Еліміздің жас таланттары халықаралық байқауда тағы да топ жарды. Павлодар қаласындағы Оқушылар сарайының «Жұлдыз жарығы» эстрадалық әндер театрының жас әншілері Роза Мұқатаева мен Жанел Мамытбек Ресейдің Челябі қаласында өткен «Бәрекелді, балалар!» атты халықаралық балалар шығармашылығы байқауының жүлдегерлері атанып, елге абыроймен оралды.
Дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан осынау үлкен байқауға барлығы 700-ден астам көмейінен ән төгілген жас әнші қатысып, дарындылар додасына түскен болатын.
Байқау қорытындысы бойынша жерлес жеткіншектеріміз үшінші орынға лайық деп табылып, үздіктер қатарынан көрінді.
Талабы күшті талғампаз әділқазылар алқасы қазақстандық жас таланттардың ерекше дауыстары мен өнерге деген қабілеттерін, ән орындаудағы мәдениеті мен әдемі сахналық киімдеріне жоғары баға берді.
«Балалар үшін бұл байқау болашақта өздерін жетілдіру үшін өте маңызды. Біздің әнші ұл-қыздарымыздың мүмкіндіктері лайықты бағаланып, белгілі музыка мамандарының көзіне түсті. Енді олар алдағы ақпан айында Санкт-Петербургте өтетін үлкен байқауға арнайы шақыру алды. Бұл байқауда біздің қос әншіміз қазақ әуенінің құдіретін тағы да дәлелдеуге тырысып көрмек», – дейді жас өнерпаздардың ұстаздары.
Жас әншілер жүлде алды
Последние статьи автора