«Егер сол ауылдың бір жұтым қара суы, Орынбай ағаның қас-қабағы болмаса, мен ол тұсты ит-құс құтырған заман дер едім». Аза бойыңды қаза етерлік қобыздың зарлы үнімен кадр сыртынан осы сөздер оқылды... Танаудан шыққан леп буға айналып үлгірмей, мұз боп қататын шыңылтыр аяз бен белуардан келер қалың қарда шаңғымен әупірімдеп бір қарт кісі келеді. Ымырт үйріле бастаған кез. Әлі қарасы көрінбейтін ауылға күн батқанша жетіп үлгерейін деп ақсақал асығып келеді. Қалың қар мен саршұнақ аяздың болдыртқаны аздай, кенет дәл желке тұсынан ұлыған дауыс естілді. Сөйткенше болған жоқ, екінші, үшінші тұстан ұлыманың үнінен құлақ тұнып, дем арасында қария қорқаулардың қоршауында қалды. Жан-жақтан анталаған қасқырға жем болар ма еді, сол тұста қалтасынан оттығы табылмағанда. Бұл – кейін қатыгездіктің ызғарынан, саясат атты қорқаудың қоршауынан талай жазықсыз жандарды құтқарып, кең құшағына сыйдырған Қазақ деген халықтың прототипі Орынбай ақсақал еді.
Тәубе, режиссер Сламбек Тәуекелдің «Жерұйық» фильмін көргеннен кейін қазақтың рухы көтеріліп қалатын болды. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген Абай сөзі біздің елдік ұстанымымыз екенін режиссер дөп басып, киноның эпиграфына ұтымды қолданған.
Сламбек ТӘУЕКЕЛ, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, кинорежиссер:
– Көпұлтты ел екеніміз белгілі болса-дағы, осындағы әр ұлттың бізге қашан, қандай жағдайда келгені, қалай өсіп-өнгені жайлы екінің бірі біле бермейді. Әсіресе жас ұрпақ. Қазақ халқының толеранттылығы, халықтар бірлігі жақсы дегенмен, ұлтаралық қатынас деген – өте нәзік ұғым. Бұл ретте, қазақтың шыдамдылығы, қазақтың болмысының кеңдігі дәл бір осы көпұлтты мемлекетке жаралған сияқты. Бұл фильмде біздің көрсетуге тырысқанымыз өз басына түскен нәубеттерге қарамастан, 1931-32 жылдардағы ашаршылық, оның соңын ала бере 37-ші жылғы репрессияға қарамастан, қазақтың өзге халықтардың қиыншылығын түсініп, өзімен бірге бөлісе білгенін көрсетуді көздедік. Осы фильмнің сценарийін жазған Лаврентий Сонның өзі жер аударылған кәріс ұлтының өкілі, өзі елімізге сол бір 1937 жылдың қысында келіпті. Сол ызғарлы суықта заманның қытымыр аязынан құтқарған қазақтың берген бір жұтым суы әлі есінде екенін айтады.
Ыстық су – қазақтың ыстық құшағы
Кинода бір кесе суды ыстық қылып беруінің өзі – қазақтың ыстық құшағын аңғартқандай. Кеңестің жандайшаптары аңғал халыққа әдейі «адам жегіштер келеді» деп үркітіп, егер біреу қол ұшын созар болса, оңбайтынын айтып ескертеді. Шаш ал десе, бас алатындардан қорқып қалған халық шынында жеріне жат біреулер келгенде азып-тозған бала-шаға, шал-кемпірді аяғанымен, көмектесуге батылы бармайды. Сол тұста басын қатерге тігіп, топ ішінен суырылып шыққан колхоз төрағасы Орынбай ақсақал болды. Осы рөлді режиссер Сламбек Тәуекел әу бастан-ақ актер Болат Әбділмановқа арнап жазыпты.
Болат ӘБДІЛМАНОВ, актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
– «Жерұйықтағы» Орынбай ақсақал рөлі – Даланың академигі деп айтса болатындай қазақтың қазыналы бір қарты. 1937 жылдың нәубетін ауылдағы қарапайым адамдардың тағдыры арқылы көрсететін бұл тарихи туынды өзіме ерекше әсер етті. Бүгінде, мәселен, ел ішінен бөлініп, «жер біздікі» деп бүлік шығарып жатқан ағайындар сол бір кездері өздерінің қазақ жеріне қандай күйде келіп, қазақтың оларды қалай құтқарып қалғанын білмегендіктен істеп жатыр. Ал шығарманың авторы жазушы Лаврентий Сон осы шығарманы жазуды өмір бойғы өзінің мақсаты санапты.
Шығарма әуелі тек кәріс халқының тарихы жайлы жазылса керек. Алайда киносценарийді жазу барысында оның біршама ауқымын кеңейтіп, елімізге шоғырланған түрлі ұлттар, кәрістер, түрік, күрд, шешен, немістердің қалай келгенін, келгеннен кейін жерге, елге қалай сіңгенін қамтуды ұйғарыпты. О баста қазақ жеріне кәрістерді өлімге жібергенімен, біздің жерден олар өмір тауып, сондай-ақ күріш шаруашылығын дамытқаны фильмде шебер көрініс табады. Ал неміс, еврей халқының саяси айыпты болып, жерімізге қуғындалып келген көзі ашық зиялылары музыка пәнінен беретін мұғалім, енді бірі есепші болып, өз пайдасын тигізгені шындық. Фильмде ол да қамтылған. Тағы бір тарихи жайт – осы уақытқа дейін теңдесі жоқ, бүкіл әлем пайдаланатын Калашников автоматын дүниеге әкелген автор, яки Калашников осы қазақ жерінен шыққанын фильмді көрген жұрт біле жүретін болды. Алматы облысы, Талдықорған қаласына қарасты Матай стансысында тұрған Калашниковтың ең алғаш қаруды ойлап тапқан кезде көрген қиындығы, қоғамның түсінбестігі кинода жақсы көрсетіледі.
Рөлдерде де еліміздің кілең мықты театр және кино актерлері: Орынбай ақсақал – Болат Әбділманов, жұбайын – Назгүл Қарабалина, кеңестің қолшоқпары, пария бұйрығын орындауда тіпті өз ұлын ұстап берген Жылқыбайды – Нұрқанат Жақыпбай, күріш тұқымын ала келген кәріс, басты кейіпкер Петр Пакті – Эдуард Пак, Тительбаумды – Яков Ломега, ал Жылқыбайдың өз қолымен ұстап берген ұлы Теміржанды белгілі әнші Бағлан Әбдірайымов сомдайды. Сондай-ақ Дулыға Ақмолда, Ерлан Біләл сынды белгілі актерлер эпизодтық рөлдерді жандыра түскен.
Ескі көше, көне көліктер мен көне ғимараттар барлығы тура сол заманды көз алдыңа келтіретін киноны түсіруге барлығы үш миллион долларға жуық қаржы жұмсалыпты. Аз да емес, көп те емес, есесіне, көрерменге сыйлар әсері, тарихқа қосар үлесі зор, сондай-ақ кассаның да бүйірін бұлтитуы бек мүмкін. Фильмнің тұсаукесері 30 мамырда Астанадан бастау алып, Алматыда 1 маусымда өтеді.