Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап «Хабар» арнасынан еліміздегі барлық аймақтан іріктеуден өткен 32 жас ақынның қатысуымен «Жастар жырлайды» атты тележоба қалың көрерменге жол тартқан еді. Жобаға 14 жас пен 23 жас аралығындағы ақындар қатысып, сүбелі ой мен адуынды жырдың арынын байқатып, сөзбен сарай салып, ақылмен Алашты ұйытар жастардың біразы жобадан жарқырап шықты.
Әлемдегі ұлттар мен ұлыстардың дәуірлерден қалған өркениетіне оралсақ, не бір айшықты өрнегі мен өлмес өнері болған. Десе де, ешбір халыққа тән емес ұлық өнер қазаққа ғана тән – айтыс өнері. Бүкіл табиғатына бірнеше өнерді ұйытқан ұлы өнеріміздің ғасырлар бойы сайын даламызда талайлаған сүлейлер мен сақиларды, жыраулар мен дүрлерді төріне шығарғанына халық куә.
Шежірелі өлкеміздің шешен тарихында ұрпақ сабақтастығы үзілмей, алашапқын кезеңдер мен қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бүгінгі заманға дейін айтыс халықтың санасынан өшкен емес. Ұрпақ сабақтастығы мен буын үндестігі үзілмей келе жатыр дейтін сөзіміздің дәлелі Тәуелсіздікпен құрдас жас ақындардың жыр сайысының халыққа жол тартуы. Айтысқа «дала демократиясы» деп баға берген екен даналар. Азаттықтың 20 жылдық мерейлі сәтінде Тәуелсіздікпен құрдас жас ақындардың аламаны тартысқа толы дүбірмен өз мәресіне жетті. Жоба барысын қорытындыласақ, аймақтарда тасада жүрген талай ақынның жұлдызы жанып, үлкен өнердің табалдырығын аттағанын байқаймыз. Ел арасында айтысты алалады деген пікір де бар. Бірақ төрде тұрған төл өнеріміз әркімнің шаужайында, біреудің тақымында кететін қолдан жасалған дүние емес. Айтыс ұлтқа тән және қазаққа ғана берілген бәсіре деп білуіміз керек.
Арман Сқабылұлы, жоба жетекшісі:
– Мен басылымдардан кейбір кісілердің пікірін естіп қалып жүрмін. Айтысты неге бөліп-жарады деген сияқты. Мен бұл пікірлерге ешқашан келіспеймін. Біздің жоба, шынын айту керек, талай жастардың елге танылуына үлкен мүмкіндік жасады. Жастар айтысы міндетті түрде болуы керек. Кез келген жас ақын бірден дайын болып, алқалы топқа түсе салмайды ғой, сондықтан «Жастар жырлайды» жобасы болашақ қазақтың мықты айтыскерлерін дайындап жатқан үлкен мектеп деп ойлаймын. Бұл жерде әсіресе жоба жүргізушілері – ақын Жанарбек Әшімжан мен талантты әнші-композитор Роза Әлқожаның еңбегінің зор болғандығын да атап өтуіміз керек.
Айтыстың таразысы – әділқазы. Жоба жүзеге асқан кезде халықтың sms арқылы дауыс беруімен жеңімпаздар анықталып отырды. Бұл әділдікке жақын әрі телевизиялық нұсқаның ең ұтымды түрі екені рас. Бірақ таяқтың екі ұшы бар дегендей, sms арқылы дауыс берудің де екі ұдай пікір туғызғанын ашып айтқан жөн.
Жанарбек Әшімжан, жоба жүргізушісі:
– Тележобадағы sms дауыс берудің екіұдайлық жағын байқадық. Кейбір алыс аймақтардан келген ақындардың танысы аздары аз ұпай жинап жатты, ал кейбір деңгейі орташалау деп күткен ақындарымыз керісінше көп дауыс жинады. Бірақ бірнеше әділқазының шешіміне қарағанда sms дауыс беру әділ шығар, өйткені әртүрлі әлеуметтік топтар өз бағаларын жолдап жатты. Дауыс беру жағынан sms кейбір тұста өзін-өзі ақтады, кейде ақтамады-ау деп ойлаймын. Жалпы алғанда, жоба ойдағыдай жүзеге асты деуге болады.
«Жастар жырлайды» жобасының алғашқы айналымында 32 ақыннан 16 ақын оза шауып алға шықты. Ақтық мәре жақындаған сайын доданың нағыз тартысқа толы аламанын байқадық. Осылайша, сегіз ақын ақтық сынға жолдама алып, 2011 жылдың 23 желтоқсанында Астана қаласында аламанның жекпе - жек айтысы өтті. Жоба барысында өз арынын байқатқан қостанайлық Тоба Өтепбаев, оралдық Мұрадым Мирланов, шымкенттік Қажымұқан Абзалов, Алматы облысының ақыны Алтынбек Ибрагимов, жамбылдық Қанат Мырзаханұлы және тағы басқа талантты ақындар үлкен додаға сүрінбей шығатын қарымы мықты, арыны ұтқыр ақын екендерін дәлелдеді.
Амангелді Сейітхан, жоба кеңесшісі:
– Бұл өзі айтыс деген кімнің қандай ақын екенін бірден көрсете салатын киелі өнер ғой. Жоба барысында осы жас ақындардың арасынан өздігінен таланттылары іріктеліп шыға келді. Талас жоқ, талай талантты жастар келді, айтысты. Бәрі де – сен тұр мен атайын дейтіндей қарымы бар ақындар. Мен ақындарға бағыт-бағдар беріп сөйлесіп, пікірлескенімде бұлардың тазалығын, балалығын, ешкімнің айтағына ермейтін еркін ұрпақтар екендігін байқадым. Бір ғана кемшілік, жас ақындар үлкен сахнаға шығып танылып жатыр ғой, сол тұста неге бұлар жаңа мақаммен, жаңа бір стильмен көрерменге танылмайды деп ойлаймын. Бұрынғы сарындар, бұрынғылар салып кеткен мақаммен шығып жатыр, осы жағынан ізденсе ақындардың мерейі артар еді.
Астанада өткен дүбірлі додаға түскен сегіз ақынның арасынан «Жастар жырлайды» жобасының бас жүлдесін Алматы облысының ақыны Алтынбек Ибрагимов жеңіп алды. Бірінші орынға жамбылдық Қанат Мырзаханұлы шықса, екінші орынды оралдық Мұрадым Мирланов қанжығалады. Ал үшінші орынға шымкенттік Қажымұқан Абзалов табан тіреді. Айтыстың бағасын берген әділқазылар алқасының құрамында Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің төрағасы Шерубай Құрманбайұлы, Байланыс және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының орынбасары Ербол Шаймерденұлы және айтыскер ақын, мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері Дәулеткерей Кәпұлы, Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы, танымал айтыскер ақын Ақмарал Леубаева, жоба жетекшісі Арман Сқабылұлы сынды қазылар төрелік етті. Айтыстың басқа да қатысушылары демеушілердің қолдауымен қомақты сый-сияпаттармен марапатталды. Бұл айтыста ұту мен ұтылу емес, нағыз айтыс үшін, сөз өнері үшін жас ақындардың барын салғанын байқауға болады. Жоба алдағы уақытта екінші маусымын шығаруға дайындық үстінде. Жобаның екінші маусымы өз жаңалығымен экранға жол тартпақ. Аймақтардан тағы да танылмаған жас ақындардың қатысуы көзделуде.
Ғасырлардың қойнауынан күні бүгінге дейін төрден түспей келе жатқан төл өнеріміздің бүгінгі өркениеттер заманында көштен қалмауы керек. Ұрпақ сабақтастығы мен өнер үндестігінің бір сабақ жібіне айналған жобаның екінші маусымын алдағы уақытта «Хабар» арнасынан тамашалаңыздар.