Ұлыстың ұлы күні – қайырымдылық, мейірімділік жасайтын, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беретін мереке. Осы мейрам қарсаңында «Қазақстан» телеарнасы «Жан жылуы» бағдарламасының 5 жылдық жұмысын қорытындылап, қайырымдылық концертін өткізуді қолға алып отыр. Нақтырақ айтсақ, бұл концерт наурыздың 14-і сағат кешкі 19.00-де Астана қаласы «Қазақстан» орталық концерт сарайында өткелі жатыр.
Онда бағдарламаның арқасында өмірінде үлкен өзгерістер болған кейіпкерлер келіп, өздері баяндап береді. Және олардың бұған дейінгі өмірлерінен бейнекөріністер көрсетіледі. Естеріңізге сала кетсек, солардың бірі Алматы облысы, Райымбек ауданы, Сүмбе ауылының тұрғыны Дидар Қайыпов болатын. Тепсе темір үзетін осы бір жап-жас жігіт кенет жазымға ұшырап, денесінің 80 пайызын күйік шалған болатын. Сондай-ақ келесілері тағдырлары өте ұқсас үш жасар Аружан Оразбекова мен 12 жастағы Рамазан Есмағамбетов. Екеуі де туғаннан кальций жетіспеушілігінің зардап шегіп, соның салдарынан небары үш жасқа дейін Аружанның аяғы 30 жерден, ал Рамазанның тіпті дене сүйектері 50 жерден сынған. Және жарық дүниеге сап-сау боп келіп, тек енді ғана қылығы шығып жүгіріп жүрген сәтінде анасының көзін ала бере, қайдан тапқаны белгісіз, марганцовка ұнтағын жұтып қойып өңешін күйдіріп алған Әсет есімді бүлдіршін. Осылардың барлығын біз «Жан жылуы» арқылы көргенде жан-жүрегіміз езіліп, тіпті мейірімділеріміз қолымыздан келген көмегімізді көрсетуге кірісіп те кетіп едік қой. Соның нәтижесінде өртеніп, дәрігерлер «адам болмайды» деп «жаназасын» шығарып қойған Дидар Қайыпов қайырымды, жүрегінде ізгілік шуағы мол жандардың көмегімен емделуге 7 мың АҚШ долларын жинап қана қоймай, Алматы облысы әкімдігі тарапынан баспанаға қол жеткізіп, мемлекеттік тегін протезге ие болды. Тіпті Дидар қазір орнынан тұрып, үйленгелі жатыр. Сондай-ақ бордай үгітіліп бара жатқан үш жасар Аружан мен 10 жастан енді ғана аса берген Рамазан, яғни, тағдыры егіз екеу де Мәскеуге барып емделіп, өздігінен отырып, тіпті Аружан жүре алатын да халге жетіп отыр. Айта кету керек, Аружанға көмек қолын созған «Жас Отан» жастар қанаты. Олар қайырымдылық концертін ұйымдастырып, алты миллион теңге қаражат жинап берген. Ал Астана қаласы әкімдігі Рамазанға екі бөлмелі пәтер сыйлаған. Қазір ол үйден болса да сабақ оқып жүр. Ал жалпы осы бес жылда «Жан жылуы» бағдарламаның мұрындық болуымен жетімдер үйінен 20 бала отбасына барып, жаңа ата-ана тапса, 13 бала шет елде ем алып, аман-есен елге оралды. Ал үйсіз-күйсіз жүрген 8 отбасы баспаналы болған.
Осыларды өз көзіңізбен көргіңіз келсе, наурыздың 14-і күні сағат кешкі 19.00-де Астана қаласы «Қазақстан» орталық концерт сарайында өтетін«Жан жылуы» қайырымдылық концертіне келіңіз. Концерт тегін. Есесіне сіздер үшін бұл кеште Гүлнұр Оразымбетова, Досымжан Таңатаров, Бақыт Шадаева, Ардақ Балажанова, Жаңабай Өтегенұлы, Майра Ілиясова сынды қазақ эстрада жұлдыздары ғана емес, сонымен бірге мүмкіндігі шектеулі жандардан құралған «Қоларбадағы бишілер» тобы мен «Шашу» отбасылық ансамблінің қайталанбас өнерін тамашалайсыздар. Кеш қонақтары қатарында қоғам қайраткерлері, депутаттар мен кейіпкерлерге көмек берген меценаттар, БАҚ өкілдері, өнер жұлдыздары болады. Ал концерт соңында тағы бір көмекке мұқтаж бүлдіршінге қайырымдылық көрсетіледі. Яғни, қаласаңыз сіздің де кеудеңіздегі мейірім, шапағатыңыз осы кеште көңіліңіз қалаған жанға көмек қолын ұсынудан ерекше шабыт алатын болады. Ал ол қайырымыңыз абайсызда марганцовка ұнтағын жұтып қойып, өңеші күйіп қалған төрт жасар алматылық Әсет Жиенбековке көп көмегін тигізетінін ұмытпағайсыз.
«ЖАН ЖЫЛУЫНА» БЕС ЖЫЛ
Последние статьи автора