Биылғы жылы Шыңғыстаудың алқасындай Қарауылда айтулы оқиғалар көп болды. Ежелден мәдениеті мен өнері өркен жайған Шыңғыстаудың ғана емес, күллі Абай елінің атын танытқан «Қаламқас» ән-би ансамблінің құрылғанына 40 жыл толуы да жыл үлесіне жүктелген айтулы тойдың бірі еді. Дәл сол 1972 жылы ауданда жаңа мәдениет үйінің іргесі де бой көтеріп, ән мен күйдің кеңінен өріс алуына жол ашылды. Содан бергі уақыт кезеңінде көптеген сындардан өткен «Қаламқастың» бағындырған асуларын қалай дәріптесек те лайықты. Осы ұғымды жете түсінген аудан әкімдігі облыс басшылығының қолдауымен «Қаламқаспен» кіндігі бірге кесілген мәдениет үйін де жөндеуден өткізген болатын.
Міне, сол өнер ошағында «Қаламқас» ән-би ансамблінің құрылғанына 40 жыл толуы зор салтанатпен атап өтілді. Дәл осы күн қарауылдықтар үшін есте қалар сәттерінің көптігімен ерекшеленді. Облыс әкімі Бердібек Мәшбекұлы бастаған облыс активі «Қаламқастың» 40 жылдық концертін тамашалады. Сахна шымылдығын ашқан «Шыңғыстау» ұлт-аспаптар оркестрінің орындауындағы Мырзаның күйі «Ташауыз» көрермен көңілін тебірентіп өтті. Концерт аясында жұрт жүрегіне жол тапқан ансамбль тарихынан поппури әндер орындалды. Ән мен күйдің қайнарындай «Қаламқаста» жүріп-ақ өнердегі жолын қалыптастырған таланттарға көрермен қауым зор қошеметпен қол соқты. Он жеті жасында-ақ Бүкілодақтық Ленин комсомол жастар сыйлығының лауреаты атанған Баян Сағымбаева поляк әні «Биле-билені», Тамара Көзбаева Ш. Қалдаяқовтың «Өмір-өзенін» орындаған сәттердің қай-қайсысы да өнер десе, ішкен асын жерге қоятындардың көңіл түкпіріне берік орнықты. Алғаш құрылған жылдары гитарада ойнаған Б. Бекмұханбетов, Е. Қабышев, Ж. Исмаилов, Ж. Қажыбек қолдарына гитара алып, өткен жылдардың думанды шақтарын қайта жаңғыртты. Бұл азаматтардың барлығының да бұл күнде ел ішінде өз жолын тауып, әр салада еңбек етіп жүргенін айтып өткен артық болмас.
Баян САҒЫМБАЕВА, әнші, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер:
– Он алты жасқа толар-толмастан «Қаламқаста» ән салдық. «Қаламқас» құрылған жылдары Алла тағала Абай ауданына бір топ жалынды өнерпазды берді. Бірінен-бірі өткен, «сен тұр, мен атайын» дейтін сақа саңлақтар еді барлығы. «Қаламқаста» жүргенімде Баянды ел таныды. Атақ-даңқтан да кенде болмадым. Осының барлығы – маған деген халықтың ыстық ықыласы мен құрмет-қошеметі. Ал осы құрмет маған «Қаламқастың» арқасында келді. Мерейім өскенде асып-тасымадым, жығылғанда, сүрінгенде жасымадым. Себебі халық қолдады. Тоқыраудың тұсында да өнер деген киелі ұғым «Қаламқасты» ажырата алмады. Өнері қалса да көздері кеткен құрбы-құрдастардың барлығы туа біткен талант еді. Кейбірінің «Қаламқастың» 40 жылдығын көре алмай кеткені жүрегімді ауыртады.
Төлеген ЖАНҒАЛИЕВ, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық Жамбыл сыйлығының лауреаты:
– Абай елі – өнердің қайнаған ортасы. Ұлылардан дарыған өнер қай кезде де қалтарыста қалып көрген емес. «Қаламқас» – сұлулыққа жарасатын дүние. Өнер ордасының мерейтойын ел болып атап өтіп жатырмыз. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков бастаған азаматтар «Қаламқастың» 40 жылдығын атап өтуді ұйғарды. «Қаламқас» – қазақ өнерінің алғашқы қарлығаштарының бірі. Киімі жаңармай, қаладағыдай танымал бола бермеуі мүмкін, бірақ қалай айтсақ та «Қаламқас» халыққа мүлтіксіз қызмет жасап келе жатыр.
Бір жарым сағатқа созылған концерттен көрермен зор әсермен тарқасты. Соңында халық біткен тік тұрып қол соқты. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің бұйрығымен мәдениет пен өнерді дамытудағы еңбегі үшін «Қаламқас» ән-би ансамблінің көркемдік жетекшісі Нұргүл Демесінова «Мәдениет саласының үздігі» белгісімен, би қоюшы Ария Айтпаева, әнші Косманавт Төлеуханов және «Қаламқастың» бірқатар мүшелері облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың Құрмет грамотасымен марапатталды.
Қашанда басшылық қызметке келгелі бері Шығыс өңірінің өнері мен мәдениетіне де баса назар аударып келе жатқан облыс әкімі «Қаламқастың» 40 жылдық құрметіне «Газель» автокөлігін сыйға тартты. Бердібек Мәшбекұлы халық ойынан шыққан бұл тартуын Қарауылға жолы түскен кімнің болмасын, Абайдың туған жерінен рух, күш алу керектігін түсіндіре келіп, аудан өмірінде атқарылған жұмыстарға да оң баға берді. Сол тұрғыда аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбековтің атына алғысын білдіріп, аудан тізгінін ұстаған талай-талай басшылар болғанымен, дәл осындай оң өзгерістерімен көзге түскен әкімнің іскерлігін атап көрсетті.
Тарихтан сыр шертеді
Шыңғыстау – ежелден қазақтың тұнып тұрған тарихи мекені. Ұлылар мекенін айқындайтын жер кіндігі Жидебайдағы Абай мұражайы, Абай мен Шәкәрім кесенелері алыстан көз тартып тұратын еді. Енді, міне, Қарауыл төрінен тарихи-өлкетану мұражайы ашылды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың Абай ауданына жасаған жұмыс сапары аясында мұражайдың ашылу салтанаты болып, лентасы қиылды. Әлдеқашан бос қалған ескі ғимарат облыстық бюджеттен 48 млн теңге бөлінуінің нәтижесінде қайтадан жөндеуден өтіп, мұражайға айналып шыға келді. Мұнда аудан тарихына қатысты құнды жәдігерлер көптеп қойылған екен.
Болат КӘРІБАЕВ, тарихи-өлкетану мұражайының директоры міндетін атқарушы:
– Мұражайға қойылған жәдігерлердің тарихы тас дәуірінен бастау алып, бүгінгі күнге дейінгі аралықты қамтиды. Мұражай енді ашылғанына қарамастан, бірқатар жәдігерлер жиналды. Жәдігерлердің көбі Шыңғыстаудың қойнауынан алынған. Әлі де жинау үстіндеміз. Қазірдің өзінде 2 мыңнан астам жәдігер жинақталды. Тас және ерте темір дәуірі мен сақ бабалардан бастау алып, Тобықты елінің қоныстануы, Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды алыптар жайындағы деректер, 1932 жылдың нәубеті мен ұжымдастыру, Ұлы Отан соғысы, қырық жыл қырғын жайлаған полигон зардаптары жайында көрме залдары ұйымдастырылған.
Тамсандырар тамашаларымен көз тартқан мұражаймен қатар, дәл осы күні Қарауылда қазақтың дүлдүл әншісі һәм талантты жазушысы Жәнібек Кәрменовтің ескерткіші ашылды. Сөз жоқ, бұл да халық асыға күткен жарқын істің бірі болды. Жәнібексіз жиырма жыл өткерген қазақ үшін оның орны әрдайым жүрек төрінде. Әнші бейнесін асқақтатқан мүсін сан жүрек сағынған Жәнібекті ортаға қайта оралтқандай әсер қалдырады. Қолына ұстаған қазақтың қара домбырасы, Шыңғыстаудың шыңдарына қарап, ұзаққа көз тастаған Жәнібек...
Ескерткіштің ашылуына сан қырлы өнер иесінің жары Тоты мен ұлы Шәкәрім де қатысты. Асылдың сынығындай Шәкәрім арнайы сөз алып, Жәнібекке құрмет көрсетіп, туған жері – Қарауылда ескерткіш орнатқан ел ағаларына шынайы алғысын жеткізді.