Астана қаласында отандық білім жүйесінің жетістігін айшықтайтын «XXI ғасырдағы білім және ғылым – 2011» атты көрме болып өтті. Осымен сегізінші рет өткізіліп отырған халықаралық деңгейдегі көрмеге отандық білім беру мекемелерінен басқа, Германия, Чехия, Швейцария, Өзбекстан елдерінен барлығы 60 білім беру құрылымы келіп қатысты.
Бұл көрме Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен өмірге келген. Дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп тұрады. «Көрменің басты мақсаты – білім беру жүйесінің барлық сатылары мен заманауи технологиялары, оқыту құрылғылары, жаңа бағдарламалар және оқыту-әдістемелік кешендерді пайдалану, сондай-ақ жас мамандар білімінің тәжірибелік қолданысына көмек көрсету салаларындағы жетістіктерді көрсету», – дейді шараны ұйымдастырушылар.
Көрмеге 29 қазақстандық және сегіз шетелдік жоғары оқу орны өз жетістіктерімен келіп қатысып отыр. Солардың бірі – Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті. «Университетімізде түркітілдес халықтардың 26 елінен келіп оқып жатыр. Студенттеріміз қазақ, түрік, ағылшын тілінде білім алады. Еліне бір рет тегін барып келеді. 16 мың теңге көлемінде стипендия төлейміз. Былтыр қыркүйек айында Италияның Болон қаласындағы Ұлы Болон хартиясына қол қойып, Еуроодақтың қазіргі деңгейдегі оқу үрдісіне кіріп жатырмыз», – дейді университеттің халықаралық қатынастар бөлімінің меңгерушісі Сауранбек Жамалбеков.
Бүгінде аталмыш оқу орнының құрамында Түркістан қаласының жастарын жұмыспен қамту мақсатында құрылған арнайы мамандандыру оқу орталығы бар екен. Бұл орталық 1998 жылы Түркия Республикасының Ұлттық білім беру министрлігі мен Халықаралық қазақ-түрік университетінің арасында жасалған ынтымақтастық туралы келісім негізінде құрылған. Онда 11 мамандық бойынша 3000-нан аса оқушы білім алып жатыр. Университет көрмеге осы арнайы мамандандыру оқу орталығының оқушыларының қолынан шыққан өндірістік жаңалықтарды алып келіп отыр. Олар – шағын автокөлік пен толықтай күн сәулесімен жылытылатын киіз үй. Үй ішіндегі тұрмыстық заттардың барлығы да күн энергиясымен жұмыс істейді. Бұларды оқу орнының қаржы мәселесі жөніндегі вице-президенті Илхами Буралдың өзі таныстырып өтті. «Орталықта слесарь дайындайтын үйірме бар. Бұл шағын көлік – осы үйірме шәкірттерінің туындысы. Сағатына 60 шақырымдық жылдамдықпен қозғала алады. Әзірше жанар-жағармай арқылы жүреді. Шәкірттеріміз болашақта осы көлікті күн энергиясымен қозғалтатын қозғалтқыш жобасын жасап жатыр», – дейді ол.
Жаңа технологиялар «жарысы»
Последние статьи автора