Жеңіс ЫСҚАҚОВА: «Анасын күң еткен қоғамнан не қайыр?»

«Әннің де естісі бар, есері бар» демекші, теле-радио толқынды төменгі сортты «туындылар» қоқысқа толтырып, қазақы жұрт құлақ құрышын қандырар әуеннен көз жазып қалғандай. Әуе толқынындағы қаптаған телерадио арналар даңғаза шуға толып, домбыраның үні мен қазақы салқам саз барған сайын сирек естіледі. Көпшіліктің көңілін күпті еткен біраз мәселе төңірегінде ой бөліспек ниетпен Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген әртіс Жеңіс ЫСҚАҚОВАНЫ «Жұлдызды сәт» тележобасының кезекті түсірілімінен кейін әңгімеге тарттық.


– «Жұлдызды сәт» тележобасындағы қазылар алқасының мүшесі екеніңізден хабардармыз. Жоба ресейліктерден көшіріп алынған деген пікірге не айтасыз?

– Бұл жоба елімізге, қоғамға керек бағдарлама. Ресейлік «Минута славы» жобасының көшірмесі деп сынайтын жұрт та жетерлік. Көшірілсе де, сәтті ұйымдастырылған бағдарлама екенін көрермендердің аузынан естіп жатырмыз. Сынайтындар не десе де – өздері білер, бірақ өзінің талантымен ел ішінде елеусіз жүргендердің «Жұлдызды сәтіне» жол ашылады. Қатысушылар «Жұлдызды сәттің» мәресіне жетер-жетпес, бірақ көрермендердің назарын өзіне аудартатыны анық.

– Республиканың әр аймағынан келген таланттыларды бағалау көңіліңізден шығып жатыр ма?

– Осы таланттарға телефон арқылы жолданатын «смс» хабарлама бойынша дауыс беру тәртібі көңіліме қонбайтыны рас. Жанкүйерлердің дауысы көп жағдайда өнері басым түсетін таланттардан гөрі, орта деңгейдегілердің есебін молайтып кеткен кезде, өкініп қаласыз. Лотерея билетінің ойыны сияқты, бабынан гөрі, бағы жанып кеткендер де бар. Бес жастағы Шаймерден деген бала әріп танымаса да, ұзақ-сонар поэманы жатқа оқығанын көргенде, еріксіз таңданасыз. Ол бала поэманы әкесі оқып берген кезде, жаттап алады екен, сөздің мағынасын түсініп, образға кіргенін көргенде, тіл-көз тимесе екен деп іштей тілейсіз. Жүрегімді бәріне бөліп берер едім, әттең, қортынды сәтте «смс» бар мәселені шешеді. Құлжанова деген қыз бен Айдос деген жігіт тең түскен кезде, екеуінің бірін таңдаудың шешуші даусы маған байланысты болды. Әрине, мен Айдостың өнеріне тәнті болдым, зіл темірді жіптей созу ешкімнің қолынан келе бермейді, ал табиғатында мүмкіндігі шектеулі болып дүниеге келген ергежейлі Құлжановаға дауыс беру менің адами парызым болса керек. Таңдау сәті дәл осындай мәселеге тірелгенде, адамгершілік қасиетті алдыңғы орынға қойған жөн шығар.

– Жеңіс, енді телеарнадан радиоға қарай ойыссақ. Осы сіздің Қазақ радиосымен байланысыңыз қандай?

– Қалай десем екен?.. Шығармашылық тығыз байланыстамын деп айта алмаймын...

– Оны сұрап отырған себебіміз: Қазақ радиосынан әндеріңіз неге сирек беріледі дегенім ғой.

– Иә, бүгінде жастардың әні, ырғақты әуендер радиодан жиі беріледі. Танымал әншілерді шақырып, арнайы бағдарлама жасап, шырқалған әндерді ести бермейміз. Себебі нарық заманы радионы да коммерциялық мекемеге айналдырды. Бұрынғыдай көркемдік кеңестің бар-жоғынан хабарым жоқ. Түсінгенім – жастар ақысын төлеп, әндерін эфирге жіберуге өтініш жасайтын сияқты. Соның салдары болу керек – бір-бірінен аумайтын әуендер қаптап кетті. Әні мен сөзі қабыспайтын, дауысы әуеніне сәйкес келмейтін әншілер де осы радиода өріп жүрген сияқты.

– Анығын айтсақ, сіздің ғана емес, сізбен шамалас ұрпақтың да әндері Қазақ радиосынан сирек естіледі. Осының себебін түсіндіре аласыз ба?

– Дұрыс айтасыз, қазақты әнімен баурап жүрген Мақпалдың да дауысын сирек естиміз, Сәкен Қалымовтың, Рамазан Стамғазиевтің әндері анда-санда беріліп жатады. Радиода отырған қызметкерлердің дені жастар болғандықтан, өздеріне ұнайтын қатарластарын эфирге шығарғысы келетін шығар. Түптеп келгенде, радио басшылығының қазақ әндеріне, әншілеріне қатысты редакциялық саясаты айқын емес деген ой туады...

– Радиоға шүйлігіп отыруымыздың тағы бір себебі бар: біріншіден, біз Қазақ радиосында берілетін әндерге бір апта бойы мониторинг жүргіздік. Екіншіден, сонда байқағанымыз – ұлттық радиоарнада кім көрінген өріп жүр. Не әуенін, не атын адам білмейтін әншілер мен мәтіні сын көтермейтін «әнсымақтар» әуе толқынын қоқысқа толтырып тастаған. Соған қарағанда, Қазақ радиосы аты бар әншілер мен композиторларға қаламақы төлеуді ауырсынатын шығар?

– Бұрынғы кезде қаламақы төленетін. Сыртынан сын айтып, күнә арқаламай-ақ қоялық, мүмкін, сол әншілер әндерін эфирге шығару үшін, «қолға қыстыруын» да қатыратын шығар... Тәуелсіз ел атанғалы радиодан қаламақы алдым деген әншіні естімеппін. Керісінше, әніңді шығару үшін, өзің ақысын төлеуің керек.

Мәнсіз әнмен эфирді тоғыта толтыру – аса қиын шаруа емес. Арзан әнге еліктейтін жастардың махаббаты да арзан, өмірге деген көзқарасы да ат үсті, мақсат-мұраты да жұпыны – ештеңенің қадірін түсінбей қала береді-ау деп қорқамын. Бүгінгі жастардың лирикалық әндері тек қана баянсыз махаббатқа, сорлап қалған тағдырға арналған сияқты әсерде қаласыз. Сол әннің әсерімен өздері де өмірде бір-бірінің қадірін білмейтін сияқты – жеңіл-желпі өмір сүруге құштар.

Бұрынғы әндер – «бақытқа бірге барайық», «қол ұстастық екеуміз», «қос аққумыз», «теңіздің толқынына құмартамыз», «өміріміз – өлең» тұрғысында, табиғат пен адамның арасындағы қарым-қатынасты шырқайтын. Адам өзін бақытты санаса, өзгелерге де сол сезімді сыйлайды. Сол себептен есті әндерді жаңартып, орындағанды ұнатамын.

– Ал әлдебір «сборник» концерттерге қатысқаныңыз үшін қаламақы төлене ме?
– Ол да жоқ. Ұйымдастырушылар концерт өткізетін орынның жалдау ақысының қымбаттығын, оның үстіне қосымша жарық, дыбыс беру құралдарының ақысы жеке төленетінін айтып, қатты қиналады. Мәселен, Алматыдағы Республика сарайының бір күндік ақысы сегіз миллион теңге деп естиміз. Әншілердің басын қосып, халықтың көңілін көтеру үшін, әкімшіліктен жеңілдік сұрап жүрген ұйымдастырушы азаматтарға «қаламақы төле» деуге аузыңыз бармайды. Біз де елдің алдына шығып, ән айтқымыз, көрерменмен жүздескіміз келеді. Осындай шараларға мұрындық болатын Мәдениет министрлігі не істеп отыр? Әншісі, сазгері, ақыны, күйшісі қайда жүргенінен хабары бар ма екен?

– Тағы да құпия болмаса, айтыңызшы: сіз композиторлардан әнді қаншаға сатып аласыз? Әлде әні таралғанын қалайтын сазгерлер сіз сияқты танымал әншілерге туындысын тегін бере ме?

– Расын айтсам, осы күнге дейін ән сатып алып көрмеппін. Сазгерлердің өзі әндерін ұсынып жатады. Кейде, өзім әндерін таңдаймын. Менен ақша сұрауға өздері де ұялатын шығар...(күлді).

– Қазір әншілердің негізгі кәсібіне айналған «той-бизнесті» айтпағанда, негізгі табысыңыз бен кірісіңіз қайдан келеді?

– Бүгінде мен Қорғаныс министрлігі оркестрінің орталық ансамблінде әншімін. Құдайға шүкір, азын-аулақ айлық бар. Отағасының қызметі бар, асып-тасып жатқан жоқ, құдайдың бергені жетеді. Той бизнесіне келетін болсам, есті әндерді тыңдағысы келетін адам шақырса барамын, ондайлар көп емес, тойда да сол жеңіл-желпі әндер басым ғой. Менің қаламақым – осынша деген мөлшер жоқ, шақырған жерге барамыз. Облыстар шақырады, тәубә, еңбегіміз ақталып жатыр. Еліміздің Ұлт-аспаптар оркестрімен, эстрадалық-симфониялық оркестр ұжымдарымен жұмыс жасаймын. «Құрманғазы», «Отырар сазы», Алматы қаласы әкімдігінің оркестрімен де тығыз шығармашылық байланыстамын.

– Табыс төңірегіндегі әңгімені тәптіштеп отырғанымыз – тыңдарман деген, бірінші кезекте, халық қой. Бүгінгі қымбатшылық қысқан халықтың денінде ән-күйге құлақ түрер құлық қалды деп ойлайсыз ба?

– Ән-күй – рухани қажеттілік десек, құлықты тыңдарман қашанда бізбен бірге. Бірақ кеңестік кезеңде радиодан ертеден қара кешке дейін – әнін де тыңдап, жұмысын жасап жүрген тыңдарманнан көз жазып қалдық. Қаланың халқына бір жағынан замануи техниканың дамуы да ықпал етсе, екінші жағынан ауылдағы ағайынның күнкөріс қамы да күйбең тірліктің әуресімен әнді ұмыттырған жайы бар. Ал мәдениет саясаты, рухани азық болатын құндылықтардың жағдайы қандай қоғамда да дұрыс жолға қойылуы тиіс екені басты мәселе дер едім.

Қаптаған радио толқындар тек орыс тілінде ән салады, қазақ деген тыңдарманды ұмыт қалдырғаны қаш-а-ан? «Авторадио», «Русское радио», «FM радио» дегендер қазақтың жыртысын жыртуы үшін, қазақ өнеріне, тіліне биліктің көзқарасы өзгеруі тиіс. Көлікте отырып, кептелісте қалған кезде тыңдайын десең, қазақтың күйін таппайсыз. Жаныңды тындырып, қарбалас тірлікті ұмыттыратын күй сазы, басқасын былай қойғанда, тіпті Қазақ радиосында да жоқ қой, шіркін!

– Ал сіз барша қазақ әйелдері сияқты зейнеткерлікке 63 жаста шығуға қалай қарайсыз?

– Айтар сөзім жоқ – жаман қараймын! Министр Әбденов айтты ғой, «өздеріңізді жас сезінесіздер» деп. Әйелдерді 63 жасқа жеткенше, қайсы мекеме жұмыс беріп, қарық қылады екен?! 45-тен кейін жұмыс табудың өзі бір қиямет, сонда 18 жыл бойы қызмет іздеп, кімнің есігін торып, сабылып жүруі керек? Жас кезінде бала туып, оны бағу – бір бейнет те, енді оның зейнетін көру – екінші бейнетке айналды.

Мүмкіндігінше, әйелге тұрмыстық-әлеуметтік жағдай жасаудың орнына, одан әрмен бейнетке батыру – кімнің ойынан шыққан қиянат, обалы кімге?! «Әйелдер еркектерден көп жасайды» деген сөз шенеуніктердің аузынан жиі шығады, сонда әйел байғұстардан тезірек құтылудың амалы жасалып жатыр ма? Анасын күңге айналдырғысы келген қоғамнан қандай үміт күтуге болады?!

– Сөз басындағы Қазақ радиосындағы әнсымақтарға қайта айналып соғар болсақ, сіздің осы сұхбатта айтқан пікіріңіз үшін, Ұлттық радио сізді толқыннан сызып тастайды деп қаймықпайсыз ба?

– Несіне қаймығам?! Бір заманда Қазақ радиосының бір басшысы (кім келіп, кім кетпеді) мені эфирге шығатындардың тізімінен сызып тастапты. «Ит үреді, керуен көшеді екен» де, радио қалады екен. Эфирге шығарғысы келмесе, ол басшы да ауысар, бәрі өз орнына қайтадан келеді. Онсыз да әуе толқынына шығып жүргенім шамалы, керісінше, өзімді ғана емес, өзіммен қатарлас әншілердің бар екенін естеріне салдым деп санаймын. Бұрындары қазақ әні жоқ дегенде, түн ауа қазақша концерттерді топырлата беретін. Енді мәнсіз әуен эфирді жайлап алды деп дабыл қағудамыз. Не деген намыссыз халықпыз?!

– Жеңіс, ашық әңгімеңізге рахмет, есті әндеріңіз әуелей берсін!

suqbat.kz

 

 

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста