Жуырда Алматыда еліміздің түкпір-түкпірінен, Астанадан, Тараздан, Көкшетаудан басқа да қала-аудандардан келген мұғалімдер бас қосып, қазіргі білім беру жүйесіндегі түйткілді мәселелерді ортаға салды. «Өздігімен оқу технологиясы – бастауыш сынып оқушысын жеке тұлға етіп қалыптастырудың қайнар көзі» деген тақырыпта әңгіме қозғаған бастауыш сынып мұғалімдері бұған дейін бір апта бойында білімдерін жетілдіру мақсатында республикалық курстардан өткен болатын. Республикалық мұғалімдердің біліктілігін жетілдіру орталығы ұйымдастырған курстарда жинақтаған тәжірибелерін мамандар дөңгелек үстел барысында саралап, қорытындылады. Дөңгелек үстел жұмысына Ы.Алтынсарин атындағы Білім беру академиясының вице-президенті Әділхан Төлегенұлы Дүйсебек, Білім беру сапасын арттыру кафедрасының меңгерушісі Жанболат Тұрсынғожаұлы Қайыңбаев, басқа да білікті мамандар қатысты.
Қандай зәулім үй салсаң да, оның іргетасы дұрыс қаланбаса, күндердің күнінде құлап қалатыны белгілі. Дәл сол секілді бала тәрбиелеуде де мықты іргетас қаланбаса, жас ұрпақтан болашақта білімді, көргенді азамат шықпайтыны хақ. Қазіргі кезде еліміздегі орта білім беру ошақтарының жай-күйі, ондағы білім сапасы, ұстаздардың біліктілігі жиі сынға алынады. Бұған негіз де жоқ емес. Біреулер білімнің сапасыздығына мұғалімдердің материалдық жағдайы әсер етеді десе, енді бірі ұстаздардың жауапсыздығын, оқулықтардың сын көтермейтінін алға тартады. Қалай десек те, ұстаздық – киелі мамандық. Сондықтан баланы адам етудегі оның сіңірген еңбегі – ардың ісі. Ең бастысы, қазіргі кезде ұстаздар қауымы, ата-ана, бүкіл ел-жұрт болып күш біріктіріп, қайтсек, еркін ойлы, отансүйгіш ұрпақ тәрбиелейміз дегенді айқындап алуымыз керек. Бүгінде не көп, түрлі-түрлі оқытудың жаңа технологиялары мен үлгілері көп. Алайда солардың ішінен балаға ыңғайлысын, керегін таңдау — қиынның қиыны. Аталған дөңгелек үстелде қазіргі білім беру жүйесіндегі жаңашылдық тұрғысында Қазақстанның, Ресейдің белгілі білім беру орталықтарының білікті мамандары дәріс оқып, өзіндік тәжірибелерімен бөлісті. Осындай жаңа технологиялардың бірі — бастауыш сыныпта математика пәнін оқытуда қолданылатын Мәскеудегі озық білім беру орталығының маманы Людмила Петерсонның әдісі. Мамандардың айтуынша, аталмыш технология балалардың ой-өрісін жан-жақты дамытып, психологиялық тұрғыдан да өте жақсы ықпал етеді. Сондай-ақ оны басқа да пәндерді оқытуда пайдалануға болады. Осы технологиямен білім алатын балалар алдынан кез болған проблемамен бетпе-бет келгенде, қорықпай, алға мақсат қойып, оны шешуге тырысады. Олар өздерінің дегендеріне жеткен-жетпегендеріне көз жеткізіп, өздеріне баға береді.
Наталья Владимировна Новосельцова, курс жетекшісі, бастауыш сынып мұғалімі:
– Қазіргі кезде кез келген мұғалімнен заманауи технология туралы сұрай қалсаңыз, олар түрлі-түрлі әдістерді ойлап тауып, әдемі сөздермен жеткізе бастайды. Ал әрбір ата-ана өз баласының мектепке қуанып барып, қуанып қайтқанын, құштарлықпен оқығанын қалайды. Бәріміздің арманымыз – баламыздың жақсы азамат болып, достарымен, болашақ әріптестерімен тіл табысып, бақытты ғұмыр кешкені. Сондықтан да мектептің міндеті – балаға жалаң білім беру ғана емес, оны өмір сүруге бейімдеу. Ал бұған қалай қол жеткізуге болады? Біздің елімізде Ресейдегі секілді баланы өздігімен оқуға, әрекет етуге үйрететін жаңа технологиялар орталығын ашу керек. Осы жерде ұстаз-мамандар көкейлеріндегі көптеген сауалдарына жауап тауып, білімдерін, тәжірибелерін жүйелі түрде жетілдіріп отырса, дұрыс болар еді. Ал әзірге бізде жаңа технологияларды игерген мамандар тапшы. Жақында мен Мәскеуде білімімді жетілдіріп қайттым. Қазіргі кезде тәжірибемді басқалармен бөлісудемін.
Ой-түйін
Егер мектепте оқитын балаңызға кез келген пәнге қатысты сұрақ қойсаңыз, ол өз апайының айтқанын қайталап береді. Мұғалімнің айтқанын сәл өзгертіп түсіндіргіңіз келсе, «Жоқ, олай емес, апай былай айтқан», – деп балаңыз бой бермейді. Кейбір мұғалімдер осыны мақтан санайды. Бірақ бала қай пәнде болсын не нәрсеге ғылыми тұрғыда қарап, өзіндік көзқарасын білдіруге үйренуі тиіс. Мысалы, бала есептің апайдың айтқанымен емес, қалыптасқан математикалық амалмен, ережемен шығарылатынын түсінуі керек. Бұл – қазіргі жаңашыл мамандардың пікірі. Мүмкін жеке тұлға қалыптастыруда бұл да бір керек әдіс шығар. Дегенмен ең бастысы, білім беру жүйесіндегі проблеманы шешпес бұрын оның түбірін, себебін анықтап алғанымыз жөн болар...