Жанболат пен Жазира: Әрлеушісін таппаған ән тыңдалмайды

Жанболат пен Жазира: Әрлеушісін таппаған ән тыңдалмайды

– Кейінгі кезде сіздерді сахнадан гөрі «Еларнадан», «Бәрі есімде» бағ­дар­лама­сынан жиі көретін болып жүр­міз. «Еларна» таңдауының өзде­рі­ңізге түсу себебі неде деп ой­лай­сыз­дар?
– Бағдарламаның продюсері Арман Сқа­былұлы ағамыздың айтуынша, отба­сымен отырып тамашалайтын бағдарлама болған соң, жүргізушілерінің де соған сай, тату-тәтті жұбайлар болғанын қалапты. Сараптай келе, таңдау екеумізге түссе ке­рек. Әрине, бұл – біз үшін үлкен мәртебе. Ал­ғаш осындай ұсыныспен қоңырау шал­ған­да біз Аралдағы ауылымызда жүр­ген­біз. Ата-ана, ағайын-жұрт тегіс қуанды, шы­ны керек. Бірақ біз «эфирге күллі кө­рер­меннің алдына шығу оңай шаруа емес, «біз оған қаншалықты дайынбыз» деген ойдан жүрексіндік. Қанша жерден ән айтып, сахнаны көріп жүрміз дегенмен, ән­ші жүргізушілікке асқан жауап­кер­ші­лікпен келуге тиіс. Сондықтан біз алдын-ала дайындалып барып келдік. Ән жайлы, өнердегі тұлғалардың өмірі жайлы бағ­дар­ламаны жүргізу барысында өзіміз де көп нәрсе үйрендік.
– Айдындағы қос аққудай сахнада қа­тар жүргендеріңізге сырт көз сүй­сі­неді, бірақ мүмкін жұбайлардың өнерде қатар жүруінің өзіндік қиын­дық­­тары да бар шығар?
Жазира:
– Рас, әншілердің ішінде «әрдайым бір­­гесіңдер, бір-біріңе сенесіңдер» деп біз­ге қызығатындарын айтып салатында­ры аз емес. Саят Медеуов сияқты дос­та­ры­мыз Жанболатқа қалжыңдап: «Әйелің ыл­ғи қасыңда, арқандаулысың ғой, құрдасым», – деп те тиіседі. Жанболатқа қиын болмаса, маған еш қиындығы жоқ (күлді). Бірақ бір нәрсені анық айта аламын, егер Жанболат әнші болмағанда, мен бүгінгідей сахнада жүрмес едім.
– Қалжыңсыз солай ма, Жанболат аға? Егер Жазира әнші болып, сіз басқа саланың маманы болғанда, онда әйе­лі­ңізді сахнаға шығармай, тордағы то­­тының күйін кештірер ме едіңіз?
Жанболат:

– Әйелдің өнерде жүруі мұсылманға, қазаққа жат нәрсе ғой. Сондықтан нағыз қазақтың жігіті ретінде мен де әйелімнің ұдайы ән салып жүруіне келіспес едім. Сондықтан менің әнші болғаным Жазираға қандай жақсы болған (күлді).
– Алғаш Жазираға қалай ғашық бол­дыңыз?
– 23 жаста болатынмын онда. Кімнің де болса көзі түсетіндей сұлу қыз... Оның үстіне бір оқу орнында оқыдық. Әде­мі­лігімен қатар қарапайымдылығы қатты ұна­ды маған. Жігіттің алдында кергіп тұр­май, ер-азаматты сыйлайтындығын көр­дім. Ал жарыңның бойында ондай қа­сиет­тің болуы – басты шарт.
– Студент кезден бірге ән салушы ма едіңіздер? Бәлкім, ішкі үндестікті үндеріңіз арқылы сезінген шығар­сыздар?
Жазира:
– Жалпы, үйде де бауырларым ән айт­са, екінші дауысты алатынмын. Сол әде­тіммен студенттер бас қосып, ән сал­ғанда да Жанболат бірінші дауысты алса, өзімнің қалай екінші дауыста қосы­лып кететінімді байқамай қалады екенмін. Дастарқан басында, көңілді кештерде ән салып жүр­дік. Аралға келін боп түстім, сонда да екеу­мізде тек «сондағы Мәдениет үйінде бірге жұ­мыс істесек» деген арман болатын. Ал­ма­тыға бізді тағдыр айдап келді, әйт­песе, «еке­уміз дуэт құрып, үлкен сахнаға шық­сақ» деген ой бізде мүлдем бол­ған емес.
Жанболат:
– 1994 жылы үйлендік. Жазираны ауылға алып кеттім ғой. Ал онда көбі сол көрші ауылдың қызына үйленетін, сон­дық­тан Алматыдан сұлу келіншек алып бар­ғаным ауылда кәдімгідей үлкен оқиға бол­ды. Бұл – бір, екіншіден, әртіс дегенге «жын-сайтан» деп қарайтын әдет бар ғой қазақта, сол әдетпен ауыл-елдің бізге алғашқы кезде «осы екі әртіс үй боп кетер ме екен өзі» деген көзқараспен қарағаны рас. Жаппай жұмыстан қысқарту болып жат­қан тұс, ауылдан жұмыс табылмады. Содан өзі көкейде Алматы жүрген, осындағы ағам шақыртты да, тартып отырдық қой. «Сонда ауылдан жұмыс та­был­­мағаны да жақсы болған» деп қоямыз кейде.
– Қазір Алматыда, Астанада бол­сын, басты мәселе баспана болды ғой. Жеке баспанаға қолдарыңыз жет­ті ме?
Жазира:
– Осыдан үш жыл бұрын бізге біреулер «Үкіметтенбіз» деп хабарласты. Жоғарыда­ғы­лар біздің әндерімізді ұнатып, тыңдай­ды екен. Соны бір сұхбаттарымызда айт­қан болатынбыз. Артынша үй алдық. Сөйт­­сек, ел-жұрт «Жанболат пен Жазираға Үкі­мет үй беріпті» деп шығарыпты. Шын мә­нінде, үйді біз өз ақшамызға сатып алған болатынбыз. Осы уақытқа дейін ешбір есікті қағып, ештеңе сұраған да, ал­ған да емеспіз. Тіпті күні кешеге дейін «Гүл­дерге» жұмысқа тұрғанша бізде еңбек кі­тапшасы ашылмапты, зейнетақы қо­ры­ның жүрмегендігі өз алдына.
– Екеуіңіз алғаш бірге орындап шық­қан ән қандай еді? Содан бері ән таң­дауда қандай да бір өзгеріс бар ма?
Жазира:
– Менің туған ағам Ербол Байыр­бе­ковтің «Сүйгеніңді бағала» әні болатын. Содан бері «Аллаға шүкір» деу керек, бір­неше ән жаздырып, бүгінде екі бірдей жи­на­ғымызды, төрт бейнеклип шығарып үл­гер­дік. Әрине, өнерде жүрген біршама жыл­да түйген тәжірибеміз бар, ендігіде «мен сені сүйем» болмаса «сені таптым, бір­ге жүрейік» дей беру ыңғайсыз сияқты. Біз­дің ерлі-зайыпты екенімізді ел онсыз да біледі. Ұлымыз он үшке толды. Сондықтан бүгінде философиялық мәні терең, адам­ды белгілі бір ойға жетелейтін ән орын­дайтын кез келген сияқты. Соңғы кездері Шә­кәрім атамыздың «Анадан алғаш туғанда» әнін, сонан соң Мұқағали Ма­қа­таевтың сөзіне жазылған Сауран Елеуовтің «Армысыңдар, адамдар!» әнін орындап жүрміз. Ана, әке жайлы ән іздеп жүрміз.
– Бір-бірлеріңіздің әншілік қырла­ры­ңызды сұраудың қажеті шамалы, ал енді екеуіңіздің отбасында қандай әке, қандай ана екендіктеріңізді бір-біріңізден артық ешкім білмесі анық. Алдымен, Жанболат, сіз айтыңызшы, Жазира қандай жар, қандай ана? Оның қандай қырын сіз өзгелерге үлгі етер едіңіз?
– Ер адамдар, шыны керек, сыртқы ке­йіп танытып, дүрдиіп көрінгенімізбен, кө­ңіл түкпірінде бала болып қала бе­ре­тін­дейміз. Ал әйел –ана, ол – үйдің жоғын тү­гендеп, жыртығын бүтіндеуші. Жазирада сол қасиеттің бәрі бар. Тамағы дәмді, қа­бағы ашық. Мен айтпай-ақ менің анама қоңырау шалып, жиі халін біліп тұрады.
– Мүмкін, мінезінде анаңызбен ұқ­сас қырлары бар шығар, қазақта «ке­лін ененің топырағынан жаралады» деген сөз бар ғой?..
Бұл сұраққа Жазираның өзі еріксіз ара­ласты.
Жазира:
– Менің енеме ұқсағым келеді, бірақ ұқсай алмай жүрмін. Мен бос, көңілшекпін, аңқаулаумын да, енем болса, өте мықты адам: жеті келінді тату-тәтті ұстап отыр. Ешбір баласы не келіні бетіне қарсы келе алмайды. Анасының көзінше балалары бір-біріне қабақ түйе алмайды.
– Есімі кім аяулы ананың, осы тұста атап қойсаңыздар, көңілі бір көтеріліп, мерейі тасып қалсын...
Жазира:
– Маған енемнің атын атауға болмайды ғой...
Жанболат:
 – Қалампыр – анамыздың аты. Әкем 1993 жылы, мен студент болып жүргенде қайтыс болып кетті. Отбасында тоғыз аға­йындымыз. Мен жетіншімін. Әкеміз қай­тыс болған соң, бізді бағып-қағып же­тіл­дір­ген өзі.
– Кімдермен шығармашылық бай­ла­ныстасыздар? Біз осы үнемі әннің ав­торларын атап, ал оны өңдеп, кере­мет етіп шығарған аранжиров­щик­тер­ді ұмыт қалдырады екенбіз.
– Иә, шынында, нағыз еңбек – аран­жи­ровщиктердікі. Әннің тағдыры өңдеу­шіге тікелей байланысты. Қалай қиын де­сеңізші олардың жұмысы! Мен мәсе­лен, ба­ламның ән өңдеуші болғанын қаламас едім. Миға сұмдық күш түсіретін әрі құлақтың есту қабілетіне зиян келтіретін жұмыс. Ал енді қазіргі кезде әнді аран­жировкасыз тыңдау мүмкін емес. Кейінгі кезде­ біздің көптеген әндерімізді әрлеп жүрген ВR style тобының әншісі Руслан де­ген жігіт. Арман Бексұлтан, Ринат Әу­бә­кі­ров­тер, Әсет те әнімізді өңдеген. Ал ең ал­ғаш әндерімізді Дүйсенхан Сыздықов аға­мыз жасады. Осы газет арқылы жоға­рыда аты аталған азаматтарға алғыс айта кет­кіміз келеді.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста