Ақтөбелік «Алақай» қуыршақ театры шетелдік әріптестерін қабылдауға дайындалуда. Биыл күзде өнер ұжымының құрылғанына 25 жыл толмақ. Осыған орай Ақтөбеде қарашаның 22-сі мен 26-сы аралығында «Ассалаумағалейкүм-2» деген атпен халықаралық қуыршақ театрларының фестивалі өтеді.
Оған Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан мен Қазақстаннан 20-ға жуық өнер ұжымы қатысады деп күтілуде. Бүгінгі күні аталған театрлардың басшылығымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Фестиваль барысында ресейлік, израильдік театр режиссері Виктор Шрайман мен қазақстандық актер Тұңғышбай Жаманқұлов бастаған танымал мәдениет қайраткерлері жергілікті актерлерге шеберлік сыныптарын өткізеді. Қазір биыл ғана күрделі жөндеуден өткен қуыршақ театрында мерейтойға орай қызу дайындық жұмыстары жүргізілуде. Театр тарихын қамтитын арнайы кітап пен бүктемелер, қабырға афишалары шығарылып жатыр. Таяуда «Менің сүйікті театрым» деген атпен балалар арасында шығармашылық байқау өткізу жоспарлануда. Айта кетейік, Ақтөбе облыстық «Алақай» қуыршақ театры 1985 жылы 29 қарашада ашылды. Осы уақыт аралығында бірнеше халықаралық, республикалық жарыстардың жеңімпазы атанып, 55-тен астам спектакль сахналады. Өнер ұжымында бүгінде 15 адамнан тұратын актерлік құрам жасайды. Олардың төртеуі – Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының түлегі, ал қалғандары – арнаулы орта мәдени-саз оқу орындарын бітіргендер. Қазір алты маман жұмыс жасай жүріп, Қырғызстандағы Б.Бейшеналиева атындағы өнер институтының актерлік факультетінде оқып жатыр. Өткен жылы «Алақай» қуыршақ театры Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті қорының ұйымдастырумен Алматыда өткен «Дарындыларға ғасыр бас иеді» атты жастар фестивалінде 300 мың теңгелік грант жеңіп алды. «Дала аңызы немесе Бәрекелді, Алдар» спектаклімен лауреат атанып, алты актер арнайы медальмен марапатталды.
Жансызға жан бітірген «Алақай» 25 жаста
Последние статьи автора