Фольклорымыздың түп негізін қиял-ғажайып дүниелердің құрайтындығына қарамастан, өкінішке қарай, бүгінгі қазақ әдебиетінде фантастика жанры мейлінше кенже қалып отыр. Жазушы Марал Ысқақбайдың пікіріне жүгінсек, фантастикада көркем әдебиет деңгейіне көтерілген адам бізде біреу-ақ. Ол – Шоқан Әлімбаев. Ал қалған жазушылардың еңбектері біреуі қисынға келеді, біреуі келмейді. Енді біреуінде фантастика ұшқыны болғанымен, көркем әдебиеттің талабына жауап бере алмайды.
Ал фантастика жанры өз дәрежесінде болуы үшін, біріншіден, жазушылық талант болуы керек. Яғни кәдімгі роман, повесть, әңгіме жазатын адамдарға қойылатын талап фантастика жазатын адамға да қойылуы шарт. Екіншіден, фантастика жазатын адамның ұшқыр қиялы болуы қажет. М.Ысқақбайдың бұл реттегі ойы: «Біздің қаламгерлеріміз фантастиканы көбіне қиял-ғажайып ертегілерге ұқсастырып жібереді, кейіпкерлерінің бірі айда, бірі жұлдызда жүреді. Әрине, шығарманың толықтай ғылыми болуы шарт емес. Мысалы, Беляевтің «Профессор Доуэльдің басы» деген шығармасын оқығанда, «Бұлай болуы да, болмауы да мүмкін-ау» деген ойда тұрасың. Оқырманды сәл де болсын бірдеңеге сендіре алатындай болса, онда фантастика бар деген сөз. Сондықтан фантастикалық шығармалар көркемдік талаптарға сай келумен бірге, ғылыми жағынан шешілген, сол тұрғыда мүмкіндігі бар болуы тиіс», – дегенге саяды.
Әсілі, бүгінгі өмірден шынайы шығарма тудырдың не, фантастика тудырдың не, бұл жердегі мақсат біреу-ақ, яғни кейіпкердің тағдырын көрсету, сол арқылы адам бойына ізгі қасиет дарыту болуы қажет. Соған қол жеткізген адам, міне, нағыз жазушы. Қалай болғанда да, фантастикалық шығармаға ғылым деп емес, көркем әдебиет жанры ретінде қарау керек. Дегенмен «астарында ғылыми бірдеңе жататын болса, ол да – жақсы нәрсе, – дейді Марал Ысқақбай, – мысалы, кезінде «Білім және еңбек» журналының алғашқы редакторларының бірі болған Талап деген қаламгер біздегі фантастиканың тууына белгілі бір дәрежеде әсер етті. Сол кісінің «Лабораторияда дайындалған ет» деген бір әңгімесі болған. Сол әңгіменің кейіпкері бір жапырақ етті алады да, әлдебір технологиямен зертханада өсіреді. Ол өсіп-өсіп, үлкен ет болады. Осы, мысалы, қазіргі ғылымда бар. Яғни мейлі жануардың, мейлі адамның болсын, кішкентай ғана клеткасын алып, үлкен ғып өсіріп шығара алады. Осылайша клондау тәсілімен шығарылған қой болған. Өткенде біреулер «теледидардан тіпті адамды жасап шығару да сөз емес. Оны да жасадық. Бірақ адамның формасына ене бастағанда тоқтаттық» деп жатты. Былайша айтқанда, біздің ғылымымыз қазір осындай деңгейге де көтерілді. Ал қарапайым ғана Талап сияқты замандасымыз соны кезінде-ақ қиялымен болжай білген. Бірақ жазушылық қабілеті онша мықты болмағандықтан, шығармасын көркемдік деңгейге жеткізе алған жоқ». Өкінішке қарай, қоғамдық ойға қозғау саларлықтай қабілетке ие мұндай қаламгерлер бізде жоқтың қасы.
Осы орайда, Марал Ысқақбай осыдан он шақты жыл бұрын жазған «Ғажайып әлемнің күнгейлері мен көлеңкелері» атты мақаласында «әлемдік фантастика қай бағытта дамып бара жатыр», «кеңестік фантастиканың деңгейі қаншалықты» дегенді саралай отырып, соның аясында «қазақ фантастикасының әлеуеті қандай» деген сұраққа жауап іздегендігін айтады. Сол мезетте «қазақ фантастикасы жаңадан туып, жаңадан қалыптасып келе жатыр» деп ұйғарым жасаған жазушы бүгін де: «Менің ойымша, содан бері өзгере қойған ештеңе жоқ. Өзгерген болса, бәрі айтып, жарыса жазып, даңқы мен дақпырты құлағымызға әлдеқашан жеткен болар еді», – деген ойын жасырмайды. Өйткені, оның пікірінше, Шоқан Әлімбаев секілді бірлі-жарым жазушылардың жетістігі күллі фантастика жанрына өлшем бола алмайды...
Жазушы ойының шабандығы жанрдың дамуын тұсаулап отыр
Последние статьи автора