Ләззат Үмбетәлінің айтысын орындамақ. Неге дәл осы Жамбыл мен Үмбетәлінің айтысы дегенге келсек, бұл бұрын-соңды еш жерде орындалмаған, ұстаз бен шәкірттің арасындағы әдемі әзілге құрылған айтыс болса керек. Қызықты болғандықтан, жұртшылықты жалықтырмайды деп күтілуде. Расында, көбіне концерттерде айтыс беріле бермейтінін ескерсек, аталған кештің бұл да бір ерекшелігін осы тұстан аңғаратын секілдіміз. Ал үшінші бөлімде эстрадалық әндерге кезек беріледі. Кеш қонақтары арасында есімдері елімізге белгілі біршама эстрада әншісі болады деп жоспарлануда.
• Әншінің анкетасы •
Ләззат Жанаманова – дәстүрлі әнші.
Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты Жаңа құрылыс ауылында дүниеге келген.
1996-1999 жылдар аралығында Ж.Елебеков атындағы Қазақ эстрада және цирк колледжінде белгілі әнші Рамазан Стамғазиевтің сыныбынан дәріс алған.
2000-2004 жж. Қазақ ұлттық консерваториясының халық әні кафедрасын домбырамен ән айту мамандығы бойынша тамамдаған.
Арқа мен Жетісу мектебі әндерін орындаушы. Репертуары халық әндерімен қатар, жекелеген композиторлардан Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Жарылғапберді, Сейітжан салдың әндерінен және Жамбыл мен Сүйінбай әндерінен тұрады.
Халықаралық Жамбыл сыйлығының лауреаты.
Бүгінде Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның әншісі.