Жастар жырлайды
Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай «Нұр отан» халықтық демократиялық партиясы «Жас отан» жастар қанаты «Заңғар» шығармашылық бірлестігі мен «Хабар» арнасы бірлесе жасап отырған тележоба – Тәуелсіздікпен құрдас, жаңа заманмен сырлас жас буынның орамды ойлары, зерделі толғауы ортаға түсетін жыр додасы.
Бұл тележоба «Жастар жырлайды» деген атпен телевизиялық айтыс ретінде экранға шығады. Қазақтың ежелден бері қалыптасқан сөз өнері – айтыстың бүкіл халыққа етене жақын екені даусыз. Ұлтпен бірге ғасырлар бойы жасасып келе жатқан айтыстың талай дауылпаз бен сүлейлерді, сөз мәйегін ұйытқан шешендер мен дүрлерді халық арасынан елге әйгілі еткені тарихқа мәлім. Алқалы топта сөз бастаған жыр алыптарының жалғасы, сөз өнерінің мұрагерлері – жас буын дәл осы жыр додасында сөзден маржан теріп, ойдан орам құрайды. Тележобаның басты мақсаты – ел Тәуелсіздігінің 20 жылын жырға қосып, егемен елдің аз ғана уақыт көшінде терезесі тең, іргесі берік елге айналған тарихи сәтін жырға қосу.
Арман Сқабылұлы, жоба жетекшісі, «Хабар» агенттігі бас продюсерінің орынбасары:
– Бұл айтыс еліміздің әр облысынан іріктеуден өткен жас ақындардың қатысуымен ерекшеленеді. Іріктеуден өтіп келген жас ақындар жеребе бойынша жұпталып, әр апта сайын сөз сайысына шығады. Телеайтыстың барысы үш бөлімнен тұрады. Бірінші кезеңде берілген тақырып бойынша ақындарымыз тақырыпты жырлайды. Екінші кезең «менің өлкем» деген айдаршамен аталады. Бұл кезеңде әр облыстан келген ақындар өз туған өлкесін жырға қосып, екі облыстың күнгей жақтары мен теріскей тұстарын жырға қосады. Ал үшінші кезеңде белгілі тұлғаларымыздың портреті көрсетіледі, ақындарымыздың интеллектуалдық деңгейі сыналады. Желтоқсанның аяғында, яғни Тәуелсіздік күніне орай ақындардың соңғы жұбы жекпе-жекке шығып, айтыс өз мәресіне жетеді.
Ел Тәуелсіздігінің 20 жылы тек қана даму мен өзгеріске толы кезең болғаны көпке мәлім. Айтыстың ұйымдастырушыларының бірі «Заңғар» шығармашылық бірлестігінің төрағасы Айдар Қырықбаев бұл айтыстың Алматыда өтуінің де тарихи маңызы бар екенін атап өтті. «Егемендіктің 20 жылына орай ұйымдастырылып жатқан айтысты ел Тәуелсіздігін жариялаған тарихи қала – Алматыда жас ақындарды жинап, өткізуіміздің өзі үлкен мәнге ие. «Жас отан» жастар қанаты «Заңғар» шығармашылық бірлестігі облыстық мәдениет басқармаларымен тікелей байланыс орнатып, ақындарды іріктеуден өткізіп, шақырып отырмыз. Айтыстың соңғы мәресінде қомақты жүлде тігілетін болады», – дейді.
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Айтысты талантты журналист, ақын, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері Жанарбек Әшімжан мен белгілі әнші, сазгер Роза Әлқожа жүргізеді. Доданың тізгінін қолына алған Жанарбек Әшімжанның айтуынша, «бұл айтыстың негізгі мақсаты – қызыл тілмен сөз кестелеген, қазақ сөзінің қадірін білер жас таланттардың халық алдында жұлдызын жарқырату».
Айтыс «Хабар» арнасынан қыркүйектің 11-інен бастап қалың көрерменге жол тартпақ. Халықтың SМS дауыс беруі арқылы жеңімпаз ақындар анықталып отырады. Апта сайын оза шапқан ақын жеңімпаз атанып, келесі кезеңге жолдама алады. Kcell байланыс компаниясы арқылы дауыстар айтыс эфирден өткен күннен бастап үш тәулік ішінде жинақталып, арнайы комиссияның отырысында анықталады.
Айтыс десе, арқасы қозатын Алаш жұртына Тәуелсіздіктің 20 жылында тарту етілген жобаның сәтті жүзеге асып, сан ғасырлар ұлтымыздың ұлы өнері болған айтыстың думанды додасының биік төрге шығатынында дау жоқ.
Атамұра өнер – айтысқа жанашыр болыңыздар!