"Нұр-Мұқасан" тобының экс-мүшесі Мұқасан Шахзадаев өнер әлеміндегі қазіргі жас буын жайлы пікір білдірді. Әнші тілді бұрмалаған жастардың бетімен кеткенін "1001 түн" бағдарламасында айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Бағдарлама жүргізушісі "Сізден сөз тазалығы, тіл тазалығы туралы текке сұрап отырған жоқпыз. Сіз 2016 жылы халықаралық қазақ тілі қоғамының бірінші дәрежедегі қазақ тілі алтын медалімен марапатталғансыз. Жаңа айттыңыз, "Біз ағалардың алдынан өтетінбіз. Сөзді көрсетіп, әнді көрсететінбіз" дедіңіз. Ал сізді ағалап келетін жас бар ма? Тәлім сұрайтын, түзетуді сұрайтын жас бар ма? Әлде әрқайсысы жеке дара жұлдыз ба?", - деп сұрайды. Ал Мұқасан Шахзадаев сахнада тілді бұрмалайтын жастардың ісі жүрегіне бататынын жасырмады. "Енді баяғыда ауылда әжелеріміз бен аталарымыз "Өңшең бетімен кеткен" деп ұрысатын еді ғой. Қазіргі таңда жастарымыз шынымен бетімен кетті. Әрине, ол бәріміздің жүрегімізге батады. Тілімізді қалай болса солай бұрмалап жатқаны бар. Өнер адамы халықтың айнасы ғой. Соған қарап ұрпақ өседі, жастар өседі. Теледидардың ар жағында өнерге қызығып жүргеннің бәрі содан тәлім-тәрбие алады. Ондай жоқтың қасы", - деді Мұқасан Шахзадаев.