Жанғали Жүзбай: Қазақ домбыраны сағынғанда тартқан
- Сізге өнер зерттеушілері, ел ішіндегі көзіқарақты қариялар «Шертпе күйдің шебері Сүгірдің мұрасын көзінің қарашығындай қорғап, сақтап келе жатқан бірден-бір жанашыр азамат» деп баға береді. Сүгір туралы аз-кем әңгіме айтып берсеңіз…
- Мен консерваторияға келгенде Алматы Сүгірдің екі-ақ күйін білетін. Бірі -«Бозінген», екіншісі — «Қаратау шертпесі». Одан кейін «Тоғыз тарау» мен «Қаратау шертпесінің» бірнеше нұсқасы бар екенін, «Бес жорғаның» бес, «Кертолғаудың» үш тарауы бар екенін тартып көрсеттім. Көптеген күйлерін қайта жаңғырттым. Кітаптар жаздым. Егемендікті енді ала бергенде Төлеген Тоқбергенов, Таласбек Әсемқұлов, Мақсат Мұхитдинов сынды ағаларымыздың көмегімен Сүгірдің шығармашылығын танытатын тұңғыш күйтабағын шығардым. Бірақ оның өзі көпке дейін даулы болды. Күмәнмен қарап, «Бұл күйлерді Сүгір емес, сен ойыңнан шығарған шығарсың» дегендер де табылды.
- Не себепті?
- Мұны мен қоғамнан да, адамнан да көрмеймін. Кейде осыны орыстың отарлау саясатының тигізген салқыны ма деп тұжырымдаймын. Өйткені кеңестік жүйе күйді қатаң бақылап отырды. Ұлт-азаттық көтерілістер мен оның қолбасшыларын дәріптейтін, халықтың еркіндікті көксеген туындыларын тұншықтырып, жойып жіберуге күш салды. Осындай тоталитарлық режим Сүгір күйлерін де айналып өткен жоқ. Басқа күйшілер сияқты Алаш көсемдеріне арналған немесе халық батырларының атымен аталған күйлер Сүгірде де көп кездеседі. Мәселен, мұрағаттан табылған, Ергентай Борсабаев орындаған «Амангелді батыр» деген күйі бар. Өздеріңіз білесіздер, Амангелді Иманов орыстың саясатына қарсы шыққан баһадүр. Сүгірдің бұдан бөлек әйгілі Созақ көтерілісіне арнаған туындылары да жеткілікті. Қаратаудың теріскей беті нағыз ұлтшылдардың жері. Беріге дейін насихатталмай, Арқаның күйшілік мектебі де орыстың жымысқы саясатының зардабын шекті. Себебі ол алашордашылардың орталығы еді. Сондықтан кеңестік идеологияның кесірі күйге де тиіп, бұл өңірлердің мәдениетін тізгіндеп, шектеп отырды. Соның ішінде Созақ көтерілісі орыстың көзқарасында қара тізімге ілінетін болса, онда оның өнері де міндетті түрде бірге ілінетіні сөзсіз. Сол себепті, далада орындалған күйлер қалада қысымға ұшырап жатты. Тіпті бір кездері «Сүгір күйші емес. Ол ешуақытта күй тартпаған» деген зиялы адамдарды да өз көзімізбен көрдік.
- Сүгірдің күйшілігі бүгінгі таңда өз дәрежесінде мойындалды ма?
- Жасыратын несі бар, әлі де Сүгірге ықылас білдіретіндей адамдар біздің қоғамда аздау. Қазақ күйшіден кенде емес. Әріден алсақ, 13- ғасырда Кетбұғы, Ноғайлы заманына келсек, Асан қайғы, одан кейін Махамбеттердің дәуірі бар. Алтайдың, Бөкей ордасының, Маңғыстаудың күйшілері бір төбе. Осы күйшілердің ортасында Сүгір ерекше орын алады. Оны Ахмет Жұбанов та мойындаған. Бірақ әлі күнге Сүгір мұраларының тартылуы аз. Мен өз шәкірттеріме үйретуге тырысып жүрмін. Дегенмен шертпе күйдің шеберіне бұл құрмет әлі де жеткіліксіз. Бір кездері туған жері Созақта Сүгір атындағы музыка мектебі бар еді, сол белгісіз себептен жабылып қалды. Сүгірге ешқандай ескерткіш орнатылған емес. Қара бура әулиенің қасында кішкентай ғана қорым жатыр. Қаңылтырдан жасаған мүсіні бар. Оған үлкен ескерткіш орнатып, Құрманғазы, Тәттімбет байқаулары сияқты күйшінің конкурстары дәстүрлі түрде өтуі керек. Сүгірдің күйі ең көп тартылатын жер Жезқазған облысының, Жаңарқа ауданы. Өйткені Сүгір жаз жайлауға шыққанда Арқаға дейін барып күй шерткен. Әкесі Әлінің сүйегі Жаңарқада жерленген. Мәселен, Ықылас Дүкенұлына өзі тел өмір сүрген Жамбыл, Қарағанды облыстарында екі ескерткіш қойылды. Сүгірге де осындай көзқарас қажет.
- «Сүгір күйлерін қызғанып, жұрт алдында тартпай қояды екен» деген әңгімелер бар. Бұған не айтасыз?
- Бұл жайлы үлкен кісілерден түбегейлі сұрадым. Сүгір ешуақытта күйін қызғанған адам емес. Той-томалақтарда, күйді түсінетін ағайын-туыстың арасында көпшіліктің көңілін қалдырмаған. Мұхтар Әуезовтің алдында таң атқанға дейін шешіліп күй тартқан. Мұхаң «Бір Тәттімбетті таптым» деп қуанып кеткен. Рас, арнайы ұстаз болып, шұқшиып отырып, шәкірт тәрбиелеген адам емес екен. Бір тартады, қағып алса, қағып алды, қағып алмаса, домбырашының өз кінәсі. Оның күйлері әртүрлілеу болып кетіп тұратыны сондықтан. Дегенмен түпнұсқасы бір. Бұл қызғаншақтыққа байланысты емес, жоғарыда айтып кеткендей, кеңестік жүйе идеологтарының шығарған әңгімесі. Әйтпесе, ол кісі 1961 жылы техниканың бар уақытында қайтыс болды. «Сүгір күйлері жетпеді» дегендер сол кезде неге жазып алмапты?! Ахмет Жұбановтың отызыншы жылы шыққан үнтаспасы бар. Ал алпысыншы жылдар дыбыс жазудың дамыған кезі емес пе? Оның шығармаларын ауданның, облыстың, не Алматының радиосы неге жазбаған? Бұл ойланатын мәселе.
- Кейбір күйлерінің Төлеген Момбековке телініп кеткенін қалай түсіндіресіз?
- Төлегенді бір кісі жақсы көрсе, мен жақсы көрер едім. Өйткені мен оған туыспын, ағайынмын. Бірақ әркімнің дүниесі, мүлкі өзіне тиесілі болуы керек. Сүгірдің заманындағы әуен мен оның мақамы бөлек. Ол қобыз бен домбыраны қатар тартқан. Туындылары қобыздай күңіреніп тұрады. Төлегеннің заманына үш қайнаса, сорпасы қосылмайды. Төлегеннің күйлері ойнақы, соғыстан кейін туған «Дариға, сол қыз», «Тос мені, тос», «Сен берген ақ жібек орамал» сияқты дәуірлік әндерге ұқсас. Сүгірдің күйлерінсіз де Төлегеннің өз мұралары өзіне жетіп жатыр. Әрірек шыққан күйлерді аңғаруымыз керек. Бізге осындай әңгімелерге нүкте қоятын, «мынау мынаныкі» деп танып, айырып алатын, музыкалық материал ретінде кімге тиесілі екенін қолмен қойғандай анықтап беретін білікті сарапшылар қажет. Бұдан басқа да бір-біріне телініп кеткен күйлер өте көп. Музыкант ретінде төрелегімді айтып отырмын. Ел арасында кикілжің тудыру маған мақсат емес. Мен күй тартсам болды.
- Кезінде Сүгірдің «Бозінген» күйі кең көлемде талқыланып, авторға тиесілі екендігі дәлелденді. Бірақ неге әлі күнге Қазақ радиосында бірде Сүгірдің «Бозінгені» болып, келесі жолы Төлеген Момбековтің «Бозінгеннің бүлкілі» болып келе жатыр?
- Өз басым осы дау-дамайға қатысқан емеспін. Бірақ білгіңіз келсе, айтып берейін. 20 жасымда Алматыға алғаш келгенде «Бозінген» Төлегендікі болады да, ауылға барсам Сүгірдікі болып шыға келетін. Екі ұдай күй кештік. Шындығына келсек, «Бозінгенді» өте сұлу тартқан әрине Төлеген. Бірақ Генерал да одан кем тартқан жоқ. Файзолла да осал емес. Атабек Асылбеков те, менің әкем де, мен де жаман тартпадық. «Бозінгеннің бүлкілін тартшы» дейді созақтықтар еркелетіп. Бала кезімде құлағым шалған бір аңызға назар аударайық. Сүгірді әкесі Әлі бір рет сынап оған «құлыны өліп қалған биені иіте аласың ба?» деген екен. Содан бірнеше күн булығып жүріп бір күй шығарады. «Телқоңырды» тартқанда жылқының иіп тұрғанын өз көзімен көріп, «не деген құдірет» деп ел таңданыпты. Бұл Тәкен Әлімқұловтың кітабында да жазылған. «Бозінген» де солай. Домбыраның дауысын естіп, ботасы өлген аруана алыстан айналып келетін көрінеді. Осындай деректерді тиісті азаматтар оқып, ескере бермейді. Дәйекті түрде жұмыс істемейтін сияқты.
Мұндай көзқараспен қазақтың дәстүрлі күй өнерінің тарихына қиянат жасаймыз. Төкеңнің «Ұстазымның күйі» деп тартқанын көрген куәлер бар. Тағы да айтам, сүйек жағынан келгенде Төлегенді қорғаштайтын бірден-бір азамат мен болуым керек. Бір рудың баласымыз. Төкеңнің алдында арым таза, адал болған адаммын. Ұстазының күйін аман алып-қалу үшін өз атынан тартқан уақыттары да болуы мүмкін. Мәселен, Үкілі Ыбырайдың «Гәккуі» Мәскеуде өткен онкүндікте Евгений Брусиловскийдікі болып, әлі күнге өз иесіне қайтарылмай келе жатқан жоқ па? Брусиловский ешуақытта «Гәккуді» шығарған адам емес. Менің айтарым осы, өмір бақи осы ұстанымда келе жатырмын, сол пікірімде қаламын.
- Күйшінің мінезі күймен қаншалықты астасып жатады?
- Мен тартатын күйлердің ішінде көңіл көтеретін бірде-бір күй жоқ. Қайғылы, мұңлы. Мен соны тартып, өмірбақи дәстүрін ұстанып келе жатсам, менің бойымда қайбір көңілшектік болуы керек. Аздап өкпешілдігіміз бар.
- Машықтануға қанша уақыт бөлесіз?
- Менде арнайы машықтану деген жоқ. Қазақ күнде машықтанып күй тартты дейсіз бе? Қазақ домбыраны сағынғанда тартқан. Сол сияқты сағынғанда ғана қолыма домбыра ұстап тұрамын.
Әңгімелескен Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ,
«Айқынның» мұрағатынан ықшамдалып алынды