Айдос БЕКТЕМІРОВ, ҚР еңбек сіңірген әртісі:
Сахна өнеріндегі өзіндік қолтаңбасы айқын талантты актер, ҚР еңбек сіңірген әртісі Айдос Бектеміровті театрсүйер қауым әуел бастан Абай бейнесінде қабылдаса, қалың көпшілік «Ағайынды» телехикаясындағы Ерсайын рөлі арқылы кеңінен танып-біле түсті. Киноға түсуге кезінде талай рет бақ сынап көргенімен, өзі айтпақшы, «жолы болмай-ақ қойған» ол «Ағайындыға» ойламаған жерден тап болыпты. Осы және басқа да жайттар жөнінде актердің өзі былайша әңгімелейді...
Сюжеттің жайма-шуақтығы жаныма жақын болды
Жалпы, актер атаулы бала сияқты, кейде сәл нәрсеге көңілі босап, көзіне жас алса, кейде болмашы нәрсеге жүрегі жарыла қуанады. Бұрындары киноға түсуге талай рет талпынып көргеніммен, еш сәті келмей-ақ қойған-ды. Содан кейін тіпті «әй, қойшы» деп, қолды бір-ақ сілтейтін болғам. Бірде марқұм Бикен Римова апам екеуміз бір фильмге киносынаққа бардық. Мен тыныш тұрмай: «Ой, апа, қазір көресіз, мен бәрібір өтпеймін», – дедім. Сонда Бикен апаның: «Айналайын, Айдос, олай деме. Мен де жас кезімде түскім келмеді дейсің бе? Өнер адамының бағының жануы бір пәсте», – дегені әлі есімде. Негізі, «кинода жолым болмады» дегеннің бәрі – әншейін далбаса. Айналып келгенде, бәрі – пендешілік. Бірақ «Ағайындыға», шынында да, түсемін деп ойламаппын. Жұмысқа келе жатқанмын. Театрдың алдында «Сатай-фильм» студиясының бір топ қыз-жігіттері фотобайқау жасап жатыр екен. Бір кезде: «Аға, тұра қалыңыз, сізді де түсіріп алайық», – деді. Орыстың қыздары екен, үздігіп тұрып алған соң, түсе салдым. Кейіннен кинобайқауға шақырды, оған да құлықсыздау барып түстім. Арада пәлен күн өткен соң хабарласып: «Сіз әкенің рөліне өттіңіз! Құттықтаймыз!» – деді. Сөйтіп, ойламаған жерден өттім де кеттім.
Кино Алматы облысы Қарасай ауданының «Еңбекші» ауылында. Сондағы бір жігіттің үйін жалға алдық та, екі ай бойы сонда тұрдық. Шынымды айтсам, сюжеттің жайма-шуақтығы жаныма жақын болды. Телехикаядағы жағдайдың барлығы – әр отбасында болатын жайт. Кейде тас қаланың күйкі тірлігінен шаршап кеткенде ауылдың тыныш өмірін аңсайтынымыз рас қой.
«Ағайындының» арқасы шығар, көшеде, әр жерде танып қалған адамдар сондай бір жылы шыраймен сөйлеседі. Кейде бағдаршамда тұрсам, көліктерінің терезесінен бастарын шығарып: «Аға, қалайсыз?» – деп құрақ ұшады. Мен аң-таң боп: «Мұны қайдан көрдім? Кімнің баласы еді?» – деп тұрғанымда: «Сіз телехикаяда өте жақсы ойнағансыз, жарайсыз!» – деп ықыластарын білдіріп жатады. Риза боп қаласың. «Жақсы сөз жан семіртеді» дегендей, көңілің көтеріліп, құлшына түсесің.
Кемеңгер әкенің бейнесін көрсеткім келді
«Ағайындыда» актерлікке салып, еш нәрсені «ойнағым» келген жоқ, бар болғаны өзімді ойнап шықтым, бітті. Өйткені жасанды әрекет бәрібір байқалып тұрады. Телехикаядағы «балаларыммен» сөйлесуім, жүріс-тұрысым, мұңайғаным, қуанғаным – бәрі өзімнің табиғатым. Әдейі солай жасадым. Яғни сол бейнем кейбір әкелерге үлгі болсын деп, ақсақал деуге тұрарлықтай, жүзі – жаз, көңілі – көктем, пейілі – кең, кемеңгер әкенің бейнесін көрсеткім келді. Әйтпесе қазақта баласының алдында қадірі түсіп жүрген әкелер де бар ғой. Адам баласы сезімсіз болмайды, бірде ашуланасың, бірде қуанасың, бірде күйгелектеніп кетесің. Бірақ табиғи мінезден алшақтай алмайсың. Актер ақылды болуы керек. Айталық, өнер адамының әсершіл келетіні рас, жүрегің лап етіп бір аруға ғашық болып қалдың делік. Сезімге бой ұрып, білместік жасасаң, оны қалпына келтіру қиын болады. Сосын актер кімді ойнаса да, санамен ұғып, түйсікпен түсініп ойнаса екен деп тұрамын. Бұл да мінезге байланысты. Жалпы, Әбіш Кекілбаевша айтсам, өткенінен тағылым алып, ертеңінен үміт күтетін адаммын. Ал алдағы өмірім – Алланың ықтиярындағы іс.
Өмірлік үлгіні әкемнен алдым
Әкем Төлеубай көргені мол, текті адам еді. Ол кісі маған өмірлік үлгі бола білді. Бүгінде не істесем де, «осыған әкем не дер еді» деп, әуелі өз-өзіме есеп беріп алып бастаймын. Мен Қарағанды облысы Шет ауданындағы тау бөктерінде орналасқан Қарғалы ауылында 1950 жылдың 26 мамырында дүниеге келдім. Таулы жер болған соң, қар қалың түседі де, қыс бойы сырғанақ тебеміз, шыбықтан таяқша жасап алып, хоккей ойнаймыз. Соның арқасында шығар, ауылдың бүкіл балалары дені сау, ірі-ірі болып өсті. Қалай болғанда да, табиғаттың адамға әсері мол ғой. Отбасында сегіз бала: төрт ұл, төрт қыз болдық. Әкем соғысқа қатысқан, ұста, домбыра тартып, өлең шығаратын да өнері бар-тын. Анам – отбасы, балалар деп қана өмір сүрген қазақы кісі. Ас дайындаудың шебері еді. Шешем пісірген тағамдардың дәмі әлі күнге дейін аузымнан кетпейді. Жұбайым Жібектің мамандығы – актриса. Отасқанымызға 27 жыл болды. Тату-тәтті ғұмыр кешіп жатырмыз. Үш қызымыз бар. Үлкеніміз Гүлзираның мамандығы – заңгер, екінші қызымыз Гауһардың мамандығы – экономист, кенжеміз Іңкәр политехникалық институтты бітірген. Үшеуі де өз қалауы бойынша білім алып, кәсіп таңдады.
Өнерге ғашықтық бәрін жеңеді
Бірде итальян теноры Лучано Павароттидің сұхбатын оқыдым. Ол сахнаға әбден берілген, әр әнін зор толғаныспен, үлкен жауапкершілікпен орындайтын нағыз өнер иесі ғой. Сахнаға шығуға шамалы ғана уақыт қалғанда ол толқып, шыж-быж болып, жүрген жүрісіне налып: «Әнші болып нем бар еді? Осынша жасқа келіп сахнада салпақтауыма не жорық? Қазір қалай болар екен деп қобалжып, өзімді-өзім жегідей жегенше, неге өзге жұртқа ұқсап тыныш отырмадым екен», – деп күйінетін көрінеді. Сөйтіп, ой құшағында тұрғанда кеш басталып, сахна ашылады да, жүргізушілер мұның шығатынын хабарлап кеп жібереді. Ғажап! Сол сәтте-ақ әлгі өкініштің бәрі сап тыйылып, «Сахнаның ішінде, сахнаның сыртында менен бақытты адам жоқ!» – деп, Лучано зор бақытқа кенеледі екен. Көрдіңіз бе? Міне, бұл – өнердің құдіреті! Сол сияқты, кейде «жынданған бақсыдай не істеп жүрмін осы» деп, өзіңді-өзің жек көріп кететін сәттерің де болады. Бірақ соның бәрінен құтқарып қалатын – сахна, өнерге ғашықтық. Осы іңкәрлік барлық қиналысыңды жуып-шайып кетеді. Өкінішке қарай, өнерді мансап, атақ үшін пайдаланатындар да бар. Олар өнерді жағдай жасап, тұрмыс дұрыстаудың құралы деп ұғады. Алайда жат пиғыл, былғаныш нәрсе араласқан өнер мәңгілік емес.