«Алаш айнасынан» әйгілі әдебиетші-ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішевтің «Қателіктен сабақ алу үшін ақиқатты айта білуіміз қажет» деген тақырыппен берілген сұхбатын сүйсіне оқып шықтым (11.01.2012, №1). Қоғамымыздағы, тарихымыздағы, рухани әлеміміздегі «әттеген-айларды» ашық айтқан ақсақалдың пікірлерін толығымен құптай отырып, ол кісінің бір ғана сөзіне байланысты өз уәжімді ұсынғым келеді.
Ол сөз мынау: «Ағылшындардың отаршылдығын бастан кешкен Үндістанның мемлекеттік тілінен айырылып отырғаны бізге де сабақ болуы тиіс».
Бір қарағанда, бұл сөйлемде тұрған ештеңе де жоқ сияқты. Қазақ тілі әлі де шын мәніндегі мемлекеттік тілге айнала алмай отырған қазіргі уақытта әлемдегі әлеуеті әлсіреген, мәртебесі төмендеген, тіпті жойылып бара жатқан тілдердің қасіретті мысалын қашанда жадымызда ұстап, олардың тағдырын қайталамауға барымызды салуға тиіспіз. Әйтсе де түпкі ой дұрыс болғанымен, бұл жерде мысал мүлде сәтсіз алынып отыр: Үндістан тіпті де мемлекеттік тілінен айырылған ел емес.
Ең алдымен, халқының этникалық құрамы, елдегі ұлтаралық ахуалы жөнінен Қазақстан мен Үндістанды салыстырудың қиын екенін ескерген жөн. Біздің елде бір ғана тұрғылықты ұлт (коренная нация) бар, ол – қазақ. Біз 130-ға жетеді деп әспеттеп жүрген қалғандары – әрқайсысының түпкі тарихи Отаны бар, бұл жерге кейінгі бірер ғасырда ғана келген диаспоралар. Әу баста сол диаспораның бірі ғана болған орыс ұлтының тілі 300 жылдық отарлық езгі нәтижесінде қазақ жерінде басым тілдің біріне айналды да, бүгінде нағыз жер иесі саналатын жергілікті ұлттың тілімен жағаласып, қоғамдық өмірдің бүкіл саласын билеп-төстеген мәртебесін сол күйі сақтап келеді. Үндістанда да жатжерлік отаршылдардың тілі – ағылшын тілі әлі өз қуатынан айырылған жоқ. Бірақ ұқсастық осы арада аяқталады. Өйткені Үндістанда тұрғылықты ұлттардың (демек, тілдердің де) ұзын-ырғасы екі мыңнан асады. Және бәрі дерлік – еш жақтан көшіп келмеген жергілікті этностар. Олардың ішіндегі әрі саны жағынан басым, әрі өз есімін ел атауына берген басты ұлт – хиндустандықтар. Сондықтан да қазір бүкіл ел көлеміндегі негізгі мемлекеттік тіл – хинди тілі. Бірақ әр штаттың өз ресми тілі бар: Батыс Бенгалияда – бенгал, Махараштрада – маратхи, Андхра-Прадеште – телугу, Тамилнадта – тамил, Карнатакада – каннара, Кералада – малаялам, Ассамда – ассам тілі және т.с.с. Штаттардағы бүкіл қоғамдық өмір, қайнаған тіршілік сол өз тілдерінде өтіп жатады.
Хинди тілі елдегі осы 28 штаттың сан алуан халқын біріктіретін ортақ мемлекеттік тіл саналады. Қазір ол бүкіл ел көлемінде оқытылып, үйретіледі. Бірақ әлгі сан алуан ұлттар оны оқуды, үйренуді онша қаламайды. Одан гөрі ұлтаралық қатынастарда ағылшын тілін қолданғанды жөн көреді. ХХ ғасырдың 60-70-жылдары үнді ұлтшылдары ағылшын тілінен мүлде бас тартып, тек бір ғана хинди тілін мемлекеттік етуді ұсынғанда, оған манағы бенгал, маратхи, телугу және т.б. халықтар үзілді-кесілді қарсы шыққан. Тамилнадта тіпті «хинди тілін бізге қинап үйретуге жол бермейміз!» деп екі адам өзін-өзі өртеген жағдай да болған. Сөйтіп, ағылшын тілі Үндістандағы ресми тілдің бірі есебінде өз маңызын сақтап қалды. Ел Конституциясында оның қызметі «көмекші ұлтаралық қатынас тілі» деп көрсетілгенімен, экономика, банк, бизнес, білім салаларындағы іс қағаздары хиндимен қатар, ағылшын тілінде де жүргізіле береді.
Қазақстанда орыс тілін білмейтін адам бар ма? Былай қарасақ, жоқ та сияқты. Алайда ауылдарда, қазақы аудандарда, тұрғылықты ұлт өкілдері тығыз қоныстанған өңірлерде орыс тілін шала-шарпы ғана білетін, тіпті біршама түсінгенімен, сөйлей алмайтын жандар жеткілікті-ақ. Сол сияқты, Үнді елінде де екінің бірі ағылшынша сайрайды екен деген ой тумауға тиіс. Оларда да ағылшын тілін атүсті ғана білетін, нан сұрап жерлік қана сауаты бар, тіпті мүлде білмейтін адамдар, қауымдар, тұтас ауылдар жетіп-артылады. Тіпті таяуда 70 жасқа толған атақты киножұлдыз Дхармендраның өзі бір сұхбатында сол күйі ағылшын тілін үйренбегенін, өйткені күнделікті өмірінде оның аса қажеті де болмағанын айтыпты. Демек, ағылшынша білмесең, күн көре алмайсың дегізерліктей қиындық оларда болмаған-ау.
Қазір Үндістанның мемлекеттік мектептерінде ағылшын тілі тек шет тілі ретінде ғана оқытылады. Ал жекеменшік білім ордаларында (бұлар елдегі бүкіл мектептердің жартысына жуығын құрайды) ағылшын тіліне айрықша басымдық беріледі. Кейінгі жылдары үнді жұртшылығы балаларын сондай жекеменшік мектептерге жиі беретін болыпты. «Өйткені заман өзгерді, – дейді әлеуметтанушы Гурчаран Дас. – Бүгінгі үнділер ағылшын тіліне баяғы отарлаушы басқыншылардың тілі деп қарамайды, оны әлеммен байланыс құралы, өзге ұлттармен қарым-қатынас кілті санайды». Яғни ағылшын тілінің Үндістандағы қазіргі орны, маңызы бөлек. Бірақ бұл үнділер өз тілдерін ұмытты, хиндиден және тағы басқа тілдерінен бас тартты деген ұғымды білдіре ме? Тіпті де олай емес! Біріншіден, үнділер – әлемдегі өз діліне, тіліне, салт-дәстүріне ең адал ұлттардың бірі. Екіншіден, олардың сан жағынан көптігінің өзі тілге төнер қауіптің жоқтығын аңғартады. Мәселен, бенгалдар Үндістанда 110 миллионнан асады, бұған қоса, осы елден кейін бөлініп шыққан Бангладеште 152 миллионы тағы бар! Бұған қарап бенгал тілінің мұртын балта шабады дегенге сенесіз бе? Телугулер 88 млн, маратхилер 80 млн, тамилдер 77 млн, каннаралықтар 50 млн, гуджараттар 46 млн, малаяламдар 35 млн, пәнжабтар 30 млн... Әлем тілдерінің Ethnologie атты анықтамалығына жүгінсек, бұлардың бәрі – өз тілдерінде сөйлейтін ұлттар. Және бәрінің сан ғасырлардан бері келе жатқан төл әліпбилері сол күйі сақталған. Үнді елінде бір жылда шығарылатын 800-дей кинофильмнің 500 шамалысы – осы халықтардың өнері. Олар титрде тек фильмнің аты мен режиссердің тегін ғана ағылшын қарпімен жазады (жат жұрттар да хабардар болсын дегені шығар), басқасының бәрі – өз тілдерінде. Демек, бізді алаңдатып отырған жаһандануыңызға олар пысқырып та қарамайды деген сөз.
Ал енді Үндістанның әлгі «айырылып қалған» мемлекеттік тіліне келейік. Мың жыл бұрынғы деванагари атты жазу үлгісін сақтаған хинди тілі бүгінде 497 млн адамның ана тілі саналады (дөңгелектегенде – жарты миллиард!). Бұған қоса, оны екінші тіл ретінде меңгерген адамдардың саны 182 млн-нан асады. Бұл – кей лингвистер «біршама айтылу-жазылу ерекшеліктері бар екен» деп бөлек тілдер санап жүрген, шын мәнінде, хиндидің әр аймақтағы диалектілері болып есептелетін догри, конкани, бихари, бходжпури, майтили секілді «тілдерде» сөйлейтін миллиондарды есептемегендегі көрсеткіш. Мәселен, бір ғана майтили диалектісінде сөйлейтін адамдар – 45 млн, яғни қазақтан үш-төрт есе көп! Мұның бәрін хиндиге қоссақ, қанша болмақшы?..
Мұны Encarta энциклопедиясы да есептепті. Сөйтіп, «әлемде жалпы саны 800 миллиондай адам хинди тілін біледі» деген қорытынды шығарыпты. Міне, үнділердің мемлекеттік тілінің мерейі!
Қазір БҰҰ-ның ресми алты тілі бар екені белгілі: ағылшын, араб, қытай, испан, француз және орыс тілдері. Жетінші етіп хинди тілін енгізу туралы әңгімелер сонау 1985 жылдан бері айтылып келеді. Бұл ұсыныс 2013 жылы өтетін БҰҰ конгресінде тағы да талқыланбақ. Яғни үнділеріңіз хиндиді тек өз шекарасында қолданумен ғана шектелгісі келмейді.
Жоғарыда аталған Encarta энциклопедиясы әлемдегі ең көп таралған тілдердің тізімін жасапты. Мұнда олар адамдардың қай тілді «өз ана тілім» деп есептейтінін ескерген. Тізімдегі алғашқы ондық мынау:
1. Қытай тілі (мандарин, ву, йу, жиңиу, мин-нам секілді бүкіл диалектілерін қосқанда) – 1 млрд 213 млн адам. Қытайда, Тайваньда, Сингапурде, Малайзияда мемлекеттік тіл мәртебесіне ие;
2. Хинди тілі – 497 млн адам (бұған әлгі диалектілерді қосса, 800 млн-ға жетеді), негізінен, Үндістанда таралған;
3. Испан тілі – 368 млн адам. Испаниядан бөлек 20 елдің: Аргентина, Боливия, Венесуэла, Гватемала, Гондурас, Доминикан Республикасы, Колумбия, Коста-Рика, Куба, Мексика, Никарагуа, Панама, Парагвай, Перу, Сальвадор, Филиппин, Уругвай, Чили, Эквадор және Экваториалды Гвинеяның мемлекеттік тілі;
4. Ағылшын тілі – 341 млн адамның ана тілі. Ұлыбританияда, АҚШ-та, Канадада, Жаңа Зеландияда, Австралияда және т.б. елдерде мемлекеттік тіл мәртебесіне ие. Бұдан бөлек, бүкіл әлемде 870 млн адам ағылшын тілін меңгерген;
5. Араб тілі – 320 млн адам. Бұл да 20 елдің: Сауд Арабиясы, БАӘ, Иордания, Палестина, Сирия, Ливан, Ливия, Ирак, Кувейт, Оман, Катар, Бахрейн, Йемен, Египет, Алжир, Судан, Сомали, Тунис, Марокко және Мавританияның мемлекеттік тілі саналады;
6. Бенгал тілі – 250 млн адам. Бангладеш пен Үндістанда таралған;
7. Португал тілі – 176 млн адам. Португалия, Бразилия, Мозамбик, Ангола және т.б. елдердің мемлекеттік тілі;
8. Орыс тілі – 167 млн адам. Ресейде және онымен шекаралас елдерде кеңінен таралған;
9. Жапон тілі – 125 млн адам. Негізінен, Жапонияда таралған;
10. Неміс тілі – 110 млн адам. Германия, Австрия, Швейцария, Лихтенштейн, Люксембург секілді елдерде таралған.
Бұдан кейінгі орындарға француз, корей, ява (Индонезиядағы халық), телугу (Үндістандағы халық), маратхи (Үндістан), вьетнам, тамил (тағы да Үндістан), итальян, түрік және урду (Үндістан, Пәкістан) тілдері жайғасыпты. Қазақ тілі 10 миллиондық көрсеткішпен 70-орында тұр.
Әлемде қазір алты мыңға жуық тіл бар екен. Олардың көпшілігі – сөйлеушілер саны өте аз ұсақ ұлыстардың тілдері. Ғалымдар «Кемінде 100 мың сөйлеушісі болмаса, ол тіл көп ұзамай құриды» деген болжам айтады. ХХІ ғасырдың соңына дейін әлгі алты мың тілдің тең жартысы жойылады деседі. Қазірдің өзінде 400 тіл мәңгіге жоқ болудың аз-ақ алдында тұр. Ол тілдерді тек санаулы шал-кемпір ғана біледі. 1996 жылы АҚШ-та Қаһарлы Қызыл Бұлт есімді кісі қайтыс болды. Ол жергілікті үндістердің сиу тайпасының соңғы өкілі екен. Көз жұмар алдында байғұс Смитсон университетінің өнертанушыларына өз тілінің ерекшеліктерін, ғұрыптық әндерін жаздырып кетіпті. Ал Нигерия мен Камерун мемлекеттерінің шекарасында бикья тілінде сөйлейтін соңғы адам – 87 жастағы кейуана өмір сүріп жатыр. Ертең ол өлсе, бикья тілі де жойылады деген сөз.
Қазақ тілінің тағдыры – өз қолымызда. Ел барда, ұлттық ар-намыс барда ана тілімізге ондай қауіп төнбейді деп сенеміз.
Жарты миллиард адам сөйлейтін тіл жойылуы мүмкін бе?
Последние статьи автора