Әлемге аты әйгілі Ванга атты болгар көріпкелі «келер ғасырда адамзаттың санасы өзгеріске ұшырап, жер бетіндегі қақтығыстардың барлығы діни негізде болады» деп жорамал жасап кеткен екен. ХХІ ғасыр басталысымен біз дүниежүзінде орын алған діни бетпердені жамылған қаншама лаңкестік әрекеттер мен конфессияаралық соқтығысуларға куә болып келеміз.
Жаңа ғасырдың екінші ондығы да жаңа діни қақтығыстан басталды. Адамзаттың 30 пайыздан астамын құрайтын христиан дінінің өкілдеріне қарсы тағы бір соққы берілді.
Үстіміздегі жылдың 7 қаңтарында Мысыр елінің Нага-Хамади қаласында Ғайса пайғамбардың туған күнін атап өтуге келген христиандарға мұсылмандар оқ жаудырды. Жеті адам қаза тауып, тоғыз адам әр түрлі жарақат алды. Бұл оқиға діни қақтығыстар тарихының жаңа парағын ашты деуге толық негіз бар. Себебі бұл оқиға Ғайса пайғамбардың туған күнінде орын алған болатын. Ал діни фанатиктер үшін пайғамбарының туған күні ең қасиетті күндердің бірі болып есептеледі.
Мысырдағы христиан дінін ұстанушылардың дені – коптылар. Копт дегеніміз – кәдімгі перғауын заманындағы египеттіктердің ресми ұрпағы. Бүгінде коптылар 80 миллион халқы бар Мысыр елінің 10 пайызын құрайды екен. Бір Каирдің өзінде 163 копт христиандарының шіркеуі жұмыс істейді. Арабтар жаулап алар алдында Мысырда копт тілінің дәурені жүріп тұрған.
Мұсылмандар Мысырды басып алғанмен, бес ғасыр бойы копт тілі өзінің қолдану аясын тарылтпай келді. Дегенмен басқыншы халықтың көптігінің арқасында бұл көне тіл бүгінде тек шіркеулердегі діни-наным рәсімдерін өткізетін тілге айналды.
Інжіл тарихында коптылар Ғайсаның ең алғашқы ізбасарлары болып есептелінеді. Сондықтан әлем христиандарының коптыларға деген құрметі ерекше. Сол себептен де 7 қаңтарда орын алған лаңкестік әрекет күллі христиан әлемін дүр сілкіндірді. Ал Ислам дінін ұстанушы фанатиктердің санасын Құранда айтылатын мұсылмандар мен христиандар арасындағы соғыстың елесі кезіп кеткені даусыз. Бұған дейін де Мысырдағы коптылар мен мұсылмандар арасында көптеген қақтығыстар болып тұратын. Алайда Рождество мерекесі кезінде адам қазасы әлі орын алмаған еді. Мысырдың оңтүстігінде бүгін күн сайын жаңа қақтығыстың жаңғырығы әлемге дыбыстың жылдамдығымен таралуда.
Мысыр елінің ресми билігі басқа араб мемлекеттеріне қарағанда толеранттықты, ұлт және дінаралық келісімді насихаттаумен келеді. Хосни Мубарак үкіметі коптылардың тарихи жәдігерлерін сақтап қалуға, олардың діни наным-сенімдеріне еркіндік беріп, Қазақстандағыдай Рождество мейрамын мемлекеттік мереке ретінде жариялағанмен, қоғамның 80 пайызын құрайтын мұсылмандар ішіндегі радикалды топтардың мұндай әрекеттеріне тосқауыл қоя алмай келеді.
Қай діннің өкілі болмасын, адам баласы ғарышты, табиғат атаулыны бір ғана Тәңір жаратқанын біледі. Қасиетті кітаптардың барлығында да осы бір ғана ақиқат уағыздалады. Жаратқан үшін қай тілде, қай дінде иманға келгеніңіз бәрібір. Себебі ол ешқандай дін мен тілге мұқтаж емес. Жаратушы үшін жан мен рухтың салған асқақ әні керек. Өкінішке орай, алып ғарышта кішкентай тозаң құрлы жоқ Жер планетасының тұрғындары әр түрлі, бірақ түбі бір діндерге бөлініп, қантөгіске жол береді. Бұл ақыл-ойы мен технологиясы дамыған адамзаттың соңғы уақыттағы бірінші кезекте тұрған өткір мәселесі.
Қаншама соғыс пен қоғамдық катаклизмдерден аман шыққан адамзат гуманизм мен толеранттықты дәріптейтін заманға жетті дегенімізбен, осындай қисынсыз қақтығыстардың арқасында қисабы жоқ құрбандықтарға алып келеді.
Біздің дәуірімізге дейін 1368-1351 жылдары Мысырды билеген Аменхотеп ІV перғауын әр түрлі пұтқа жалынып жүрген отандастарын бір құдайға, яғни Атонға табынуға шақырды. Бұл ежелгі өркениеттердегі монотеизмнің бастауы немесе бір Тәңірге бағынуға қарай талпынған алғашқы қадам болатын. Дінаралық түсінбеушіліктен бір құдайға табынушылық елде тыныштық пен келісімді орнатып, ежелгі Египетті ең үздік патшалықтардың қатарына шығарды.
Қоғамда ұлтаралық және діни толеранттықты сақтау өте қиын, алайда Жер бетіндегі әр мемлекеттің жаңа замандағы басым мақсаты осы болуы тиіс деп есептейміз.